---
title: "«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?"
description: "Тұрмысқа шықпаймын, одан да бойдақ болып жүре беремін арғымақтың үстінде құстай самғап, жебем көкке..."
author: "aliziyadin"
published: "2012-06-21T08:55:26+00:00"
modified: "2012-06-21T23:21:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/batyl-zh-rekke-barasy-ba-aza-tilinde-k-resi-be-271289"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/batyl-zh-rekke-barasy-ba-aza-tilinde-k-resi-be-271289/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?

> Тұрмысқа шықпаймын, одан да бойдақ болып жүре беремін арғымақтың үстінде құстай самғап, жебем көкке...

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/982c4c.jpg)

**Тұрмысқа шықпаймын, одан да бойдақ болып жүре беремін арғымақтың үстінде құстай самғап, жебем көкке жетсін деймін...** *Мериданың әкесі король Фергюс* *

**Стив Джобс** кезінде бас болған **Pixar** студиясы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бірдей қызықты болатын кезекті туындысын елге ұсынып отыр. Бұл жолғы фильм біз үшін алабөтен ыстық, себебі «**[Батыл жүрек](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» (**Храбрая сердцем**/**Brave**) прокатқа **қазақ тілінде** шықты.

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/d774b2.jpg)

Жіберген жебесі нысанаға дәл тиетін, ат құлағында ойнайтын, күйеуге шыққысы келмейтін **Фергюс** әкесінің ерке қызы **Мерида** ойламаған жерден басына бәле тілеп алады. Орманда жарқырауық қуып жүріп әлдебір мыстан кемпірдің арбауына түсіп анасынан жартылай айрылып қалады – **Элинор** патшайым аюға айналып кетеді. Әкесінің қорбаңбай көрсе өре түрегелетінін білетін қыз қайтсем жағдайды түзеймін деп жүріп түрлі оқиғаларға тап болады.

Бұған дейін «**[Көліктер 2](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=49:-2&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» және «**[Қара киімділер 3](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=827:q--3q---&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» мемлекеттік тілге аударылып, бас изеуі бар, таңдай қағары бар, бас шайқары бар біраз әңгіме-таласқа арқау болған-ды. Бірақ, «**[Батыл жүрек](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» қазақтілді аудитория үшін ерекше болатын сыңайлы – мендік пікір **Walt Disney Pictures** пен **Pixar Animation Studios** өнімі сәтті дубляждалған деп отыр. Жасанды сөйлемдер мен бейтаныс тіл оралымдары біршама сейілген, бұрынғыдай тіксініс туғыза қойған жоқ.

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/e056f9.jpg)

Дубляж тұрғысынан король **Фергюсты** дыбыстаған **Төлеубек Аралбай** мен патшайым **Элинорды** қазақша сөйлеткен **Айжан Дәулетбақова** әдемі қуантты. Алғашқы актер арсы-гүрсі, ер мінезді, ақкөңіл отағасының бойына қазақы қан жүгіртіп, ділдік туыстықты сіңіре алған, ал **Элинордың** тәкаппар, қамқор, салт-дәстүрге мығым бейнесі **Дәулетбақова** дауысымен жақсы көмкерілген.

[Туынды](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) барысында екі ән орындайтын **Мақпал Исабекованы** айрықша атап өткім келеді. **Pixar** суретшілерінің жан-дүниеңді баурап алар графикасына фон ретінде **Мақпалдың** [дауысы сәтті таңдалған](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=947:q-q------&catid=67:2011-10-13-04-37-32&Itemid=83) деп айтуға әбден болады.

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/78e2fe.jpg)

Басты рөлдегі **Мериданы** дыбыстаған **Іңкәр Әбдіраш** [фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) бойы көбінесе қуантып, кейде ғана сескендіріп отырды. Аудармашының сөйлем құрамын дұрыс қоймағандығы әлде актрисаның жасанды сөйлеуі, әйтеуір бірді-екілі жердегі қалыпты қазақ тілінде жоқ ырғақ жанға жаға қойған жоқ. Бірақ, бұл фильмнің **Іңкәр Әбдіраштың** дубляждау тәжірибесінде алғашқы жоба екенін ескерсек, алдағы уақытта аударма сапасы жақсара түседі деп үміттенуге болады.

«**[Батыл жүрек](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» — аудиторияның кез келген жастағы өкіліне бағытталған туынды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты суретшілер талантымен, композитордың сәтті тректерімен өріп ұсынған режиссер **Бренда Чепмэн** кезекті адам сүйсінтер жоба түсірген екен.

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/3e486d.jpg)

Ересектерге [фильмнің](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) шырқау шегіне жеткен тұсы – аю бейнесіндегі патшайым **Элинордың** қызын қорғайтын жері аса ұнайды деген сенімдемін. Анимациялық бейнелер ұнамды шыққан: аң бейнесін беруде авторлар шынайылықты құп көрген сыңайлы, тіпті кей жерінде қолдан салынған сурет екеніне бір сәт күмән келіп қалады.

«**[Батыл жүрек](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» бұрындары біз көрген пиксарлық «**Валл-и**», «**Жоғары**» секілді драмалық нюанстарға баса мән берген туындыларға ұқсамайды, мұнда әлдебір баламінезділік, ертегілік басым. Бұл қасиет фильмді кішкентай аудиторияның жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Экшн-кадрлардың көп болуы, ашық түстердің кеңінен қолданылуы, детальдардың барынша анық көрсетілуі, қала-орман, күн мен түн ауысымының сәтті берілуі прокатта [фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) қоржынын қампайтар қосымша себептер болса керек.

![«Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?](http://www.kerekinfo.kz/uploads/images/00/00/10/2012/06/21/f344be.jpg)

[Фильм](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31) әзілдері жаңашылдығымен таң қалдырмайды, бірақ кейіпкерлердің қылық-тұрыстары мен кейіп-қимылдары күлмесіңе қоймайды.

Режиссер **Чепмэн** туындыны түсіру барысында **ағайынды Гриммдер** мен **Ганс Христиан Андерсонның** ертегілеріне және қызына деген махаббатына сүйенгенін айтады. Көрермен ретінде өзім «**[Батыл жүректен](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=914:qq-brave-&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» аталған авторлардың шығармаларында кездесетін сиқыр мен маманның аналық сезімін анық байқадым. Ал коммерциялық жоба тұтынушысы үшін бұл үлкен олжа.

** — Эпиграф жөнінде толық мәлімет алу үшін «**Батыл жүрек**» трейлерін қараңыз*

*Дінмұхамед Зиядин*

[Киностан](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=980:l-r------&catid=35:2011-04-06-05-23-48&Itemid=14)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/batyl-zh-rekke-barasy-ba-aza-tilinde-k-resi-be-271289](https://yvision.kz/kk/post/batyl-zh-rekke-barasy-ba-aza-tilinde-k-resi-be-271289)