---
title: "Баһадүр Хакім, кино актері: Қазақ актерлеріне жетіспейтін нәрсе ол – еркіндік"
description: "– Баһадүр, ата-бабаларыңыз Түркияға қалай барған еді? – Менің ата-бабам XX ғасырдың соңында Семейде..."
author: "Maigul"
published: "2013-11-18T03:20:59+00:00"
modified: "2013-11-18T03:37:09+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ad-r-hakim-kino-akteri-aza-akterlerine-zhetispeytin-n-rse-ol-erkindik-385447"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ba-ad-r-hakim-kino-akteri-aza-akterlerine-zhetispeytin-n-rse-ol-erkindik-385447/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Баһадүр Хакім, кино актері: Қазақ актерлеріне жетіспейтін нәрсе ол – еркіндік

> – Баһадүр, ата-бабаларыңыз Түркияға қалай барған еді? – Менің ата-бабам XX ғасырдың соңында Семейде...

![Баһадүр Хакім, кино актері: Қазақ актерлеріне жетіспейтін нәрсе ол – еркіндік](https://storage.yvision.kz/images/user/maigul/M9SYZ2uwu3GJe9daEIFr3Z4RHkSK2Y.jpg)

**– Баһадүр, ата-бабаларыңыз Түркияға қалай барған еді?** – Менің ата-бабам XX ғасырдың соңында Семейден Қытайға қоныс аударған екен. Олар Қытайдың тыныш болмауынан Гималай тауларын, Пәкістанды басып өтіп 1953 жылы Түркияға келіпті. Мен 1978 жылы Измир қаласында туылдым. **– Актерлікпен Түркияда маманданған болдыңыз ғой?** – 2002 жылы ең алғаш мені Түркияның атақты режиссері Осман Сынап байқап өз сериалына шақырды. Онда қытайдың рөлін ойнадым. Осы жылы жазушы, режиссер Джем Иылмаз маған және бір рөл берді. Осылайша бірнеше сериалдарға қатыстым. Араштың бейне баянына да түстім. Осыдан бастап актерлікке қызығушылығым арта бастады. Қазір Синема актерлік шеберлігіне тәрбиелеу мектебінде оқып жатырмын. **– Қазақстанның киноларын көресіз бе?** – Иә, Қазақ елінің киноларын жиі көремін. Қазақ актерлеріне жетіспейтін нәрсе ол – еркіндік. Қазақстан телеарналарын не үшін түрік сериалдары жаулап алған? Түрік әртістері тұрмыстық тілмен, еркін ойнай біледі. Сонысымен киноларының бәрі тартымды. Қазақстанда көбінесе театрдың әртістері сериалдарға түсетін сияқты. Олардың қимыл-қозғалысынан тартып сөз мәнеріне дейін театрда ойнап тұрғандай әсер береді. Яғни, жатық, ауызекі тілмен, қарапайым тіл екпінімен сөйлемейді. Мен Қазақстанға барып осы жағын үйретіп, қазақ киносын дамытуға үлес қосқым келеді. **– Қазақстанға келіп көрдіңіз бе?** – Иә, жазда Астанада өткен экшн фильм фестиваліне бардым. Маған фестивальден гөрі Атажұрттың топырағын басқаным терең әсерге бөледі. Әсем Астана мен онда тұратын қазақ ағайындарым қуантты. **– Қазақстанға бір жола келу ойыңызда бар ма?** - Мені «Әке борышы» атты сериалға Түркиядан келген қазақ дәрігерінің рөлін сомдауға шақырып жатыр. Жақын арада сол киноға түсуге барамын. Құдай қаласа, осы жолы Қазақстан азаматтығын алып, Атажұртта біржолата қаламын деген бек шешімге келіп отырмын. **– Атажұртқа жетем деген асыл арманыңыз орындалсын. Әңгімеңізге рахмет!**

 

**Сұхбаттасқан:** **Майгүл СҰЛТАН**

**[BAQ.KZ](http://baq.kz/kk/diaspora/64)**

** **

** **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ba-ad-r-hakim-kino-akteri-aza-akterlerine-zhetispeytin-n-rse-ol-erkindik-385447](https://yvision.kz/kk/post/ba-ad-r-hakim-kino-akteri-aza-akterlerine-zhetispeytin-n-rse-ol-erkindik-385447)