---
title: "Балаңыздың ернінен сүймеңіз"
description: "Әке-шеше үшін бала деген өте маңызды әрі қадірлі. Жүктілік дәуірі кезінде 9 ай бойы әке-шеше баласы..."
author: "yelzhas_ertaiuly"
published: "2017-05-26T04:58:02+00:00"
modified: "2017-05-26T04:58:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/bala-yzdy-erninen-s-yme-iz-768042"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/bala-yzdy-erninen-s-yme-iz-768042/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Балаңыздың ернінен сүймеңіз

> Әке-шеше үшін бала деген өте маңызды әрі қадірлі. Жүктілік дәуірі кезінде 9 ай бойы әке-шеше баласы...

![Балаңыздың ернінен сүймеңіз](https://storage.yvision.kz/images/user/yelzhas_ertaiuly/ok3vlnc5hMwShlpq5MQpUlujFyZ208.jpg)

Әке-шеше үшін бала деген өте маңызды әрі қадірлі. Жүктілік дәуірі кезінде 9 ай бойы әке-шеше баласын құшағына алатын күнін сабырсыздана күтеді. Нәресте шыр етіп, дүние есігін ашқан кезде әке-шешенің қуаныштан жүрегі жарыла жаздайды. Енді, міне, сағына күткен балаларын құшақтап, оны сүю мүмкіндігіне ие болды.

Дүниеге келгеннен кейін нәресте үшін әке-шешесінің денесіне өзін жақын сезінуі өте маңызды. Яғни, нәрестені әке-шешесі құшақтап, сүйген кезде ол өзін сенімді сезінеді.

Дегенмен де, нәрестелер мен балалардың сүюге болатын беттері, жұп-жұмсақ қолдары, торсықтай шекесі тұрған кезде неліктен олардың [еріндерінен сүюіміз керек](http://bakittiotbasi.kz/makala/26)? Баласының ернінен сүйген ата-ана «оны қаттырақ жақсы көрдім» деп ойлай ма? Әрине, жоқ. Керісінше, ата-аналар балаларын жақсы көретін болса және оларға физикалық немесе рухани тұрғыдан зиянын тигізгісі келмесе, олардың еріндерінен сүймесін.

![Балаңыздың ернінен сүймеңіз](https://storage.yvision.kz/images/user/yelzhas_ertaiuly/NOGgPluY0UUdIoF2c3H0q7bb62nfj0.jpg)

**Балалардың ернінен сүюдің төмендегідей зияндары бар:**

- Иммунитеттері әлі әлсіз болғандықтан, біздің аузымыз арқылы микроптар ағзасына тезірек өтеді де **жиі сырқаттанады**.

- Ұшық, безеу, тіс етінің жаралары секілді **инфекциялардың** өту қауіпі бар. Әсіресе, нәрестелер мен балалар үшін **ұшық** өте қауіпті.

- Балаларға **жыныстық тәрбие** беру барысында денелерінің өздеріне ғана тән бөлігі бар екенін және ол жерлеріне ешкімнің қол тигізуіне рұқсат бермеуі керек екенін айтып жатқанда, егер ата-ана өзі баласының ернінен сүйетін болса, баланың санасында қарама-қайшылықтар туындайды.

- Ата-анасы ернінен сүйетін балалар басқалардың да ернінен сүюіне қарсылық білдірмейді. Өйткені, балалар үшін ата-аналарының барлық ісі дұрыс болып есептеледі және рұқсат етіледі деп ойлайды. Осылайша, олар өздерін жаман ниетті адамдардың іс-әрекетінен қорғай алмайды, тіпті олардың бұл әрекетінің жаман және зиянды екенін түсіне де алмайды.

- Әкесі ұлының, анасы қызының ернінен сүйген кезінде бала жыныс анықтауда қиналу, өскенде басқа жынысты таңдау,яғни өз жынысын иелене алмау секілді қауіптерге жол ашуы мүмкін.

- Әкесі қызының, анасы ұлының ернінен сүюі болашақта әке-шеше мен баланың арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Тіпті, бұл балалар ертең үйленген кезінде отбасылық өмірі мен жыныстық өмірінде де қиындықтарға душар болуы мүмкін.

- Еріннен сүю жыныстық белгілерді де қамтитындықтан, балада жыныстық дабыл ерте қағылып, баланың басы қатады әрі оның дамуына да кері әсерін тигізеді.

- Әке-шешесі тарапынан ернінен сүйілетін бала мектепте досының немесе үйге келген қонақтың ернінен сүюге тырысса, онда оның бұл әрекеті қоғамды өз орнын табуына зиянын тигізеді.

![Балаңыздың ернінен сүймеңіз](https://storage.yvision.kz/images/user/yelzhas_ertaiuly/688gMdFu3o8S1VNNzd598p650W9K4l.jpg)

Балаларымызды сүйейік, тіпті жиі-жиі сүйейік. Бірақ, ернінен, құйрығынан немесе санынан емес, бетінен, қолынан, шекесінен сүйейік.

 

**Елжас Ертайұлы**

**"[Бақытты отбасы](http://bakittiotbasi.kz/)" отбасылық кеңес орталығы**

[www.facebook.com/bakittiotbasi](http://www.facebook.com/bakittiotbasi)

[https://vk.com/bakittiotbasi](https://vk.com/bakittiotbasi)

instagram.com/bakittiotbasi

twitter.com/bakittiotbasi

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/bala-yzdy-erninen-s-yme-iz-768042](https://yvision.kz/kk/post/bala-yzdy-erninen-s-yme-iz-768042)