---
title: "Батырлар мен әулиелер заманы"
description: "\"Құрап жанды көп жиып, өз алдына ел қылған\" Мәметек батыр мен Бабық Баба туралы. chapter 1. Ат..."
author: "Masa77"
published: "2020-06-16T07:34:43+00:00"
modified: "2021-08-12T09:40:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/batyrlar-men-ulieler-zamany-858731"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/batyrlar-men-ulieler-zamany-858731/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Батырлар мен әулиелер заманы

> "Құрап жанды көп жиып, өз алдына ел қылған" Мәметек батыр мен Бабық Баба туралы. chapter 1. Ат...

"Құрап жанды көп жиып, өз алдына ел қылған" Мәметек батыр мен Бабық Баба туралы.

chapter 1. Ата–жұртымыз - Барқытбел-Тарбағатай, Құлыстай.

Қазақ тарихының айнымас бір бөлігі – Іле Алатауы, Тарбағатай, Алтай тауларының күнгейін Әлмисақтан бері қазақтар мекендейтін аймақтың тарихы болар. Негізінен, бұл өңір - Түркі дүниесінің ата мекені, әлемдік тарихнамада «Шығыс Түркістан» деп аталатын саяси-жағырапиялық аймақтың солтүстік бөлігі. Кеңес дәуірінде өскен қазақтың санасында бұл - «қытай жері Синьцзян, Шынжаң» (қазақшаға аударғанда «Жаңа Жер», орыс санамыздағы клишелерге теңесек - «Целинный край» болады).

Орыс пен қытай бәлшебектеріне «Түркістан» деген ұғым қашанда қорқыныш, үрей туғызады, сондықтан олар бұл атауды тарихи, саяси, жағырапиялық, тіпті, әдеби, қоғамдық айналыстан алып тастап, «ұлтшыл, фашист» сияқты «қарғыс атауларға» айналдырғысы келеді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/dbd7a87532aedf586112b5cec7881e.png)

Шығыс Түркістан картасы.

Орталық Азияның дүлей тарихының ағысында бұл аймаққа XVI-XVII ғасырларда қалмақтар иеленді. 1755 жылы Жоңғария жойылғаннан кейін бұл өлкеге көне түріктердің тікелей ұрпағы қазақтар қайтадан қоныстана бастады. Қытай Еженханы Цянь Лунның қаһарлы бұйрығына қарамай Алтай, Іле, Тарбағатай аймағын қазақтардың ірі тайпалары наймандар мен керейлер толығымен иелене бастайды. Қазақ – жоңғар соғысынан кейін Қабанбай батыр түсінде наймандар елі талтүстен Алатау мен Балқашқа дейін, батыста Ұлытау мен осы күнгі Жезқазғанға дейін, шығыста Тарбағатай-Сауырдан Алтайдағы Марқакөл мен Маңыраққа дейін созылып жатты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/f308abfb1eb8842a09ca46c516efe3.png)

ХIХ ғасырда Орыс пен Қытай шекараны бөліскенде Найман Қаракерейдің үлкен бір бөлігі, Төртуылдың дені Қытай жағында қалып қояды. Менің аталарым Мәметек-Жұмық балалары қай заманнан Барқытбел, Барлық, Майлы тауларын, оның етегіндегі, әкем айтқандай, «түгін тартсаң майы шығатын» Құлыстай деп аталатын ұзындығы екі жүз шақырым, ені жүз елу шақырымға созылып жатқан кең өлкені қашан мекендей бастағанын қазір дәл айту қиын. Жұмықтың немересі Жақсылықтың баласы Мәметек батыр Теріскейде, Қызылсу-Шардың бойында жерленген болса, Мәметектің немересі Бабық Баба кесенесі Күнгейдегі Жайыр тауының жазығында орналасқан.

chapter 2. Мәметек Батыр.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/c065c27289a1702410dfa2f87487fe.png)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/1750065e0357374de8589a68afcb1c.png)

Мәметек батырдың Қызылсу-Шар өзенің бойындағы зираты.

Мәметек батыр Жақсылық ұлы 2013 жылы Қытайда шыққан дерекнаме шежіре кітабы бойынша 1712 жылы дүниеге келіп, 1796 жылы дүниеден өткен. Аз ғұмыр кешпеген. Жорық пен майданға толы сексен төрт жыл. Ақтамберді жыраудың замандасы, серіктесі болған. Екеуінің бақилық орындары да бір-бірінен алыс емес. Біреуі Шар өзенінің бойында, екіншісі – Шыңғыстаудағы Жүрекадыр жотасына жерленген. Арасы небәрі жүз – жүз елу шақырым. Етектес жерде тұрып, бір жауға қарсы соғысып бірін-бірі білмеуі мүмкін емес болар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/e24124d3102030a8e39d2d1c316bc4.jpg)

Ақтамберді жырау (1675 - 1768).

Мәметек Ақтамбердідей ақындығы болмаса да, бүкіл Найманға танымал, қазаққа танымал қол бастаған батыр болған. Ақтамберді айтқандай «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Садақтың оғын мол салып, Майданда дабыл қақтырып, Қол төңкеріп, жол бастап, Ерлердің жолын аштырып, Атасы басқа қалмақты, Жұртынан шауып бостырып - Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылып», Барқытбел тау мен Зайсан көлді жайлатқан болып шықты.

Ұрпақтары айтқан екен: «Cұрасаң арғы атамыз Мәметекті, Ер еді кеңпейілді, кең етекті». Сол атамыз 1796 жылы сексеннің ортасына тақаған шағында Қызылағаш деген жерде дүние салып, сүйегі Қызылсу-Шар өзенінің бойында қойылыпты. Теріскейдегі Ақжар – Зайсан жұрты Мәметектің әруағын сыйлап, оны әлі күнге дейін пір тұтып, әулие қатарына жатқызады екен. Қызылағаштан Шарға дейінгі соңғы сапарында атамыздың мәйіті жолдағы Болатсу өзенінің бойында аманатқа қойылып, сол жерге қадалған төрт тал қадақтан қалың тоғай тараған. Жұрт ол тоғайды “Әулие тал” деп атап, бір шыбығын кеспей қастерлейді екен. Осы күнге дейін жанынан өткен жолаушы аттан түсіп, ақ байлап, жаяулап өтеді.

Қазақтар ерді, батырды әулие деп пір тұтқан заман болды ғой ол кез.

Мәметек батыр атамыздың кіндігінен тараған ұрпақтан ел арасына танымал әулие деп аталған киелі адамдар аз болмаған.

chapter 3. Буратай - Бабық.

Мәметектен кейін ел иесі – Ноқта ағасы - екінші ұлы Буратай батыр болған. Одан тараған ұрпақ аналарының атымен Буратай-Дәніш, Буратай–Құлшын және Буратай-Құндыз деп бөлінеді. Құлшын мен Құндыз апалы-сіңлі, әкелері қалмақтың атақты батыры жекпе–жекте Буратайдан жеңіліп, қыздарын өтеуіне берген. Көз тоймайтын сұлу болғандықтарынан Буратай батыр екеуін де тоқал қылып алған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/ac09a3afeaad89f3b4dd7d109db8f2.png)

Құндыздан туған үлкен ұл Бабық, батыр емес, Баба атанып, аты Шығыс Қазақияға мәшһүр болған тұлға.

Бұл кезде қазаққа батырдан бұрын әулиелер қажет заман туды.

Тарихқа жүгінсек, Құрбанғали Халидтің "Бес тарихын" оқысақ, Қабдеш аға Жұмаділовты тыңдасақ, XVII ғасырдың аяғында - XVIII ғасырдың басында, жаугершілік, үркіншілік заманынан кейін қазақ даласында жұрт дінінен ажырап қалудан аз алдында қалған екен. «Ораза намаз тоқтықта», - деп бекер айтылмаған болса керек. Жұрт дінінен ажырағаны сонша, өлген адамға жаназа оқитын адам шықпай, балалардың насыбайын шертіп сүндетке отырғызатын адам табылмайтын заман туыпты.

Жалпы, қазақ-жоңғар соғысының көпшілік көп мән бере бермейтін тұсы бар. Ол ділдік, діни тұсы. Бұл, еуропа тілімен айтқанда, civilization war – өркениеттік те сипаты бар соғыс болды. Екі дін, дүниеге екі көзқарастан туған жойқын қақтығыс. Бұл –қалмақ пен қазақтың жайылым жер үшін ғана шайқасқан соғысы емес. Қалмақтарды құтыртып қазаққа алғаш қарсы қойған Далай Лама (Бесінші) болыпты. Ол діни сақаның түпкі мақсаты – қазақтардың дінінен бездіріп, сары уайымға батырып, терісін болмаса да басын айналдырып сары дінді* сара қалмаққа айналдыру. Қол астындағы қалың қалмақты осы мақсатқа бағыттаған билеушіні ғана Дала Лама мойындап, қуаттап, хан деп танып, оған Эрдни (буддизмнің жақұты, асыл тасы) атақ беріп отырған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/4a60cd4f0453969b417a5ca01c90ab.jpg)

Далай Лама Бесінші

*Сары дін (yellow religion, желтая религия) – қалмақтар қабылдаған буддизмнің Гелуг бағыты (мактабы).

Қазақ-калмақ қатынастарын алғашқы болып зерттеген (деуге болады) алман (неміс) ғалымы Г. Ф. Миллер жинаған «Извлечения из фондов Сибирского приказа, Тобольской архивы, Иркутской приказной избы, (1687-1700 годы)» деген топтамада 1691 жылғы наурыз айынын 261 нөмірлі құжатында (допросные речи) баданадай қылып былай жазылған:- Орыстың «стольник и воеводасы» Леонтей Кислянский қалмақ (зюнгар) елшілерінен: Сендердің осы «Казачья Ордада» не әкеңнің құны бар, не себептен және қашаннан бері соғысып жатырсындар? - дегенде, жоғарғы лауазымды қалмақ елшілерінің жауабы мынадай болады: - Соғысқанымызға он жылдай болды. Қалмақ пен қазақтың діні бөлек. Бошұқту хан мен оның қалмақ жұрты Далай Ламаға табынады, ал Қазақ Ордасы қырымдықтар сияқты Мұхамедке сенеді. Бошұқту хан талай рет оларды өз дініне шақырды, бірігіп пұтқа табынайық, - деді. Қазақтар оған көнбеді. Осы үшін арамызда ғаламат жойқын соғыстар басталды. Біз сол ұрыстарда қазақ ханының баласы Сұлтанды алып, оны Далай Ламаға жібердік. Ол казір Далай Ламаның мырза қамағында отыр.

(Орысша тұпнұсқасы: "Назад тому лет з 10. Верами де они, калмыцкой Бушухту хан и Казачья Орда, разны: Бушухту хан де их с калмыки и с ыными Орды верует в Далай ламу, а Казачья де Орда верует особливо по крымски в Махмета, обрезываютца по бусурменски. И посылал де Бушухту хан в Казачью Орду, чтоб они сьединачились и веровали с ним, калмыцким Бушухту ханом, и с ыными Орды в одного Далай их ламу. Оттого де с ними учинилась и ссора, потому что они не похотели по калмыцки в Далай ламу веровать. И за то де у них были бои великие, и на тех де боях взяли Казачьи Орды владельцова ханава сына, имя де ему Солтон, и взяв де ево, салтона, отослали к своему Далай ламе. И тот де салтон и доднесь у Далай ламы и живет").

Тәуке ханның ұлы Далай Ламада аманаттықта болып, оны пұтқа табынуға үйрете бастағандықтан Тәуке баласын алдыртып, онымен бірге еріп келген бес жүз қалмақты қырып салған. Қасіретке толы «Алқакөл сұлама» соғысы осыдан басталған. Бұл туралы менің орысша жазғандарымнан оқуға болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/ce3d79f6d465e5e546ddc03ea9f85a.png)

Қалмақтар құрығаннан кейін қазақ даласына зеңбіректерін сүйретіп орыстар келді. Зеңбіректермен еріп поптар да келді. Айталық, Аягөз-Сергиопольда бекініспен бірге "қасиетті Сергий Радонежскидің" құрметіне дәу шіркеу салынды. Қоңырауларының дауысы даланы басына көтеріп, жұртты алаңдатты. Осы уақытта атақты Найманның биі Ақтайлақ Байғара ұлы ортаншы ұлы Кеңесбайды Қоқанның құзіретіндегі Түркістанға жіберіп, Ғ.С. Мұхамед пайғамбардың жиені Сейт қожаның кіндігінен тараған қырық қожаны Арқаға көшірген болатын. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтың арғы атасы Бердіқожа, Мұхтар Құл Мұхамедтің бабасы Сейтқұл Сеидтер болған. Ақтайлақ бидің мақсаты не? Қазақтың мұсылманшылдығын сақтап қалу.

Әсірелеп болса да нақтылап айтқанда, қазақты аман алып қалатын тек білектің күші мен найзаның күші ғана емес, казақи исламдық сана болатын. Найманның Ақтайлақ биі осыны түсінді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/d52a7e69085f37a19419232a52dc3c.png)

Ақтайлақ Би (1720-1816)

Найманның тарихына, оның ішінде Байжігіт (менің аталарым) шежіресіне үңілсек, ел ішінде кеңінен тараған мәлімет бойынша Байжігіттің әкесі Тоқтар қожа ислами пірәдар, діндар адам болған екен. Ертерек заманда, Ақсақ Темірдің тұсында. наймандардың бір бөлігі Шудың бойына мекендегенде, сол жердегі найман бегі Байторы-Байыстың қызы осы Тоқтарқожаға ұзатылған. Ел аузында сақталған сөздер бар: Тоқтарқожа Байжігіт / Бұрынғы өткен бабамыз / Шежіреге қарасақ / Төрт Байжігіт арамыз – Жұмық, Тоғас, Бай Мәмбет, Қарақұрсақ боламыз, Үйрек ұшып, Қаз қонса, Сарқылмаған сабамыз... (1944 жылы қытайлардың қолынан қаза тапқан Әлімғазы болысты қызы Гүлғасыл осылай жоқтаған). «Әлімғазы – Шайбек (Сайбақ) ханның он бесінші ұрпағы», - деп жазады зерттеуші Балхаш Бафин. Шайбақ ханның ұрпақтары Тоқтарқожа мен Толымқожа Ақсақ Темірдің каһарынан қашып наймандарды паналап, сол елге сіңіп, Тоқторқожаның ұлы Байжігіттен Найман елінің үлкен бір тармағы тараған. Найман ортасынан шыққан белгілі тарихшы Құрбанғали Халидтің сөзімен айтқандай «Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда, жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әр түрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен». Бұл жерде шежіре әңгімеге көп тоқталмайын, арнайы «Найман, Арғын қосылса...» атты шежіре тарауымда айтылған, соны қараңыз. Айтайын дегенім, найман елінде батырлық пен оқымыстылық, діндәрлық бірге жүрген.

chapter 4. Бабық Баба.

Ата дәстүрімен білім қуған Буратайдың ұлы Бабық Қашқарға барып Накшбандия орденінің Ақтаулы қожаларынан дәріс алған ба, Сеит қожалардан да оқыған ба, ел есінде, ұрпағының жадында Бабық Баба атымен қалып, далалық сопылық ілімін жетік меңгерген ғұлама болып шықты. «Баба» - діни ортада, сопылардың (суфийлердің) арасында рухани дәрісті (spiritual practice, духовная практика) жетік меңгерген ғұламаға берілетін өте жоғары лауазым (статус). Баба - діни қауымның рухани ұстазы, пірі (Пир). Ондай қасиеттерді бойынан көрген адамды қазақ қашанда әулие таныған.

Күнгейдегі найман елі осы күнге дейін Бабық бабаны кие тұтады. Жайыр тауының жазығындағы Бабық кесенесі бертінге дейін жұрт зиярат жасайтын орын болған. Бүгінгіге дейін бала көтермеген әйел Бабаның басына барып мал сойып, мойнына бұршақ салып, түнейді. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, дімкәс адамды, шалыққан бейкүнәні, тіпті, ауырған малды да баба басына алып барып ұшықтаса, құлан-таза жазылып кетеді екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/82747dd7071873117aa960636d5dcd.png)

Бабық Баба кесенісінің орны.

Сопылардың (суфийлардың) дағдысы бойынша олар білгенін, үйренгенін шәкіртіне кітап арқылы емес, тікелей рухани сабақ, дайындық-практика арқылы беріп отырған. Сондықтан суфийлер ілімі құпия таным. Сондықтан оларды еуропа дінтанымында initiate (посященный) дейді. Сондықтан олардың тәжірибесі secret, ешқандай кітаптан үйрене алмайсың. Қазақ даласында ең әйгілі бабалар – Арыстан Баб пен Бекет Ата (Баба). Арыстан Бабаның шәкірті Мұхамед Йассауи дүйім жұрттың алдында жүз метр биіктікке көтеріліп шалықтап тұрған. Жүздеген адамдар көрген. Бұл ертегі емес, spiritual practic-тің нәтижесі. Әңгіме бұндай адамдардың жұртқа көрсеткен «ғажайыптарында» емес, олардың халыққа рухани әсері, адамгершілігінде, адамсүйгіштігінде болса керек. Сондықтан қазақ оларды әулие, киелі, пір деп айтқан.

Алатын адамға Аллаһтың берері көп, құдыреті шексіз!!!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/961ef16789625c90e6152ffcfecf7a.png)

Қалай болғанда да ата бабамның арасында осындай халық пір тұтқан адамдар аз болмаған. Бабықтың төрт баласының ішіндегі үлкенін де қауым «Қасбақ әулие» деп атап, сол атымен тарихта қалды, ол кісі туралы да ел аузында қалған әңгімелер аз емес.

Қасбақтың екі ұлы болған - Шандаяқ және Сәлменбай. Үлкені Шандаяқ – менің үшінші атам. Шамасы XIX ғасырдың қырқыншы жылдары туған. Бұл кезде жаугершілік заман артта қалған, ислам діні ел арасында кең орын алып, бекіген.

Шығыс Қазақия бүл заманда әлі Шыңжаңға кірмейді. Найман мен Керей шеңгі-губерниялары (省,shěng) тікелей Бейжіңге, Еженханға бағынады, азды-көпті салығын төлейді, бір сөзбен айтқанда, шағын автономиялық хандық ордалар. Сондықтан кейбір қытай деректерінде Төрт Би Төре, Керей Көгедай Ордасы және Іле Әскери Губерниясы деп те аталынады. Ал Шинжияңға (新疆, дұрыс оқылуы осындай) ол кезде Қашқар, Ақсу және Үрімжі аймақтары ғана кіреді. Осындай жағдай 1920 жылға дейін сақталған. Соңғы Цинь императоры Пу И тақ пен бақтан айрылғаннан кейін ғана қазақтарды Үрімжіге бағындыру басталды.

Күнгей қазақтары жиырмасыншы ғасырдың басында біріңғай өз қауымымен, өз бетімен (қытайлармен ұлықтары ғана араласты), ата дәстүрімен, мал жинап, ғасырлар бойы көп өзгермеген үйреншікті ғадетімен жазы жайлауда қысы қыстауда тұрмысын кешіп жатты. Әкемнің айтуы бойынша Шаңдаяқ атам орта дәулетті, момын, еңбекқор, малтабар жан болса керек. Діндарлығы бір өзіне ғана емес, маңайындағы жұртқа да жеткілікті. Имани шарттардың бәрін орындап, орта жастан асқанда Меккеге қажылыққа баруды ниеттенеді. Қазақтың түсінігінде мұсылман баласының бұл харакеттегі негізгі шарты – пенде өз еңбегімен, өз тақауытымен тапқан қаржыға баруға міндетті. Малының жартысына тақауын сатып, 1901 жылдың көктемінде атамыз жолға шығады. Жарты жылдай ұзақ сапар шегіп, қауып-қатерге шыдап, аман-есен Мекке-Мәдинеге жетіп, сауапқа иеленеді де, сол киелі мекенде, Қабдеш-аға Жұмаділов жазғандай, «тілеуі қабыл болып», мәңгілік орын табады. Бірге барған Құрбан қажы жазғытұрым қой қоздап жатқанда, яки 1902 жылдың көктемінде ел-жұртқа оралып, отбасына атамыздың тәбәрігін табыстағанда айтқаны: «Мәкке-Мадинада Хауа Ана, Адам Ата атымен үш зират бар. Сонын ортасындағы зиратқа қойдық». Атамыздың жаны пейіштің төрінде болғай!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/7cb15f5eaa468b79c227e502dbd8ab.png)

Мекке, 1900 жылғы рәсім.

(Жалғасы бар).

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/batyrlar-men-ulieler-zamany-858731](https://yvision.kz/kk/post/batyrlar-men-ulieler-zamany-858731)