---
title: "Бәйдібек би қай заманда өмір сүрген?"
description: "«Тау баласы» атты тахаллуспен жазып жүрген азамат Бәйдібек шежіресіне қатысты айтылған жазушы ағалар..."
author: "Omirhan"
published: "2017-02-07T03:10:46+00:00"
modified: "2017-02-07T03:10:46+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-ydibek-bi-ay-zamanda-mir-s-rgen-754227"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-ydibek-bi-ay-zamanda-mir-s-rgen-754227/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бәйдібек би қай заманда өмір сүрген?

> «Тау баласы» атты тахаллуспен жазып жүрген азамат Бәйдібек шежіресіне қатысты айтылған жазушы ағалар...

«Тау баласы» атты тахаллуспен жазып жүрген азамат Бәйдібек шежіресіне қатысты айтылған жазушы ағаларымыздың пікіріне наразылық білдірген екен. Осыған байланысты менің досым Өмір Шыныбекұлы «Кейбір жазушылар тарихқа араласса, осылай бүлдіретіні бар. Оңтүстіктегі Еркінбек Тұрысов ақсақал мен Шойбек Орынбай аға да осы ізбен кетіп, өз шығармаларында бұл күнде ұрпақтары бірнеше тайпаға айналған Бәйдібекті Әмір Темірмен замандас етіп көрсетіп жүр.. Сосын, көркем әдебиет пен шынайы тарихты ажырата алмайтын оқырмандар өз ара жаға жыртысып жатады. Қазіргі қазақ тарихшы-ғалымдарынан мұның жайын Жамбыл ағадан артық ешкім білмесе керек»,- деп маған салмақ салыпты. Құрметті Өмке ! Мен Бәйдібек атамыз туралы пәленше заманда өмір сүрді деп нақты айта алмайды екенмін. Бұл тақырыпта әлі де ізденістер керек, жаңа деректер ғылыми айналымға енуі керек. Мен өлкетанушы қауымнан ел арасында жүрген қазақтың ауызша дәстүріне қатысты деректерді жинауды және бұл шаруада өте мұқият болуды ескеретмін. Егер ескі сөз болса оны қаз қалпында, бір әрпін де өзгертпестен жазып алған дұрыс, әрине ең дұрысы қазіргі техникалық құралдарды барынша пайдалану. Өмкеңнің ұсынысын пайдалана отырып мен қазақ шежіресіне, соның ішінде Бәйдібек тұлғасына қатысты пікірімді де білдіре кеткенді жөн көрдім.

«Қазақ шежіресі» 8-әңгіме: Шежіре және Бәйдібек бабамыз туралы

Шежіре- қазақ халқының өз тарихы туралы ХХ ғасыр басына дейін ауызша сақталған кешенді ақпараттарының жинағы. Шежіре сөзінің өзі түркі-моңғол халықтарында -жадыдағы тарих» дегенді білдіреді, семит халықтарындағы мағынасы «ағаш», «бұтақ» дегенге жақын. Егер араб аталары туралы бірдеме айтқысы келсе «шаджарат-ан нысб» дейді, яғни біздің «насаб-нама» немесе «генеалогия» деген ұғымға жақын. Есте ұстайтын мәселе қазіргі қазақ тілінде «шежіре» сөзі тек «тарих», «насаб нама», «ата тек» мағынасында ғана қолданылады да, оның екінші жағы -есте сақтауды «жады», «жадыда ұстау» «жады, жаттау, жатқа бiлу» алмастырған. Қазақ қоғамында тарихтың мағынасы мен міндетін түсіну өзге өркениеттер мен мәдениеттерден бөлек. Мысалы христиан және мұсылман әлемдері үшін тарихи информацияны жинақтау ережелері тарихи уақыт категориясына бағынышты болса, бізде ол тарихи тұлғаға толық бағынышты. Шежіреде тарихи дәуірдің негізгі панорамасын жігерлі, қасиетті, алып т.б. тарихи тұлға алып жатыр, сол себепті Шежіренің пайда болу тетігі тарихи оқиғаларды тарихи тұлға арқылы баяндауға арқылы қалыптасады. Тарихи уақыт категориясына бұл панорамада аса үлкен орын жоқ. Ол үшінші қатарға ысырылып қалады, ал оның есесіне тарихи кеңістік (жұрт) категориясы аса белсенді. Тарихи уақыттың есебін туысқандықтың таксономиялық деңгейлері арқылы анықтап көруге болады, бірақ ол өлшем өте шартты, себебі әр кезеңде насаб-нама жаңадан жасақталып отырады да, көптеген таксономиялық аталар тізімнен түсіп қалады. Қазақ шежіресінің маңызды бөлігі мифтік және тарихи аңыздар мен жырлар, бұлар егер ғылыми тәпсірлеу болса қазақ тарихы туралы басты және шынайы қайнар көз. Бұл тарих батыс және шығыс деректерінде біздің аталарымыз туралы жазылған үстірт дүниелерден әжептеуір алшақ екенін аңғарамыз. Өтеміс қажының «Шыңғыс -наме» кітабын талдаған В.Юдин деген шығыстанушы шежірені «далалық ауызша тарихнама» деп атап, «мәліметтерді (ауызша далалық тарихнама деректерін Ж.А.) тарихтың нақты анықталған фактілерімен салыстыра тексеру далалық тарихнаманың қайнар көздерінің шын деректерді беретінін көрсетеді», «оларда айтылатын оқиғалар мен тұлғалардың көпшілігі тарихи шындық», және «осы жағдай бұл тарихнамада баяндалатын көптеген жазба тарихқа белгісіз оқиғалар мен тұлғалардың өмірде болған деуге қорытынды жасауға мүмкіндік береді» деп кезінде осы мәселеге жақсы көзқарас қалыптастырып еді. Бүгінгі күні шежіре кешеніне кіретін деректерді жариялау, тіпті оның мәтінін бұзып редакциялау жиі кездеседі, бірақ тәпсірлеу, яғни интерпретация қиын жағдайда. Күн өткен сайын қазақтың байырғы тілін білетін адамдар, соның ішінде мамандар азайуына байланысты мәселе қиындай бермек. Біз осы салада бірталай еңбек жасадық, бірақ атқаратын шаруа бастан асады. Бәйдібек бабамыздың өмір сүрген кезеңін нақты анықтау үшін Қазақ хандығы ту тіккен дәуірдегі ру-тайпалық құрылымның жасақталуына басты назар аудару керек. Ру-тайпалық құрылымға қатысты «жасақтау» терминін енгізген Ақселеу ағамыз еді. «Қазақтың ауызша тарихы» кітабында Ақаң шартты түрде қазақтың шежірелік деректерін екіге бөлуге болады, оны біріншісі «ру-тайпаны, қала берді тұтас ел-жұртты ұйымдастыруға негізделген, яғни, ұлы бірлік идеясынан туындаған мифтік-аңыздық тұлғаларадың шежірелік түзілімі», ал екінішісі «...нақты тарихи генеалогиялық түзілім...негізінен Қазақ хандығы құрылғаннан бергі кезеңді қамтиды және қазақ қоғамындағы жаңадан жасақталған ру-тайпалық жүйені білдіреді» дейді. Қазақ хандығы құрылғанда ақылман бабаларымыздың үш жүздік әкімшілік-территориялық құрылымды таңдағаны белгілі. Құрылымның арқауы қылып туысқандық жүйені таңдағаны да жасырын емес, бірақ бұл туысқандықты абсолюттендіруге болмайды. Жоғарыда айтылған «жасақтау» туысқандық жүйеге тікелей қатысты. Мәселен Орта жүз құрамына енген алты тайпаның, яғни әкімшілік-территориялық бірліктің басын қосу үшін шежіреге «алты қожаны» енгізу қажет болды. Басқаша әр қайсысы ертеде жеке-жеке мемлекет құрған алты ұлыстың басын қалайша бір қазанға қосасың ?! Сол сияқты Арғын ішіндегі «Жеті Момын» бірлігін жасау үшін «жеті сопының» енгені белгілі. «Сопылар» таксоны Түрік қағанаттарынан қалған тайпаларды біріктіру үшін «қожалардан» ертерек енді ме деп жорамалдаймын. Сол сияқты Ұлы жүз құрамына енген ру-тайпаларды да біріктіру үшін туысқандық жүйеге бірталай жаңа таксондар енгізілді. Мәселен, Бақтиярдан Ойсыл мен Үйсін делінеді, бұл Сіргелі тайпасын Үйсін одағымен бір қазанға қосу үшін керек болған сияқты. Насаб-намада «Үйсіннен Ақсақал мен Жансақал шығады» деген әңгімедегі Ақсақал мен Жансақал Орта жүз шежіресіндегі «сопы», «қожа» деген ұғымдардың баламасы, яғни Жалайыр мен Үйсіннің өзге балаларын туыстастыратын шартты таксондар. Енді келіп Ақсақалдан Қараша би, одан Бәйдібек дейміз. Бұл жерде нақты генеалогияға өту әлі де жоқ. Себебі Бәйдібектің үш әйелі ру-тайпалардың бір атаға топтасуының үш кезеңін көрсетеді. Біріншісі -Сары бәйбіше, одан Сары үйсін. Міне, Бәйдібектің өмір сүрген кезеңін іздейтін жер осы. Бұл жерде зерттеуші Сары Үйсін болған жерде Қара Үйсін де бар екенін ескеруі керек, яғни бірі Батыс, бірі Шығыс үйсіндері ! Қара Үйсін қайда ? Сары үйсінге екінші қосылған топтың басында Шапырашты, Ошақты, Ысты. Бұлар Шығыс Ғұн империясы құлап, көптеген тайпалар батысқа қарай лықсыған уақытта өз орнында қалса керек. Ошақтының ата жолы статусы жағынан Жалайырдан кейін екінші орында тұруы да олардың әуел баста мықты болғанына дәлел, ал ол заманда мықты болу үшін Ғұнның элитасына жақын болу керек еді. Бәйдібек тобына үшінші қосылған топ -Жарықшақ балалары аталатын Албан, Суан және Дулат. Бұл жауынгер топқа енетін тайпалардың тарихының бір шеті Еуропада, бір шеті Қытайда. Яғни, бұлар Ғұндардың батысқа көші- қонына белсене қатысқан, сонау Римді тас-талқан қылып келген болуы мүмкін. Аттила (Еділ, Едіге т.б.) өлген соң оның империясының құрамына енген мың сан қауым ыдырады, бірі сол жерде қалды, бірі кейін серпілді. Бұл тарапта да әлі зертеулер жүргізу керек. Ұлы жүз құрамындағы Қаңлы, Шанышқылы т.б. шежірешілер онсыз да Бәйдібектен таратпайды, олардың тарихы сонау Оғыз қаған дәуіріне баратыны айдай анық. Ерте көшпелілер заманында бір жағы Сыр бойы, бір жағы Арқа жерінде Қаңлы мемлекеті болғанын қазір бес жасар бала да біледі. «Май ішсең -тойғанша іш» дегендей тағы да бір мәселе бар, ол жоғарыда аталған тайпалар Қазақ хандығына қашан қосылды деген әңгіме. Расында да қашан қосылды ? Моғолстан құлағаннан кейін бе ? Дулаттардың Моғолстанда басты тайпа болғаны анық, бірақ қазақ құрамына моғолстандық дулаттар енсе Бәйдібектің орнында генеалогияда түп ата болып Болатшы әмір тұрар еді ғой ?! Мысалы Дулатқа бәрімізден де етене жақын, төсекте басы, төскейде малы қосылып жүрген Қоңыраттың түп атасы Нағанай 1350 жылдары Хорезм өлкесін билеген ұлыс бегі, жазба деректерінен нақты белгілі адам. Оның да Болатшы сияқты ақ дегені -алғыс, қара дегені -қарғыс. Тарихы сан заманға кететін, байлығы шалқыған өлкені билеп тұру оңай ма ?! Қоңырат шежіресі мифтік-аңыздық заманнан басталады, бірақ түп атасы нақты тарихи қаһарман. Өмір досымның Бәйдібек шежіресіне қатысты пікір білдіріңіз дегені осындай әңгімелерге жетеледі. Оқырман ру-тайпа жөніндегі әңгімені дұрыс қабылдаса деген ұсыныс бар. Бұл тақырып тарихшы-этнографтардың айналдыратын дүниесі, қазіргі шынайы тіршілікпен аса үлкен байланысы жоқ. Тарихқа айналған ру-тайпалық құрылымды жандандырам деу, қай заманда өмір сүргені белгісіз, көбінесе шартты болып келетін түп аталарға ескерткіштер қою қазақтың бірлігіне сына қағатын бос әурешілік. Бұл мақалада қарапайым оқырманыма айтқым келгені де осы еді.

 
 

![](https://storage.yvision.kz/images/user/omirhan/eCLGDQ7mwWbumu6OiuLQCwEi97Bu7z.jpg) Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/b-ydibek-bi-ay-zamanda-mir-s-rgen-754227](https://yvision.kz/kk/post/b-ydibek-bi-ay-zamanda-mir-s-rgen-754227)