---
title: "Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл"
description: "Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауы..."
author: "ayagoz.vko.nurotan.kz"
published: "2020-12-28T04:25:58+00:00"
modified: "2020-12-28T04:25:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bauyrzhan-momysh-lyny-tu-anyna-110-zhyl-902910"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bauyrzhan-momysh-lyny-tu-anyna-110-zhyl-902910/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл

> Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауы...

Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды. Ол 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Бала Бауыржан үш жасында анасынан айырылып, әжесінің тәрбиесін көріп өседі. Ал 19 жасында тоғыз жылдық мектепті бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол аудандық атқару комитетінде де бірнеше қызмет атқарған. 1932 жылы әскерге шақырылып, Орта Азия әскери округі 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші тау атқыштар полкына курсант ретінде қабылданады. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы полк мектебін, артиллериялық әскери училищені бітіріп, офицер атанады. Осылайша, ол Отан алдындағы борышын өтеп, запасқа шығарылады. 1936 жылдың наурызында Қызыл әскер қатарына екінші рет шақырылып, Қиыр Шығыс армиясында әскери борышын өтеді. 1940 жылдың ақпанында Бауыржан Момышұлы Киев Арнайы әскери округіне ауыстырылды. Ал 1941 жылғы қаңтарда Алматыдағы Орта Азия әскери округіне ауыстырылып, Қазақ КСР республикалық әскери комиссариатының әскерден тыс дайындық аға нұсқаушысы болып тағайындалды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін округте генерал-майор И.В.Панфиловтың қолбасшылығымен 316-шы атқыштар дивизиясы жасақталғанда, маусым айының соңында аға лейтенант Б.Момышұлы 1073-ші Талғар атқыштар полкының батальон командирі болды. Тамыз айының соңында дивизиямен майданға аттанған.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bauyrzhan-momysh-lyny-tu-anyna-110-zhyl-902910](https://yvision.kz/kk/post/bauyrzhan-momysh-lyny-tu-anyna-110-zhyl-902910)