---
title: "Бақытты Жамал (Шағын хикаят)"
description: "Сол күні, сол сәтте, сол бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай..."
author: "Beibit_Sarybai"
published: "2018-02-19T16:18:29+00:00"
modified: "2021-12-20T07:57:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797227"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797227/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

> Сол күні, сол сәтте, сол бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай...

Сол күні, сол сәтте, сол бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда, бұның бірі де болмас па еді?. Тағдыр дегенді қойсаңшы.

Күздің қоңыр салқын күндерінің арты ызғырыққа айнала бастаған шақ еді. Жаз дегенің жақсы екен ғой. Әсіресе аш-жалаңаш кедейлер үшін қолайлы мезгіл. Бұрынғылардың "өлмеген құлға келді жаз" дейтіні де сол болса керек. Күздің алғашқы күндері жаз секілді жайма-шуақ еді. Оқу корпусы мен жатақхана арасында жеңіл киіммен жүре беруге болатын. Алматының ауа-райына сеніп болмайсың, міне, бір-ақ күнде қар түсіп, қамданып үлгермегендерді қалтыратып-ақ жіберді. Сол қалтырағандардың бірі Жамал еді. Осы айдың соңына жетсем, шәкіртақыма ең әуелі сырт киім аламын деп жүрген. Жамалды күтіп отыратын күз бе екен, ай ортасына жетпестен ақ ұлпа қарын төгіп өтті...

Айналасында қарыз сұрай қоятындай ешкімнің реті келмеді. Бәрі өзіндей студенттер. Содан не керек, қала сыртында тұратын ағасының үйіне бармақ болып шешкен. Аялдамада адам қарасы көп екен. Осындайда күткен автобусың да келе қоймайды. Жамалдың денесі тоңып, дірдектей бастаған. Айналасындағылардың әрқайсысы Жамалға бір қарап өтеді. Дүниеде өзіңді біреудің мүсіркегені, аяғаны қандай жаман. Одан да жаманы бар екен. Кейбірі бұны бір әдейі осылай киініп, жеңіл жүргендей қарайтындай. Тәніңнің тоңғаны түк емес, жаныңның мұздағаны қандай жаман. Аяз бір жақтан, елдің көзі екінші жақтан жеп тұрғанда көшеде өтіп бара жатқан көліктердің бірі бұның қасына келіп тоқтай қалсын. Алдыңғы терезесін түсіріп:
- Отыр, қарындас,-деді.

Бұл үндемей тұра берді. Оның не оймен қамқор болып тұрғанын бір Алланың өзі білсін. Ал, Жамал мүлде ондай қыз емес.

Ана жігіт те қояр емес:
- Қорықпа, қарындас, отыр, қатып өлесің ғой,-деді.

Расымен қатып өлетін түрі бар. Бірақ мына көлікке отыра салса, бұның кім болғаны? Айналадағы жұрттар не ойлайды? Мүмкін шын мәнінде жаны ашып тұр ма? Сананы билеген сапасыз сан сұрақ. Жан-жағындағы жұрттың жеп бара жатқан көзінен қашып құтылғысы келді ме екен, жігіт үшінші мәрте ұсыныс жасағанда бұл көліктің артқы жағына отырды. Жігіт бұның барар жерін сұрады. Бұл – бет алған бағытын айтты. Сүліктей қара машина жүре жөнелді. Іші қандай жайлы. Жайлы емес, жылы. Тым жылы. Бойы жылына бастағанда жігіт әңгіме бастады. Сол баяғы жауабы маңызды емес, жаттанды сұрақтар. Қай ауылдансың, қайда оқисың, қаншасыншы курс, атыңыз кім болады? Атын айтқанда рөлдегі жігіт көліктің айнасынан бұған бір көз тастап қойып:
- Осы заманда да Жамал деген қыз болады екен, ә,..-деді.

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797227](https://yvision.kz/kk/post/ba-ytty-zhamal-sha-yn-hikayat-797227)