---
title: "Балалар әдебиеті не ұсынады?"
description: "Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада демекші, жаз басталғанда балам аз болса да дүние жүзі кл..."
author: "Mysli_v_Sluh"
published: "2018-08-12T08:32:47+00:00"
modified: "2018-08-12T08:34:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-debieti-ne-synady-812150"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-debieti-ne-synady-812150/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Балалар әдебиеті не ұсынады?

> Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада демекші, жаз басталғанда балам аз болса да дүние жүзі кл...

Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада демекші, жаз басталғанда балам аз болса да дүние жүзі классикасының заманауи аудармасын оқысын деп үш жазушының кітабын алған едім. Бұл кітаптар "Фолиант" баспасы шағырған қысқаша мазмұндағы аудармалар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/383501/fc5bb80eb2663a088190d86b606689.jpg)

Мінекей "Оливер Твист". Қазақ тіліне аударған Ж.Игісінов екен, кітап тілі миға өте қонымды, оқуға жеңіл. Балам осы кітапты оқи бастады. Ол қоя қойғанда, қалай екен деп мен де біразын оқыдым. Жоғарғы сыныптарда Оливердің орысша аударылған нұсқасын оқып едім. Қазақ тіліндегі аудармасы да тартымды екен. Тек төменгі сынып оқушыларына арналып қысқа нұсқасы берілген.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/383501/40388beaaa6aa455e40817fa0273a4.jpg)

Әйгілі фантаст Жюль Верннің шығармасы да қалыс қалмаған екен. "Жер кіндігіне саяхат" өзімнің де сүйіп оқыған кітабым еді, бұл кітап та оқушы баланың көңілінен шықты. Шытырман оқиға, географиялық мағлұматтар оқырманды елтіп әкетеді. Аудармашы Ж. Игісінов (білуімше, бұл кісі белгілі журналист, сөз шебері). Әрине, танымал актерлер түскен киноның әсері де болған еді. "Journey to the Center of the Earth" Жюль Верн романы желісімен түсірілген сәтті фильм.

Ал енді үшінші кезекте "Нотр дам бүкірі". Кітап тілі күрделі де, жеңіл де емес. Бір сөзбен айтқанда оқуға ыңғайсыз. Аудармашысы М.Әкімжанов. Мен оқып әдеби ләззәт ала алмадым. Балам да оқып көріп қызықсыз деп тапты. Себебі тілі әдеби емес, жай сөзбе сөз аударма. Бұл жерге кітаптың мұқабасын жүктей алмадым.

Дегенмен осы "Классикалық хикаяттар" сериясында он екі кітап бар. "Үш ноян", "Том Сойердің басынан кшкендері", "Дэвид Копперфильд" тағысын тағылар. Балалар ғана емес, қазақ тіліне зейін салып жүрген ересектер немесе қысқа хикая оқығанды ұнататын барша кітап сүйер қауымға қол жетімді әдемі құрастырылған жинақ. Кітап бағасы 700 теңге.

Бұл заманауи классикалық кітаптар болса, біз бала күнімізде не оқыдық? Бала күнімде Николай Носов жазған "Незнайка" қазақ тіліне "Дымбілмес" деген атпен аударылып, менің ең сүйікті кітабыма айналған еді. Тіпті оқығаным соншалық, жалықпай қайталап оқи беретінмін. Содан Н.Носовтың "Дымбілмесі" бір күндері менің кітап сөремнен алынып тасталған еді. Басқа кітап оқымай қойған едім.

Қазақ авторларының "Өзіұшар" деген жинағы да менің жақсы көретін кітабым болды. Ішінде қазақ жазушыларының ертегілері топтастырылған. Бүгінде осы "Өзіұшарды" қайта басып шығарса да артықтық етпес еді деп ойлаймын.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/balalar-debieti-ne-synady-812150](https://yvision.kz/kk/post/balalar-debieti-ne-synady-812150)