---
title: "Бақытты Жамал (Шағын хикаят)"
description: "Күндердің бір күнінде бұлардың үйлеріне егде тартқа екі әйел мен бір еркек сау ете қалсын. Жамал ек..."
author: "Beibit_Sarybai"
published: "2018-02-19T16:40:32+00:00"
modified: "2018-02-19T16:40:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797238"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797238/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

> Күндердің бір күнінде бұлардың үйлеріне егде тартқа екі әйел мен бір еркек сау ете қалсын. Жамал ек...

Күндердің бір күнінде бұлардың үйлеріне егде тартқа екі әйел мен бір еркек сау ете қалсын. Жамал екі кісіні танымағанымен етжеңді әйелді таныды. Осы ауданға қарасты шеткерірек бір ауылда тұратын Жәмилә деген жекжаттары. Жамалдың жұмыстан келген беті еді. Қатар отырып шай ішті. Дастархан басында анау айтқандай басы артық әңгіме қозғала қойған жоқ. Келімді-кетімді кісілердің кезекті бірі деп қоя салған. Жоқ, бұлар кезекті қонақтардың бірі болғанымен келістерінің мәні бөлек екен. Оны Жамал кейіннен білді. Сапарлап бара жатып жолай кіре кеткен адам құсағанымен, бұлар Жамалды көре кетпек екен. Көргенде де анау ұзынша бойлы үнсіз отырған жігітке көрсетпек болған екен. Аты Қайрат екен. Және Жамалды Қайратқа көрсетіп қана қоймай, Жамал да жігітті көрсін десе керек. Бірақ, Жамал ол жігітке назар да аудармаған. Қайрат болса, ешкімге білдірмей ішіп-жеп қараса керек. Кетерлерінде келген қонақтар Жамалдың анасына емеурін де танытыпты. Қызыңыздың ойын білгіміз келеді. Егер қарсы болмаса жігітіміз келер жолы өзі келіп сөйлессе деген көрінеді.

Жамал не десін иығын қиқаң еткізді де қойды. "Ешкімнің керегі жоқ, екі жастың біріне келмей осы көргенім де жетеді, енді хабарласпасын" деді. Бұл сөзді Жамал шын ниетімен айтты. Шындығында Жамал ешкімді керек етпейтін. "Алса, Нұрболға екінші әйел боламын", – деп әзілдеп күлетін.

Жамалдың қайтып келіп отырғанын және қайтқанда да қалай қайтқанын біле тұра келгендері қызық екен. Міне, бар гәп осында болып шықты. Жамалды көрмек болып келген жігіт те оңып тұрмаса керек. Жоқ, Қайрат жаман адам емес. Тек, оның да тағдырының тарылған жері бар екен. Ол да сүйгеніне қосылып, сүйген жарымен аз да болса бақуатты ғұмыр кешкен екен. Екі балалы болған кездерінде сүйген жары күтпеген жерден қаза болыпты. Жасы қырықтан енді асқан қырмасақал жігіттің со бойы бойдақ кетпесі анық. Тірі адам тіршілігін жасайды. Оның үстіне шиеттей балаларға қарайтын да адам керек емес пе? Әйелінің жылы өткеннен кейін бұл жігітке айналалсындағы тума-туыстары ыңғайлы адамдарды қарастырса керек. Жаңағы Жәмилә деген жекжаттары Жамалдың жайын айтыпты. Содан қыз көрелік деп келген беттері екен.

Жамал Қайратқа қатты ұнапты. Жанындағы кісілер бұның жауабын естігеннен кейін, "е, бопты" деп қоя салғанымен, Қайраттың қоя салғысы келмепті. Одан кейінгі ұсыныстардың бәрінен бас тартқан көрінеді. Жамалды шынымен ұнатқаны ғой. Бір күні өзі іздеп келді. Жамал о баста бұл кім еді деп тосырқай қарағанымен, артынша, бірден есіне түсірді. Қайрат Жамалды мектептің алдынан күтіп алды. Көлігіне шақырып еді, Жамал бас тартты. Бәрі осы көлікке отырудан басталады. Қайрат атына заты сай жігіт болып шықты. Басқа біреу болса, машинасына отырып, тайып тұрар ма еді. Қайрат өйтпеді. Машинасын мектептің алдына қалдырып, өзі Жамалға еріп жүрді. Бірақ, Жамал ешқандай ыңғай танытпады. Жарым жолға жеткенде:

– Осы жерден қайтыңыз, көрген адам не ойлайды? – деді.

Қайрат қайтты. Содан кейін де екі-үш рет келген. Жамал ыңғай бермеді. Керек емес деді. Бірақ, кейінгі келгендерінде ол алғашқыдағыдай емес, білдірмей, назар да аударған. Киген киіміне қарағанда өте ұқыпты адам болса керек. Және өзі де өңді жігіт екен. Бойын айтсаңшы. Қайрат та келуін тоқтатпады, Жамал да жақындатпады.

Бір күні шешесі Жамалға ақылын айтты.

–Қызым, мен саған жамандық ойламаймын. Сыйдырмай отыр деп ойлайтын болсаң, әңгімені осы жерден тоқтатамын. Ал, тыңдаймын десең айтайын, – деді. Жамал да бетпақ, таяз адам емес.

– Апа-оу, неге олай ойлайын. Айта бер, құлағым сенде, – деді.

– Соңғы шешімді өзің қабылдайсың. Менікі әшейін айтқан ақыл. Мен сұрап білдім. Мына жігіт текті әулеттің тұқымы екен. Тіршілігі де, тұрмысы да жаман емес көрінеді. Еліне, ағайынына сыйлы, дос-жарандарының ортасында беделді екен.

– Бәрі дұрыс делік. Бірақ, мен әйелі қайтыс болған адамға ере кететіндей елудегі әйел емес шығармын.

– Айналайын, сені ешкім жетпістегі шалға теліп отырған жоқ қой. Өзіңнен он-ақ жас үлкен адам. Әрбірден кейін қыздай баруға болатын азамат екен. Мен сені ойлаймын ғой. Қазір жастықпен ештеңені білмейсің. Кейін қартайғанда жалғыздықтың жарасы ауыр болады.

– Дәл қазір қартая қояйын деп тұрған жоқпын ғой. Ерте сияқты.

– Ерте дейтін ештеңесі жоқ. Кеш қалмаудың қамын ойлау керек. Оның үстіне Қайраттың балалары әлі шиеттей екен. Көресің осы балалар ертең сені анасындай көріп кетеді. Олар да сенің балаңдай болып кетеді.

Жамалға ең ұнаған тұсы осы болды. Өзіңнің өзегіңді жарып шықпаса да, балалы болғанға не жетсін. Рас-ау, ол балаларды Жамал баласындай көріп кететіні анық. Анасындай қамқор болар. Бірақ, ол балалар бұны анасындай көре ала ма? Қабылдамаса қайтпекпін. Жастай жесір атанғаным аздай, қырыққа келмей жатып, өгей шеше атанамын ба? Бір үміт пен бір күдік, Жамалдың санасында итжығыс түсіп жатты. Сол бір сәтте Жамал Қайраттың балаларын көргісі келіп кетті. "Өздері шеттерінен сүйкімді шығар. Байғұс балалар аналарын сағынып жүрген де болар" деп ойлады. Егер бұны жек көрмейтін болса, бұл сол балалар үшін-ақ барғысы, көнгісі келді.

Қайрат енді келсе сөйлесіп көрейін, әңгімеміз жарасып жатса, балаларымен кездесіп көрермін деп шешті. Бірақ, Қайраттан хабар болмады. Қанша Қайрат болғанымен, оның да меселі қайтқан болар. Оның үстіне емешегі үзілетіндей он сегіз жасар бозбала емес. "Кішкентай ботақандарына қарап жүрген болар. Ботақандары не істеп жүр екен". Жамал шешесінің айтқандарының бәрі рас екеніне көзі жетті. Шындығында солай екен-ау. Қайраттың өзімен де жарасып кетер, балаларына да бауыр басар. Жамал бір шешімге келді. Бірақ қырсыққанда Қайраттан хабар жоқ. Бақыт дегенің де қырсық қыз сияқты. Қашсаң қуады, қусаң қашады.

Мұғалімдер бөлмесі мектептің екінші қабатында еді. Терезесі көше жаққан қараған. Бір күні түстен кейінгі уақытта Жамал сол көше жаққа қараған терезеге қарап еді, таныс машинаны көрді. Иә, сол Қайраттың машинасы. Жүрегі өрекпіді, көңілі толқыды демей-ақ қояйық, бірақ, тұлабойы жылып сала берді. Келді-ау. Жасап отырған жұмыс жоспарын ертеңге қалдырып, қағаз-қаламдарын сөмкесіне салып, сыртқа беттеді. Шыға беріс жердегі айнаға қарап, өзін ретке келтірді. Күнде таңда жұмысқа шығарында айнаға бір қарайтыны анық қой. Бірақ бұл жолғы қарасы өзгеше болды. Өзіне назар сала қарады. Жамалдың тағы бір жақсы қасиеті сол – бұл қыз көзбояушылықпен айналыспайтын. Өзгелер құсап бетіне бес батпан бояу жақпайтын. Тіпті ерніне далап жаққан кезі жоқ. Астыңғы ернімен үстінгі ернін, сосын үстінгі ернімен астыңғы ернін сулап, сыртқа беттеді. Бұл сыртқа шыққанда Қайрат та көлігінен батылсыз түсті. Жамал да бірден елп ете қалмады.

– Мен сізге келме деп едім ғой, – деді.

Қайрат та бай қайратын бойына жиғандай болып:

– Кешір, Жамал, ендігәрі мазаламаймын. Осы жолы соңғы келуім. Аз ғана уақытыңды қишы, – деді.

Енді кері кетудің еш жөні жоқ. Осы жолы қырсықса, бәрі де кеш болуы мүмкін. Баяғы Шердің де сөзі есіне түсті. "Сен әлі жассың, әлі-ақ бақытыңды табарсың, сен бақытқа лайықтысың" деген. Мүмкін менің бақытым осы шығар. Жамал Қайраттың көлігіне отырды. Екеуі ауыл сыртындағы өзеннің жағасына барып тоқтады.

– Жамал, мен де осы күнді Құдайдан тілеп алған жоқпын. Басыма салған тағдырға көндігіп жүрген адаммын. Шынымды айтсам, әйел ала қояйын деп алып-ұшып жүрген де жоқпын. Тек балаларыма да қиындау болып тұр.

– А-а-а, балаларыңызға қарайтын адам іздеп жүрмін деңіз...

– Олай деме. Балаларыма қарайтын адам емес, ана болатын, шеше болатын адам іздеп жүрмін. Және әйтеуір бір адам болса болды деп жүрген жоқпын. Өзім де ендігі өмірімде жарасты ғұмыр кешетін, жаны аяулы адам іздегем.

– Таптыңыз ба?

– Таптым. Ол сенсің.

– Мен екеніме қалай сенімдісіз. Мені сіз толық білмейсіз де ғой.

– Білемін.

– Жарайды, білесіз делік. Балаларыңыз қалай қабылдайды екен.

– Жақсы қабылдайды. Оған да сенімдімін. Сенбесең барып көр. Ұнамаса, бас тартуыңа болады.

Екеуі келісті. Алдағы демалыс күні Жамал Қайраттың ауылына баруға келісім берді. Оның бұл шешіміне анасы да қатты қуанды. Жасы үлкен адамдар кісі таниды ғой. Оның үстіне жағдайды да кеңінен түсінеді. Әйтпесе, Жамалдан құтыла алмай отырған жағдайы жоқ.

Келісілген уақыт келгенде Жамал ерекше дайындалды. Ең әдемі көйлегін киді. Қайраттың ұнатқаны анық. Енді балаларына ұнауы тиіс. Егер балалары теріс көретін болса, онда арыға барудың керегі жоқ. Өйткені баланың көңілі, баланың жан дүниесі деген ерекше нәрсе. Онымен ойнауға болмайды. Жамал сол балаларға арнап әртүрлі ойыншықтар алғысы келді. Барғанда құры қол бармай, қолдарына ұстатайын деп ойлаған. Артынша ол ойынан айнып қалды. Балалардың көңілін аулап, сол арқылы жігіттің басын айналдырып алғандай болмайын, қаласа осы қалпым, қаламаса оны да көрейін деп шешті. Шындығында алғаш бара жатып ойыншығын көтере барса, кім не ойлайды?

Қайрат Жамалды ертерек алып кетті. Жол бойы әртүрлі әңгімелерді айтқан болды. Бірақ, әлі нақты шешім қабылданбағаннан кейін екеуі де қысқа қайырып отырды. Жамал қайбір әңгіме айтсын, Қайраттың сұрақтарына жауап беріп, кейбір түсінбеген жерлерін сұрап қана отырды. Жамалдың "Балаларыңыз сіздің бұл шешіміңізді біледі ме, қалай болар екен, егер мені қабылдамаса ше?" деген сұрағына, "Алдын ала ештеңе демейін, барғанда өзің көресің" деп қана қоя салды.

Қайраттың үйі ауылдың орталығына орналасқан екен. Кең сарайдай. Ауласы да тап-тұйнақтай. Бұл үйден ұқыптылық пен тазалық бірден көрініс берді. Қайраттың үлкен қызы бар болғаны үшінші сыныпта оқиды екен. Аты – Айым. Сол бірінші шығып, амандасты. Үшінші сыныптың қызы деген аты болмаса, ересектеу көрінді. Жамал оның бетінен сүйіп еді, ол да бұның бетінен сүйген болды. Алғашқы қадам жаман болған жоқ. Одан кейінгісі Айбар атты ұлы екен. Ол шатақтау болып шықты. Бірінші сыныпқа биыл барған батырыңыз амандасқан да жоқ, қолындағы планшетінен көз алмай, ойнап отыра берді. Әкесінің "Тәтеңе амандаспайсың ба?" – дегеніне, "Ол менің тәтем емес!" – деп жауап берді.

– Мейлі, тәтең болмаса да, жасы үлкен адамға амандасу керек!

Сол кезде барып қана басын көтермеген күйі:

– Сәлеметсіз бе! – деді.

– Сәлеметпін.

Бірінші қадам сәтті болғанымен, екінші қадам ауырлау болды. Айбар тіксінтіп тастады. Бұл Жамалдың көңілін түсірмесе де, уайымын қалыңдатты. Тәрбиелі бала екені көрініп тұр. Бірақ, мына бөтен адамның келісінің жәй келіс емес екенін білетін сияқты. Әкесіне өкпелеп, бұны жек көріп отырған да болуы мүмкін. Үшінші баласын көргенде Жамалдың жүрегі ауырып кетті. Бар болғаны үш жастағы қыз бала екен. Аружан десе Аружан дерсің. Өзі сондай сүйкімді. Өзімен-өзі ойнап отыр. Қолына алып көтеріп еді, қарсы болған жоқ.

– Сен менің жаңа мамамсың ба?– деді.

Жамал не деп жауап берерін білген жоқ. Сол себепті де кішкентай періштенің мына бір аңғал сұрағын жауапсыз қалдырды. Жауабын күткен ол да жоқ.

– Менің өз мамам аспанға ұшып кетті, – деді.

Жамал мына балалар үшін осы үйде қалу керектігін түсінгендей болды. Жарайды. Алла бұның өзінің құрсағына бала бітірмеген екен, бірақ, мына балаларды беріп тұр емес пе? Әсіресе, Аружанның "Сен менің жаңа мамамсың ба?" дегені жанын жылытты. Өмірінде "мама" деген сөзді алғаш естіді. Айым да бұған теріс қарамайтын сияқты. Айбар батырдың кішкентай жүрегіндегі үлкен қызғаныш қана болмаса, бәрі де дұрыс сияқты. Мейлі, уақыт өте келе оның да өкпесі жазылар.

Жамал Аружанды ойнатып отырғанда Қайрат пен Айым екеуі бірге жүріп дастархан жайып, шәй даярлаған. Жамал да келмей жатып ас үйге араласуды жөн көрмей отыра берген. Тек дастархан басына келгенде ғана Қайраттың қолынан шәугімді алды.

– Мен құяйын, – деді.

Төртеуі отырып шәй ішті. Айбар батыр "қарным тоқ, жаңа ішіп алғанмын, ішпеймін" деп отырып алды. Шай ішіп болғаннан кейін бұлар кетуге ыңғайланды.

Жамал шығып бара жатқанда Айым оның жанына келіп:

– Келесіз бе?..– деді.

– Келемін!– деді, Жамал шешімді бірден қабылдап. Сөйтті де Қайраттың машинасына отырып кетті.

Жолда келе жатқанда Жамал Қайраттан:

– Балаларды жалғыз қалдырғаныңыз қалай?-деп сұрады.

– Жалғыз емес, қарындасым бар. Сен қысылмасын деп уақытша үйіне кеткен. Жақын маңда тұрады, ендігі келіп те алған болар.

Қайрат пен Жамал қайтар жолда еркін сөйлесіп қайтты. Келерде әлі шешім қабылданбаған еді, ал, бұл жолы бәрі де айқын. Бірақ, бірден еркінсіп кеткен екеуі жоқ. Сол сіз-бізден ары аспай сөйлесіп отырды. Қайрат батылсыздау үн қатты.

– Сонымен келістік қой?

– Түсінбедім.

– Алдағы өмірімізде бірге боламыз ғой.

– Мен әлі сізге уәде берген жоқ едім, неге олай сенімді сөйлейсіз?

– Уәдені маған бермегеніңмен Айымға бердің ғой. Үлкен адамға берген уәдені орындамауға болады. Ал, баланың көңілін қалдыруға болмайды. Кетерде келемін деп кеттің, енді баруға тиістісің.

– Иә, мен сол Айым мен Аружан үшін-ақ барамын. Бірақ, Айбардан қорқамын.

– Айбарды уайымдама, ол тура мен сияқты...

– Сіз қандайсыз?

– Сыртым қатты болғанымен, ішім майдай еріп тұрады. Айбар да сол. Бір жібітіп алсаң болды, кіп-кішкентай қорғанышың болады.

Қайраттың осы әңгімесі шындық екен. Оған Жамалдың кейіннен көзі жетті. Осы кездесуден кейін көп ұзатпай Қайрат Жамалдың үйіне құдалықтың жөнімен ағайынын жіберген. Он сегіз жасар қыз қылып ұзатып, той қылып алып шықпаса да ата-бабаларымыздан келе жатқан құдалықтың жөнін жасаған. Қалың мал, киіт дегендей. Сөйтіп Жамалды біржола өз үйіне кіргізген. Жамал балаларды, балалар Жамалды жатсынбады. Өткен жолғы алғашқы кездесуден кейін тіпті сағынысып тапбысқандай болды. Әсіресе, Айым мен Аружан шешелері тіріліп келгендей қуанып қалды. Шіркін-ай, дүниеде жас сәбидің қуанғанынан артқан, сол жас сәбиді қуантқаннан асқан не бар дейсің. Сол сияқты жас сәбидің өкпесі де ауырлау болады екен. Екі қыздың шаттығы қуантқанымен Айбардың реніші ауырлау болды. Жамалды жақтырмады. Жақтырмады, жаратпады деген жәй сөз, жек көрді деуге келеді. Тіпті анасын сол өлтіргендей қабақ ашпады. Өмірде осындай да ауыр жағдай болады екен. Жамал бәріне шыдады. Анау екі қыздың бұған деген сүйіспеншілігі керемет болды. Бұның да олар дегенде шығарда жаны бөлек болды. Ойпырмай, осындай да болады екен, мына балаларды Жамал тумады дегенге кім сенеді. Құдды туған шешесі дерсің. Таңын солармен атырып, күнін солармен батырады. Жамал осыған дейінгі қиын күндерінің өтеуін көргендей болды. Шындығында солай, Жамал өзін нағыз бақытты адам сезінді. Бақыт деген осы екен-ау. Енді бұдан артқан қандай бақыт, қандай байлық керек. Айымның шашын өріп отырған сәті қандай десеңші. Аружанды көтеріп жүрген кезі ше? Айбардың ғана қыртысқан қабағы болмаса бәрі де жақсы, бәрі де тамаша.

Иә, шеше ретінде, ана ретінде өте бақытты. Ал, жар ретінде ше? Жар дейтіндей әлікүнге жар қызығын көре қоймаған екен. Қайрат екеуі ерлі-зайыпты емес, басқалай туыс жандар сияқты болды. Айтсаң біреу сеніп, біреу сенбес, шындығы сол, екеуі бас құрағанымен әлікүнге бірге жата қоймаған. Қайрат Айбармен бірге жатады, Жамал екі қызды құшағына алады. Бірақ, дастархан басында да басқа жерлерде де жарасып жүрді. Қайрат Жамалды жұмысқа шығармады. "Керек болса, қалаған уақытыңда шығарсың, қазірше балалардың жанында бол, бір-біріңе бауыр бас, менің табысым тіршілігімізге жетеді" деді. Жамал да қарсы болмады. Оған осы тірлігі ұнайтын. Тіпті өмір бойы осылай жүре беруге де бейіл еді. Тағдыр дейсіз бе, басқа дейсіз бе, өзіңіз білерсіз, бірақ, адамнан сор арылмаймын десе, арылмайды екен ғой. Осынау тәп-тәтті күндердің көп өтпей шырқы бұзылады деп кім ойлаған. Жамал әдеттегідей төсегінен бақытты болып оянып, бақытты болып тұрып, бақытты болып әр баланың қамын жасап, күйін келтіріп, үйдің бітпейтін тірлігіне кірісіп кеткен еді. Түс әлетінде Күлиша атты көрші апа кіріп келді. Жамал ол кісіге дастархан жасап, шәйін берді. Күлиша апа дастархан басында біраз әңгіменің тиегін ағытты. Қайраттың алдыңғы әйелінің жақсы қасиеттерін айтып еске алды. Өлім түгілі өкпеге қимайтын адам еді деді. Сондай адамның дүниеден өткеніне жаны ауыратынын жеткізді. Балаларға обал болды-ау деп жүргенде Жамалдың кезіккеніне шүкіршілік ететінін де айтты. Неге осы Жамалға тоқталғандарын айтқанда Жамал у жұтқандай болды. Осынша жасқа келген адамның таяз болатыны қандай жаман еді. Жамалдың жанын ауырту үшін емес, әшейін, әңгіменің жалғасы ретінде айтқан әңгімесі жаның мен жүрегіңді ауыртып қана қоймай, адамды қорлап тастарлық еді.

– Келіннің жылын өткізгеннен кейін Қайратқа адам іздей бастадық. Өзінің ешкімі жоқ екенін білдік. Әркім өзі танитын адамдарын ұсына бастады. Содан саған тоқталдық. Саған тоқталған себебіміз сол, бала тумайтындығың болды. Егер бала туатын әйел болса, мына балаларға қарамай, өз баласына іш тартып, мына бейшаралар шеттеп қалады, өгейлік көреді дедік. Оның үстіне әйелі өлген адамға байдан қайтқан біреу болмаса, қыздай тие қоятын кім бар? Байдан қайтқанда да салдақылығымен, нашар мінезімен емес, адамшылық себебімен қайтқаны да есепке алынды.

Күлиша апа сөйлеп отыр. Бірақ, бұдан әрісін Жамал тыңдай алмады. Адам дегенді тағдыры қорлаймын десе оңай-ақ екен-ау. Жамал қатты қорланды. Өзін қор сезінді. Мына сөздерден кейін адамның еңсе тіктеуі де қиын шығар. Қайшы енесі керексіз қылып қайтарғанда да дәл осылай қорланбаған шығар-ау. Мазақ болудан асқан азап бар десе, басқалар сенер, Жамал сенбейді. Құдай-ау, осынша қорланатындай не кінәм бар еді деді. Шындығында еш кінәсі жоқ еді ғой. Бала тумайтындығың үшін саған тоқталдық деді ме? Өзін қорлаған адамға кетіңіз, шығыңыз деп айтпаса да, бір сылтау айтуға болатын еді ғой. Жамал мүлде олай етпеді. Шыдап бақты. Шыдады дейміз-ау, қайдан шыдасын, жанарының шарасына толып, төгіліп бара жатқан жасын көрсетпей, келесі бөлмеге шығып кетті. Тамағына кептелген өксік ауа жұтқызбай тұр еді, жылаған сәтінде жібіді. Жамал ұзақ жылады. Осыншама азапты ғұмыр болады екен-ау. Күлиша көрші бұл үйді өзі үйіндей сезінетін. Кіріп-шығып жүре беретін. Сол әдетіне салып, дастарханнан бірер түйір кәмпитін алып қайтқан екен.

Жамал жылауын доғарып, орнынан тұрды. Орнынан тұрған бетті шифонердегі киімдерін жинастыра бастады. Өзіне тиесілі киімдері мен заттарын екі-үш сөмке қылып, буып-түйді. Жиналып болды да Қайратты күтті. Сол аралықта Айым да сабағынан келген. Жан мамасының жабырқау жүзін көріп, кішкентай жүрегі бір шикілікті сезгендей болды. Бірақ, сұрауға батпады. Жамал оның шайын беріп, сабағын оқытты. Кешкілік Айбар мен Аружанды балабақшадан әкеліп, төртеуі теледидар көріп отырғанда Қайрат келді. Бұл күнде ол да уайымнан, қайғыдан арылған, жүзіне шуақ тұнған. Өзіне деген бір сенімділік бар. Бұның бәрі де Жамалдың арқасы. Сөйтіп еңсесін тіктеген Жамалының жабырқау жүзін көріп тұрып қалды.

– Айбар ренжітті ме? – деді.

– Жоқ.

– Енді не болды?

Жамал жауап берудің орнына өз бөлмесіне кіріп кетті. Қайрат ере кірді. Жамалдың жиюлы жүгін көріп, әңгіменің терең екенін түсінді. Бірақ, ештеңе сұрамады. Өзі айтар деген. Жамал бұның жүзіне тік қарады. Осызда сұлу келіншек жылағанда тіпті құлпырып кетеді екен ғой.

– Неге?-деді.

– ...

– Неге мені бұлай қорладыңыздар?

– Кім сені қорлаған?

– Мені не үшін таңдағандарыңыз белгілі болды. Балаларға қарау үшін өзі бала көтере алмайтын кемтар келін іздеген екенсіздер. Сол кемтарларыңыз мен екенмін. "Іздегенім сенсің" дегеніңізде қуанып қалғам. Сөйтсем, сіз басқа оймен айтқан екенсіз.

– Рас, о баста сондай әңгіме болған. Жанашыр туыстардың қысқа ақылы. Ал, сені ол үшін емес, адамдығың үшін алдым. Мына ойың мүлде қате. Қате екеніне сенші.

Қайрат жылап тұрған Жамалды жұбатпақ болып құшағына тартты. Тұңғыш рет құшақтады. Құшақтап тұрып маңдайынан, шашынан иіскеді. Жамалдың денесі босап кетті. Сүйенетін адамың болса, бойыңнан күш кете ме деймін. Қайрат Жамалдың ернінен сүйді. Тұңғыш рет. Екеуі татуласқандай, табысқандай болды. Қайрат Жамалдың жинап қойған сөмкелерін нұсқап:

– Киім-кешектеріңді орнына қой. Мына балаларды жылатып қайда кетпексің?

– Балалар менің кеткеніме өкіне қоймас.

– Қайдам, олар аз уақытта саған бауыр басып қалды. Енді сенен тірі болып айырылмас.

Қайрат балалары отырған бөлмеге қарап:

– Айым, Айбар, Аружан, – деп айқайлады.

Үшеуі де бұлар отырған бөлмеге кіріп келді. Сұраулы жүзбен бұлардың бетіне қарап тұрды.

– Тәтелерің "енді сендерге мама болмаймын" дейді.

Мына сөзді естіген Аружан жүгіріп келіп, Жамалды құшақтап алды.

– Анашым, ешқайда кетпейсің, кетсең мені ала кет, – деді.

Айым ересектеу ғой, жәймен басып жақындады да:

– Кетпеңізші. Сізсіз бізге қиын болады,-деді.

– Айбар, сен не дейсің?– деді Қайрат еркесіне қарап.

Айбар жауап берген жоқ. Ол да Жамалға жақындап келіп, бетінен сүйді. Кетпеңіз дегені де, жақсы көремін дегені де, осыған дейінгі салған қиғылықтарына сұраған кешірімі де сол шығар. Жамал да оның бетінен сүйіп шашынан иіскеді. Міне, бір отбасы болды деген осы. Көрші кемпірдің шолақ ақылының кесірінен басталған реніш, ақыр аяғында бұларды табыстырып, жақындастырып кетті. Ортада көз көрінбейтін бір перде бар еді, ол сыдырылды. Бәрі бірге отырып, кешкі ас ішті. Жамал кетемін деп жиналғанымен, жылып жүріп тамақ жасаған еді, өте дәмді болған екен. Тамақтанып болғаннан кейін, біраз уақыт теледидар тамашалады. Ертерек ұйықтап қалған Айбар мен Аружанды көтеріп апарып орындарына жатқызды. Бұл кезде Айым да өз бөлмесіне кіріп кеткен. Қайрат пен Жамал үнсіз түсінісіп, үнсіз келісті...

Қайрат таң алдында оянып, көзін ашып қарап еді, бауырында бүрісіп жатқан Жамалды көрді. Суыққа тоңған бозторғайдай, иә, болмаса, пана іздеп қана талып, ақыр соңында сол іздеген панасын тауып, саялаған көгершіндей болып жатыр екен. Қайраттың бойында аяушылық сезімі туды. Кейде адамның адамға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі осы бір аяушылық сезімінен де туындап жатады емес пе...

Жамал осыған дейінгі көрген зәбірі мен шеккен жапасын ұмытып, Қайраттың қайратты құшағынан сая тапқандай, жалғыздығынан да құтылғандай сезінді. Енді ол жалғыз емес. Оның арқа сүйер азаматы бар. Балалар да өздеріне ерте келген жетімдіктен құтылғандай қуанды. Бірін-бірі аяй жүріп жақындасып кеткен оларды өгей деуге келмейді.

Кейде Жамал "Осы мен өмірімде кездескен азаматтардың қайсысын сүйдім, кімді шын жақсы көрдім немесе қайсысын құрмет тұттым, кіммен бақытты болдым?" деп ойланатыны бар. Бүгінгі күніне көз салса, бәрі де жақсы, бәрі де керемет. Жамалдың да бақытты болуға хақысы бар. Ол да Алланың жаратқан пендесі. Көрсетемін десе, Алланың пендесіне деген жақсылығы аз ба?

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797238](https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797238)