---
title: "БҚО әкімі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы жеке WhatsApp нөмірлерін мердігерге қалдырд"
description: "2020 жылдың 22 маусым күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Н.Есқалиевтің төрағалығымен өңірдегі ме..."
author: "anticorruptionZKO"
published: "2020-06-22T12:31:20+00:00"
modified: "2020-06-22T12:31:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-o-kimi-zh-ne-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yzmet-basshysy-zheke-whatsapp-n-mirlerin-merdigerge-aldyrd-859642"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-o-kimi-zh-ne-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yzmet-basshysy-zheke-whatsapp-n-mirlerin-merdigerge-aldyrd-859642/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# БҚО әкімі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы жеке WhatsApp нөмірлерін мердігерге қалдырд

> 2020 жылдың 22 маусым күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Н.Есқалиевтің төрағалығымен өңірдегі ме...

2020 жылдың 22 маусым күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Н.Есқалиевтің төрағалығымен өңірдегі мердігерлермен атқарылатын жұмыстардың сапасына қатысты кездесу өтті.

Шараға БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Р.С.Ақмырзаев, облыс әкімінің орынбасары Т.Ә.Шәкімов, Орал қаласының әкімі А.А.Шыныбеков, облыстағы мердігер компаниялар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында облыс әкімі Ғ.Н.Есқалиев: «Өңірдегі мердігер компаниялармен атқарылатын жұмыстардың сапасын арттыру, «Құрылыс саласының интерактивті картасы» жобасы, облыстағы лабораториялардың жұмыстарының тиімділігін қайта қарау, құрылыс нысандарының сапасын қадағалайтын арнайы жұмыс тобын» құруды тапсырды.

БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Р.С.Ақмырзаев: «Мемлекеттік сатып алу саласы бүгінгі күні жемқорлыққа ең бейім салалардың бірі болып табылады. Биылғы жылы осы салада 9 қылмыстық іс тіркелді. Ал, 2019-2020 жылдары аралығында 3 адам сотталды» - деді.

«Соңғы бес жылдың өзінде республикалық бюджетке сәйкес автомобиль жолдарын салуға, қайта құруға және күтіп ұстауға шамамен 1,8 трлн. теңге бөлінген. Алайда, сапасыз жолдар салынып, қоғамның наразылығы тудыруда. Бюджет қаражаты жымқырылып, сыбайлас жемқорлық фактілері орын алуда. Бұл жағдайлардың алдын алу мақсатында Агенттік бастамасымен «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі тұжырымдамасы жол сапасы мен құрылысы материалдарын сараптау кезінде азаматтық қоғамды тарта отырып, оның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету» - деп атап өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ғ.Н.Есқалиев және БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Р.С.Ақмырзаев мердігер компаниялар мен мемлекеттік сатып алудың басқа да қатысушыларын әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық фактілері туралы өздерінің жеке WhatsApp нөмірлеріне лезде хабарлама жіберуге шақырды

Шара соңында облыс әкімі Ғ.Н.Есқалиев өңірдегі мердігер компаниялардан жұмыстарын сапалы орындауларын талап етіп, сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге шақырды.

Егер сізге сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/b-o-kimi-zh-ne-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yzmet-basshysy-zheke-whatsapp-n-mirlerin-merdigerge-aldyrd-859642](https://yvision.kz/kk/post/b-o-kimi-zh-ne-sybaylas-zhem-orly-a-arsy-yzmet-basshysy-zheke-whatsapp-n-mirlerin-merdigerge-aldyrd-859642)