---
title: "Бақытың өз қолыңда"
description: "Күнгейдегі мегаполисте жастарға қатысты өзекті мәселелерді қозғайтын «Бақыт кілті» фильмі көрерменге..."
author: "seri.jigit"
published: "2023-12-09T07:29:37+00:00"
modified: "2023-12-09T07:31:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-yty-z-oly-da-998692"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-yty-z-oly-da-998692/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бақытың өз қолыңда

> Күнгейдегі мегаполисте жастарға қатысты өзекті мәселелерді қозғайтын «Бақыт кілті» фильмі көрерменге...

Күнгейдегі мегаполисте жастарға қатысты өзекті мәселелерді қозғайтын «Бақыт кілті» фильмі көрерменге жол тартты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/fc1763db5f3e0284298a8758b37c19.jpg)

Бүгін Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының тапсырысымен толықметражды «Бақыт кілті» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Кинотуындының режисері – Бақытжан Көшеров, сценарий авторы – Оңғар Әлиайдар, операторы – Димаш Тұрдыматов.

Фильмнің премьерасына арнайы келген Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев бұл кинокартинаның қоғам үшін өзектілігіне тоқталды. Фильмде драматургиялық шиеленіс арқылы синтетикалық есірткінің адам өміріне әсері, құмар ойынның қасіреті және тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды өзекті мәселелер көтеріліп, жастардың қоғамдық орында өздерін әдепті ұстауына, мамандықты дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беріледі.

«Көрерменге жол тартқан бұл кино қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Айналамыздағы жастар есірткіге тез бейімделіп, соның буынан шыға алмай жатыр. Тіпті, құмар ойынына әуес. Ал, түсірілімде әр адам өз бақытына жету үшін алдынан шыққан кедергілерге қарамастан, әртүрлі әрекет жасайтынын көрсеткіміз келді», — деді фильмнің режиссері Бақытжан Көшеров.

Қазір расымен де жастарға қатысты жағдай өте өзекті болып тұр. Құқық қорғау органдары олардың арасында қылмыстың өршіп жатқаны туралы дабыл қағуда. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп ұлы Абай айтқандай, бұған кей жастардың еңбек еткісі келмей, бос сенделіп жүргені себеп пе деп те ойлайсың. Яғни сөйтіп жүріп, олар бір нәрсеге ұрынады. Бірақ әрекет етемін деген адамға екі қолға бір күрек табылады ғой. Мемлекет бұл жағынан барлық жағдайды жасап жатыр. Бірақ кей адамдар одан да хабарсыз болып шығады.

«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», – деген еді бір сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бақыт кілті» фильмі де жастарға осындай бағыт-бағдар беруді мақсат еткен. «Әрекетке берекет» дегендей, тірлік жасасаң бәрі болады. Бақытың өз қолыңда.

Жастарға осындай ой салған туындыны көрермен жоғары бағалады. Ал жоғарыда аталған басқарманың басшысы көркем туындының режисерін, сценарисін және актерлік құрамын марапаттап, олардың алдағы жұмыс жоспарларына сәттілік тіледі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/bb789780b444801651805273b415b0.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ba-yty-z-oly-da-998692](https://yvision.kz/kk/post/ba-yty-z-oly-da-998692)