---
title: "Бағлан Әбдірайымов қымбат көлігін екі аяғы жоқ жігітке..."
description: "Белгілі әнші, актер, продюсер Бағлан Әбдірайымов қымбат тұратын BMV-сын екі аяғы жамбасына дейін кесілген Нұржан есімді мүгедек азаматқа тарту етті. Бұл сәттің де видеосын әлеуметтік желіге салған әншінің айтуынша, екі жыл бұрын өкшесіндегі..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-04-08T07:19:28+00:00"
modified: "2024-04-08T07:21:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-lan-bdirayymov-ymbat-k-ligin-eki-aya-y-zho-zhigitke-syylady-1003120"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-lan-bdirayymov-ymbat-k-ligin-eki-aya-y-zho-zhigitke-syylady-1003120/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бағлан Әбдірайымов қымбат көлігін екі аяғы жоқ жігітке...

> Белгілі әнші, актер, продюсер Бағлан Әбдірайымов қымбат тұратын BMV-сын екі аяғы жамбасына дейін кесілген Нұржан есімді мүгедек азаматқа тарту етті. Бұл сәттің де видеосын әлеуметтік желіге салған әншінің айтуынша, екі жыл бұрын өкшесіндегі...

*Белгілі әнші, актер, продюсер Бағлан Әбдірайымов қымбат тұратын BMV-сын екі аяғы жамбасына дейін кесілген Нұржан есімді мүгедек азаматқа тарту етті.*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/8e2fd7786dbabbf6bf687b9997c6ba.jpg)

Бұл сәттің де видеосын әлеуметтік желіге салған әншінің айтуынша, екі жыл бұрын өкшесіндегі жарақаттан басталған дерт Нұржанды осы күйге түсірген. Мүмкіндігі шектеулі жанның төрт баласы бар. Әбдірайымов нағыз мұқтаждықты бастан кешіп отырған отбасылардың бірі осылар деп есептейді. «Сынақ сындыру үшін емес, ширату үшін келеді» - дейміз. Десек те қиын-ақ. Кішкентай төрт баласы және жары бұл сынаққа қалай төтеп беріп жүргені бір Аллаға аян! Жарына мың алғыс! (Көлік) осы отбасыға лайықты деп ойлаймыз! Береке берсін!» – деп жазған әнші. Ол қара түсті қара түсті BMV-ның кілтін жаңа иесіне табыстап тұрып, әкесіне қатысты арманын орындап үлгере алмай қалғанына өкінетінін айтты.

«Жақында әкем қайтыс болған. Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берген кезімде мен қазақтың жігіттеріне арнайылап тұрып айтқанмын: «әке-шешелеріңіз тірі кезінде барлық жақсылықтарыңызды жасай беріңіздер». Мен, мысалы, әкеме жаңа көлік әпере алмадым. Енді оныкін жөндетіп бердік. Осы наурыздың 29-ы күні әкемнің туған күні еді. Біз оған жаңа көлік алып, міне, сылаймыз деп отырған кезде, ажал айып келмейді, әкеміз мәңгілік сапарына кетті. Сол кісіге жасай алмаған жақсылықты бір азаматтарға жасасам деген ой болған. Екі-үш жылдан бері өзім мініп жүрген қара көлігім бар. Шынайы, риясыз көңілмен, Нұреке, сіздің қолыңызға табыстаймын. Бір қажетіңізге жаратып, менің жаңағы ішімде қалып кеткен «әттеген-ай» деген жарам осымен жазылса екен, Сосын сіздің де көңіліңізге демеу болсын. Менің де көңілім тыныш тапсын, сіздің де көңіліңіз көтеріле берсін», – деді Бағлан Әбдірайымов.

Ол [қымбат көлігін бір жігітке сыйлаймын деген ниетін](https://yvision.kz/kk/post/ba-lan-bdirayymov-ymbat-k-ligin-syyly-retinde-beretin-ba-y-bar-zhigit-kim-1003073) кеше әлеуметтік желіге жариялаған болатын.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ba-lan-bdirayymov-ymbat-k-ligin-eki-aya-y-zho-zhigitke-syylady-1003120](https://yvision.kz/kk/post/ba-lan-bdirayymov-ymbat-k-ligin-eki-aya-y-zho-zhigitke-syylady-1003120)