---
title: "«Барахолка» неге өртене береді?"
description: "Алматыдағы «барахолка» атанып кеткен ірі базарда кеше кешке қарай тағы да алапат өрт болды. «Тағы да» дейтініміз, ресми түрде атасақ, «Ал?..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-07-17T06:03:49+00:00"
modified: "2024-07-17T06:03:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/baraholka-nege-rtene-beredi-1006475"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/baraholka-nege-rtene-beredi-1006475/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Барахолка» неге өртене береді?

> Алматыдағы «барахолка» атанып кеткен ірі базарда кеше кешке қарай тағы да алапат өрт болды. «Тағы да» дейтініміз, ресми түрде атасақ, «Ал?...

*Алматыдағы «барахолка» атанып кеткен ірі базарда кеше кешке қарай тағы да алапат өрт болды. «Тағы да» дейтініміз, ресми түрде атасақ, «Алатау» көтерме және бөлшек сауда орталығын қызыл жалынның шарпуы бірінші рет емес. *

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/90e5d9cba54e46bb384e64573a5be2c4.jpg?width=1000&height=562)

Құдайға шүкір, аспашамдар сақталған екі қабатты қоймада болған бұл өрт те түнге қарай толық сөндірілді. Адам шығыны жоқ. Ешкім отқа күймеген. Тек тауар күйіп кетті. Қызыл жалын 2300 шаршы метр аумақты шарпыпты.

Әлеуметтік желіні аңдыған жұрттың біразы «бас аман болсын, тауардың орны толар» деп отыр. Солайы солай ғой, бірақ «тас түскен жеріне ауыр» демекші, аспашам сатып күн көріп отырғандарға бұның оңай соқпағаны анық.

Сонымен, тілсіз жау неге тек «барахолканы» ұзағынан шыр айналдырып кетті? Жаңылмасақ, мұнда өрт 2013 жылы күзге қарай жиілей бастады. Соны нақтылау үшін интернет-басылымдарды ақтарып шыққанбыз. Олардың көбі алғашқы алапат өрт жаңа біз айтқан жылдың 9 тамызында болғанын жазған. Ол кезде «Үшқоңыр-7» базарында 600 текше метр құрылыс ағашы күлге айналыпты. Сол жылы 13 қыркүйекте «Аян», «Олжа», «Еуразия», «Керемет» базарларының 5400 шаршы метр (!) аумағын қызыл жалын шарпыған. Кейінгі қараша, желтоқсан айларында да «барахолкада» бірнеше рет өрт болды.

Қайсыбірін айта береміз, содан бергі 10 жылдан аса уақытта бұл атақты сауда орталығының отқа орануы үйреншікті жағдайға айналғандай. Ал кешегісі соңғысы деп үміттенеміз.

Тәуелсіз сарапшылар осы сауда орнының қайта-қайта жана беретініне байланысты түрлі болжамдарды айтып келеді. Олар үнемі ресми қорытындымен сәйкес келе бермейді, әрине. Десе де бұл болжамдарға мән бермей өтуге болмайды.

2012 жылы Алматы билігі (ол кезде қала әкімі Ахметжан Есімов болатын) Солтүстік айналма жолдың кеңейетініне байланысты «барахолкадағы» 34 базар сүрілуі керектігін ескертті. Ал келесі жылы мұнда тілсіз жаудың ойраны басталғанын жоғарыда айттық. Яғни саудагерлер ескертуді елемей, бұл жерден кетпей қойған соң әдейі өрт қойылды деген болжам көптен бері бар.

Сондай-ақ бұл жағдайға ірі орталыққа иелік еткісі келетін қылмыс әлеміндегі адамдардың өзара бәсекелестігі себеп болуы мүмкін екендігі де айтылады.

Қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы да бар, әрине. Мұндайды базардан ғана емес, басқа жерлерден де жиі ұшыратамыз. Осыны мемлекет тарапынан бақылау жағы да ақсап тұрғаны жасырын емес. Баяғы «бармақ басты, көз қыстының» зардабын тартып келеміз. Әсіресе, сонда сауда жасап, күнін көріп отырғандарға обал.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/baraholka-nege-rtene-beredi-1006475](https://yvision.kz/kk/post/baraholka-nege-rtene-beredi-1006475)