---
title: "Баба Түкті Шашты Әзіз"
description: "«Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы тұрғанда анасы былай жалбарынады:Қалғып кетсе, қағып..."
author: "Fvfylsr"
published: "2021-06-30T16:11:09+00:00"
modified: "2021-06-30T16:11:09+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/baba-t-kti-shashty-ziz-940476"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/baba-t-kti-shashty-ziz-940476/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Баба Түкті Шашты Әзіз

> «Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы тұрғанда анасы былай жалбарынады:Қалғып кетсе, қағып...

«Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы тұрғанда анасы былай жалбарынады:

Қалғып кетсе, қағып жүр,

Адасып кетсе, бағып жүр.

Қозыма келген пәлені,

Ықылас ата, Шашты Әзіз.

Осы кеткен қозымды,

Тек тапсырдым қолыңа… («Батырлар жыры», 1-том).

Иә, батырлар жырында, жалпы ауыз әдебиетінде Баба Түкті Шашты Әзіз жиі айталады, қайталанады.

Ал, бұрынан естіп жүрген аңыздың бірінде Баба Түкті Шашты Әзіздің үш пері қызын көргені айтылады. Ол әлгі үш қыздың біреуінің қолынан ұстайды. Қыз суға сүңгиді, әулие де сүңгиді. Ақырында Баба Түкті Шашты Әзіз соған үйленеді. Қыз үш түрлі шарт қояды: аяқ киімімді шешкенде аяғыма қарама, киімімді шешкенде қолтығыма қарама, шашымды жуғанда, төбеме қарама дейді. Алайда, Баба Түкті Шашты Әзіз әлгі үш шартты бұзады. Оны сезген пері: «Ішімде алты айлық балаң бар! Соны мен Көк дария жағасындағы Құмкент деген жерге тастап кетем, іздеп тауып ал!», – дейді де, аспанға ұшып кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы нәрестені тауып алады. Айдалада туғандықтан есімін «Едіге» қояды. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады, Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасында бейнеленеді. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба Түкті Шашты Әзізге сыйынады.

Қысқаша айтқанда, қалай десек те ол белгілі тұлға.

Ал, мен үшін қызықтысы, оның кешені бір емес, екі жерде бар, бірі - өзіміздің Созақ жерінде болса, екіншісі, Ресейдің Астрахань қаласы аумағында орналасқан (бұрынғы Қазы, қазіргі Мошаик ауылы). Қайсы кешен тиісті десек, ол жағына ғалымдар жауап берер, мен тек, осы жайтқа назар салған едім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/366506a9647425d2a3a310fe8e8e6f.jpg)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e7e67638af0069ebeccd00e67400cf.jpg)

Бірінші фото авторы - Мақсат Елібай, екінші фотоны Абай Ерекенов парақшасынан алдым, бірақ, қазір түсінгенім мавзолейдің орны ғана қалған!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/baba-t-kti-shashty-ziz-940476](https://yvision.kz/kk/post/baba-t-kti-shashty-ziz-940476)