---
title: "Балалар Құдайдан не сұрайды?"
description: "Жақында әлеуметтік желіде отырып «Балалар құдайдан не сұрайды?» (#Детипишутбогу) деген хэштегке көңі..."
author: "dina_sharipkhanova"
published: "2016-03-15T12:26:34+00:00"
modified: "2016-03-15T12:40:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-daydan-ne-s-raydy-683746"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/balalar-daydan-ne-s-raydy-683746/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Балалар Құдайдан не сұрайды?

> Жақында әлеуметтік желіде отырып «Балалар құдайдан не сұрайды?» (#Детипишутбогу) деген хэштегке көңі...

Жақында әлеуметтік желіде отырып «Балалар құдайдан не сұрайды?» (#Детипишутбогу) деген хэштегке көңілім ауды. Шын мәнісінде кішкене періштелер Құдайдан не сұрауы мүмкін. Өмірге енді ғана келген, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, қатыгездік пен мейірімділікті айыра алмайтын көңілдерінде титей де жауыздық пен зұлымдық ұшқыны жоқ, езуінде періште күлкісі ойнаған сәбидің Құдайдан сұрары не? Қалай ойлайсыздар не сұрауы мүмкін? Мен бірінші сынып оқушысы Лева есімді баланың жазған мына хатынан көзіме жас алдым: «Қандай қорқынышты, егер ертеңгі күн келмесе». Кейін басқа жазбаларды іздедім. Бұл Михаил Дымовтың «Дети пишyт Богy» атты кітабынан алынған екен. Кітаптың кейіпкерлері алты мен он жас арасындағы балалар. Кітаптың авторы олардан: «Құдайдан не сұрағың келеді?», «Құдайға не айтқың келеді?», «Құдайдан не туралы сұрағың келеді?» -деген сұрақтар қойған және оған 3000 нан аса бір-біріне ұқсамайтын жауап алған. Сұрақты қойғанның өзінде балалар хатты анасына, әкесіне не болмаса сүйікті мүғалімдеріне емес бүкіл ғаламның жаратушы иесіне, бүкіл сұрағына жауап ала алатын күш иесіне жазатынын сезінген. Сондықтан да олардың сұрары мен білгілері келген ойын сондай шынайы, жаныңды ауыртатын, жүрегіңмен сезінуге мүмкіндік беретіндей етіп жазған. Кітап барлық жастағы оқырмандарға арналған. Кішкентай ғана сәбилердің жан дүниесінің қағаз бетіне түсірілген нұсқасын оқи отырып жылап та, күліп те, тітіркеніп те аласың. Қазіргі біздің жаңа туған шақалағын әжетханаға қалдырып, көліктің терезесінен лақтырып, туа біткен кемістігі үшін балалар үйіне тастап кете беретін заманда жан дүниеңнің сәбидікіндей таза болғаны құп. Ең бастысы иманнан айырылмау.

![Балалар Құдайдан не сұрайды?](https://storage.yvision.kz/images/user/dina_sharipkhanova/rT43Yk69WSiV8d8AB1h0YKom3K01w8.jpg)

> Кітаптан үзінді(аударма): Сәлеметсіз бе Құдай. Қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз қалай? Женя, 2-сынып. Егер де сен ақыр заман туғызатын болсаң, саған кім жалбарынып көмек сұрайды? Петя, 4 сынып. Сен аспанда тұрсаң да, Жерде ең маңызды екеніңді түсіндім. Ал сені қайта сайламайды ма? Сеня, 1 сынып. Мен сені әрине жақсы көремін бірақ ата-анамды көбірек жақсы көремін. Ол ештеңе етпейді ме? Зоя, 3-сынып. Біз не үшін өмір сүреміз? Алла, 2-сынып. О Құдай жердегі атыс-шабысты сен естімейсің бе? Валера, 2-сынып. Әлем неге мейірімсіз? Лена, 1-сынып.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/balalar-daydan-ne-s-raydy-683746](https://yvision.kz/kk/post/balalar-daydan-ne-s-raydy-683746)