---
title: "Балалар үйінің жанынан бақылау кеңесі құрылды"
description: "Таяуда біз қоғамның балалар үйлері қызметтерін бақылауда ұстауы үшін әр мекеменің жанынан бақылау ке..."
author: "MON_RK"
published: "2017-02-21T05:53:59+00:00"
modified: "2017-02-21T05:53:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-yini-zhanynan-ba-ylau-ke-esi-ryldy-757078"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-yini-zhanynan-ba-ylau-ke-esi-ryldy-757078/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Балалар үйінің жанынан бақылау кеңесі құрылды

> Таяуда біз қоғамның балалар үйлері қызметтерін бақылауда ұстауы үшін әр мекеменің жанынан бақылау ке...

*Таяуда біз қоғамның балалар үйлері қызметтерін бақылауда ұстауы үшін әр мекеменің жанынан бақылау кеңестерінің құрылатыны туралы жазған болатынбыз. Бұл бастаманың негізгі мақсаттары туралы толығырақ төмендегі сілтемеден оқуға болады:*

 

[https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1834141163465242:0](https://www.facebook.com/edugovrk/posts/1834141163465242:0)

 

*Алматыда ҚР БҒМ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің кездесуі болып, онда балалар үйлерінің жанындағы бақылау кеңестерінің жұмыс істеу тәртібі талқыланды. Жиынға қатысушылар бастаманың мақсаттарын және оның ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша ортақ шешімге келудегі маңыздылығын сөз етті. ҮЕҰ өкілдері бұл бастамаға қалай қарайтындарын айтып, балалар үйінің жұмысын жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын жария етті.*

![](http://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/UJ65VfsDojx7N8RffW7h0goo8aH5O0.png)

**Аружан Саин, Ерікті мейірімділік қоғамы (ДОМ) директоры**

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/FLsyUPhh3cA0yNpp190Vh6292KKwJ6.jpg)

**1)** **Бақылау кеңестерін құру бастамасына көзқарасыңыз қандай?**

Аружан: Біздіңше, идея өте жақсы. Ең бастысы, ойлағандай жүзеге асса болғаны. Балалар үйіндегі тәрбие беру жүйесінің ашық болуы, ондағы балалардың қандай екенін және қалай өмір сүріп жатқанын жұртшылықтың білуі аса маңызды. Бұл жүйе ашық болуы тиіс дегенді айтып келе жатқанымызға11 жыл бойы. Мұндай мекемелерде балалардың құқығы жиі аяққа тапталады. Бұған 2011, 2014 және 2016 жылдары өзім қатысқан Бас прокуратураның, Алматы облыстық прокуратурасының алқа мәжілісінде келтірілген деректер дәлел. БҰҰ және БҰҰ Балалар қорының балалар құқығы жөніндегі сарапшылары да адамның төбе шашын тік тұрғызатын тұжырымдар келтірген. Егер бұл жүйе дұрыс жұмыс істейтін болса, біз шамамыз келгенше бақылау кеңесі ретінде балаларға құқықтарының қорғалуы және түйткілді мәселелерінің шешілуі жолында көмек көрсете аламыз.

 

**2) Егер бақылау кеңесінің мүшесі болсаңыз, қандай ұсыныстар айтар едіңіз?**

Аружан: Нақты бақылау кеңесінің жұмысына қатысты бірқатар ұсыныс бар. Біріншіден, балаларды күш көрсетуден, моральдық және жыныстық зорлықтан қорғау. Бұл құқық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік және уәкілетті органдармен өзара бірлесе әрекет етуді қажет етеді. Бақылау кеңестеріне аймақ басшылары, соның ішінде тікелей әкімдер кірсе деймін. Өздері балалар үйіне барса, балалармен бірге тамақтанса, олардың не киіп жүргенін және қалай өмір сүріп жатқанын көрсе деймін. Әр балада тек қамқоршылық кеңес мүшелерінің ғана емес, сонымен бірге әкімнің де телефон нөмірі болса деймін. Құқық қорғау органдары мен Бас прокуратура бізге көмектеседі деген зор үмітіміз бар. Балалардың құқығы бұзылғаны белгілі болса, балалар үйінің қызметіне қатысты түйткілдер болса, бақылау кеңесінің мүшелері қала және аудан прокурорына тікелей шыға алса дейміз. Бас прокуратура әр мекемеге бір қызметкерден бекітіп қоюы тиіс, бірде-бір заң бұзушылық назардан тыс қалмауы керек және олардың әрқайсысы бойынша тексеру жүргізу қажет. Ал ең бастысы – балаларға уақтылы көмек көрсетілуі керек. Уақыт өте келе 12 жасқа дейінгі балалар мен ересек балалардың бөлек-бөлек тұру мәселесін көтеру керек. Балалар бір-біріне әлімжеттік жасап, күш көрсетпеуі үшін бұл аса маңызды. Екінші ұсыныс – талан-таражға салу мәселесін шешу. Әңгіме шаруашылық және қаржылық қызметке қатысты, бұл салада сыбайлас жемқорлық фактілері бар. Әрі балалар үйі балалардың отбасында тәрбиеленуіне мүдделі емес. Үшіншіден, балалардың ең негізгі құқығына, яғни олардың отбасында тұруы мен тәрбиеленуіне қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Ешқандай мекеме, мейлі жүз жерден керемет болса да, отбасының орнын алмастыра алмайды.

 

**Шолпан Байболова, «Бала отбасында өмір сүруі керек» қоғамдық қозғалысының белсендісі және үйлестіру кеңесінің жетекшісі**

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/9gb74Hh907bGpkBdJywMk5Mgsl19NX.jpg)

**1)** **Бақылау кеңестерін құру бастамасына көзқарасыңыз қандай?**

Шолпан: Өте өзекті бастама. Біз жетім балалардың құқығын қорғау және интернаттарда ондай балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу мақсатында қоғамдық бақылау жүйесін енгізу керек дегенді үнемі айтып келе жатырмыз. Алайда, бүгінгі күні балалар үйіне мониторинг жасау мүмкін емес болып отыр. Оған заңдарымыздағы кейбір талаптардың екіұштылығы кедергі келтіруде. Бізге тек балалар үйіне және ол жерде тәрбиеленіп жатқан балаларға материалдық көмек керек болған кезде ғана хабарласады. Ал егер балалар үйіндегі басқару процесі қалай жолға қойылғанын, бюджеттің мақсатты және қаншалықты тиімді жұмсалатынын, бюджеттегі қаржының қандай мақсаттарға қарастырылғанын, балаларға нендей әлеуметтік қызмет көрсетілетінін, күш көрсету жағдайының бар-жоғын сұрасақ болды, біздің балалардың тағдырына қатысты шешім қабылдауға ешқандай құқығымыз жоқ екенін алға тартады. Тіпті, оларды қорғау мақсатын көздесек те. Интернат типтес балалар мекемелерінің қызметкерлері, олардың біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі де өте маңызды мәселелердің қатарында. Олардың кейбірінің өз-өзін ұстай алмайтыны өз алдына. Баламен жәй ғана сөйлесу арқылы оның психологиялық және жас ерекшеліктеріне қарай күш көрсету, зорлық жасау фактісінің бар-жоғын тексеру тек кәсіби біліктілігі жоғары балалар психологының ғана қолынан келеді. Бәлкім, бүкіл ел көлеміндегі балалар үйі мен интернаттарға кешенді мониторинг жүргізу үшін коалиция немесе арнайы қоғамдық ұйымдар желісін құру керек шығар.

 

**2) Егер бақылау кеңесінің мүшесі болсаңыз, қандай ұсыныстар айтар едіңіз?**

Шолпан: Нақты әрі түсінікті заңдық негіз болуы – ең басты шарт. Сонда ғана мониторинг тиімді болады. Ал өзгерістер мен ұсыныстарға келсек, біріншіден, баланың статусын анықтау мерзімін қатаң сақтау қажет. Сонда ғана біз балаға өз уақытында туған отбасына бару немесе асырап алатын отбасын табу мүмкіндігін бере аламыз. Көп жағдайда балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді асырап алуға рұқсат жоқ, өйткені ата-анасы ата-аналық құқығынан айырылмаған немесе жақын туыстары бар. Мұндай деректер көп жағдайда жасырын ұсталады. Мұндайда бала басқа отбасына берілмейді және балалар үйінде өмір сүруге мәжбүр. Ал заң бойынша статус әрі кеткенде жарты жылда шешілетін мәселе. Балалар үйіне түсініспеушілік салдарынан тап болатын жағдайлар болады. Бақылау кеңестері осындай жағдайларды бақылауда ұстауы тиіс.

Екінші ұсыныс – балаларды әлеуметтендіру. Әсіресе, әртүрлі себеппен отбасына берілмейтін жасөспірімдерді бейімдеу аса маңызды. Қазіргі ережелерде мұның барлығы көрсетілген, бірақ онымен айналысып жатқандар аз. Көп жағдайда балалар үйінің директорлары балалардың ол жерден шыққаннан кейінгі тағдырына алаңдамайды. Сондықтан бақылау кеңестері балалардың әлеуметтік бейімделу және мамандану мәселесінің лайықты жүргізілуін назарда ұстау керек. Атап айтқанда, оларды өз бетінше өмір сүруге дайындау керек, белгілі бір мамандық алу мүмкіндігін қарастыру қажет. Біз өзіміздің Қозғалыс шеңберінде Тәлімгерлік бағдарламасын ұсынуға тырысамыз. Яғни, балаларды әлеуметтік бейімдеу, жеке және ұжымдық тәлімгерлік, кәсіптік бағдар беруді ұсынамыз.

Алматы қаласындағы №1 және 12 балалар үйлерімен бірлесе істеген жұмысымызды негізге ала отырып, барлық балаларды скринингтен өткізуді ұсынамын. Аталған екі балалар үйінде біз Отбасын қолдау орталығын ашқан болатынбыз. Скрининг қай балаға психологиялық оңалту және сауықтыру қажет екенін түсіну үшін керек. Біздің бақылауымыз бойынша, сауықтырудан кейін балалар асырап алатын отбасына тез бейімделеді, үрей азаяды. Ал туыстары болған жағдайда өз ортасына қосылу мүмкіндігі артады. Ересек балаларға бейімделуге көмектесетін тәлімгер аса қажет. Балалар үйінен шыққаннан кейін өз-өзін жоғалтып алмауы үшін де бұл маңызды.

 

Сонымен бірге, біртіндеп барлық балалар үйінде Отбасын қолдау орталығын немесе қызметін ұйымдастыруды ұсынамын. Немесе әлеуметтік-психологиялық қызметті дамыту керек. Олардың қызметі төмендегідей болуы тиіс:

1. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді психологиялық оңалту және оларды асырап алатын отбасына беруге дайындық жұмысы.

2. «Бала асырап алатын ата-ана мектебін» ұйымдастыру және жүзеге асыру.

3. Бала асырап алушы отбасына кешенді көмек көрсету: мониторинг және ондай отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету.

4. Әлеуметтік патронат: отбасына дағдарысты жағдайларда көмектесу және баланың өз туған отбасына қосылуына көмек көрсету.

5. Заң көмегі және кеңес беру.

 

**Жанна Ким, Қазақстандағы бала асырап алушы отбасылар қауымдастығының директоры. Бала асырап алған ана – отағасы екеуі 10 бала тәрбиелеп отыр. Олардың үшеуі екеуара некеден туған балалар, қалған жетеуі отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар (кейбірі қамқорлыққа алынған, енді бірі патронат, тағы бірі асырап алынған)**

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/30Z2lX6Pn40AszHfigluaV0c8Ob63o.jpg)

**1)** **Бақылау кеңестерін құру бастамасына көзқарасыңыз қандай?**

Жанна: Балалар үйі жанынан мұндай кеңестердің құрылуын қолдаймын. Өйткені, өзім бала асырап алған ата-ана болғандықтан, балалар үйінде қандай жантүршігерлік деректер жасырын күйінде қалып отырғанын білемін. Бала асырап алған басқа да ата-аналармен бас қосқан уақытта балалардың аузынан неше түрлі сұмдықты естиміз. Асырап алғаннан кейін жарты жыл, бір жылдай уақыт өткен соң бала өзінің қорлық көргенін (күш көрсету және жыныстық қорлау), намысы тапталғанын, аш жүргенін, басқа да құқық бұзушылықтар туралы айта бастайды. Ата-аналар осы мәселені айтады, жазады, ондайда көз жасын тоқтата алмайды. Сондайда біз еліміздегі балалар үйінің жабық мекеме екенін, ол жерге ешкімнің үні жетпейтінін түсінеміз. Кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталықтары, Сәбилер үйі, Мүгедектер үйі, балалар үйлері жабық мекемелер болғандықтан, ол жерге кіру, шындыққа қол жеткізу мүмкін емес. Адамның жанын түршіктірер небір сұмдықтардың ашылмаған күйі қалып жатқаны да осыдан.

**2) Егер бақылау кеңесінің мүшесі болсаңыз, қандай ұсыныстар айтар едіңіз?**

Жанна: Ең алдымен әрбір балалар үйінде асырап алатын балалардың мектебін ашу керек. Психологтар балаларға кеңес беріп, оларды отбасына барып тұруға дайындауы керек. Өйткені, бала асырап алушы отбасыларға арналған мектеп бар, олармен жұмыс істейді, оларға түсіндіреді, алайда, жаңа отбасына баланың бейімделуі де оңай емес екенін ешкім ойламайды. Менің бағып алған қызым: «Мама, мен отбасына берілетін балаларға кеңес берсем бола ма? Ол жерде өзім болғандықтан, балалардың неден қорқатынын білемін. Балаларға көмектесейін», – деп өзі бастама көтерді. Екіншіден, балалар үйінде тәрбиелеу процесі ашық болса екен деген тілегім бар. Тәрбиеші деген бақылаушы болмауы керек. Ол шын мәнінде балалар үшін жаны ауыратын адам болуы тиіс. Әрбір тәрбиешімен психолог жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Тәлімгердің психикасында ауытқу бар-жоғын, оның мінез-құлқының ерекшеліктерін, тәрбиеші болып жұмыс істеуге болатын-болмайтынын тек психолог қана анықтай алады. Егер психологтар дұрыс бағытта жұмыс істесе, мұндай сәттерді уақтылы байқап, ондай тәрбиешілерді жұмыстан шеттетуге мүмкіндік туар еді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/iP3IhH9evhZne9uqh4dzvC3fnjMa2N.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/7V0o7oWpoXj1z4HP8TNIWqIK49P2O9.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/PE87738MlZn5sppLoV0DKi4xH7OZEG.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/OiTIbGVt21b67rKtLasnU26PmO52sX.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mon_rk/oRGCf90Q9BEwMzQ2jurNSFdY3CdrZ7.jpg)

Балалар үйінен бала асырап алудың толыққанды нұсқаулығы:[https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1811119222434103/?type=3&theater](https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1811119222434103/?type=3)

Жетім балалардың мәліметтер базасы: [https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1805498622996163/?type=3&theater](https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1805498622996163/?type=3)

Асырап алушы отбасына кеңес беру кабинеттері (колл-орталық 1422): [https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1848157328730292/?type=3&theater](https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1441262736086422.1073741828.1440619732817389/1848157328730292/?type=3)

Балалар үйінен отбасына берілген балалар санының өсу қарқынын көрсететін сілтемелер [https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1805485859664106.1073741836.1440619732817389/1805485956330763/?type=3&permPage=1](https://www.facebook.com/edugovrk/photos/a.1805485859664106.1073741836.1440619732817389/1805485956330763/?type=3)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/balalar-yini-zhanynan-ba-ylau-ke-esi-ryldy-757078](https://yvision.kz/kk/post/balalar-yini-zhanynan-ba-ylau-ke-esi-ryldy-757078)