---
title: "Бұл Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді"
description: "Осы жылғы Жолдаудың шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол –..."
author: "qazaq_bala"
published: "2015-06-11T04:09:32+00:00"
modified: "2015-06-11T04:09:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-l-zholdauda-kimetke-na-ty-tapsyrmalar-berildi-508602"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-l-zholdauda-kimetke-na-ty-tapsyrmalar-berildi-508602/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бұл Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді

> Осы жылғы Жолдаудың шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол –...

**Осы жылғы Жолдаудың шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясат жүргізілетіні туралы хабарлаған болатын. Осы құжатқа қатысты түрлі деңгейде пікірлер айтылып жатыр, қоғамда да кеңінен талқылануда. Төменде сіздерге арнап өзімді қызықтырған үш қоғамдық тұлғаның айтқан пікірлерімен бөлісіп отырмын.**

**

![Бұл Жолдауда Үкіметке нақты тапсырмалар берілді](https://storage.yvision.kz/images/user/qazaq_bala/s2GC7s1YVmeAoii23nE7zZ5ZfjDibq.jpg)

**

**Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:**

Президенттің бір жылда екі рет өткізген Жолдауына таң қалып жатқандар көп. 2012 жылы да осылай бір жылда екі рет Жолдау арнаған болатын. Биыл да солай, есесіне 2013 жылы Жолдау болған жоқ. Мемлекет басшысы кеше «Нұрлы жол – болашаққа бағыт» келер жылға деп атап өтті. Әдеттегідей мұқият тыңдадық. Бұл жолы жалпылама емес, нақты басымдық беретін дүниеге ерекше тоқталды. Ол – жолдар мәселесі. Логистика – дамудың кепілі. Мысалы қытайтанушы бір ағамыз Дэн Сяопиннің билікке келген соң ең алдымен осы жол мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін айтады. Нәтижесінде қазір Қытай үлкен динамикамен дамыды. Логистиканың екі басты ерекшелігі бар. Біріншіден, ол – экономикалық табыстарға жол ашады. Кеше ғана ашылған Жезғазған – Бейнеу теміржолының бойында елді мекендер пайда бола бастағанын Президенттің өзі айтты. Демек бұрын елсіз жатқан жерге қан жүгірді. Сауда жасалады, алыс-беріс жүреді. Екіншіден, ішкі туризмнің дамуына жол ашады. Алматыда мен 10 жыл тұрып, керемет табиғаты бар Көлсайға бір-ақ рет барып, қайтадан аяқ аттап баспайтындай боп қайттым. Себебі жолы сын көтермейді. Суретін О.Бөкей салып беріп кеткен Катон-Қарағай деген сұлу жер бар. Бірақ жолы сұмдық. Әсіресе Алматыдан Өскеменге баратын жол. Бұл енді бірді-екілі мысал ғана. Үшіншіден, елдің ішкі бірлігін арттыруға да тікелей болмаса да септігі тиеді. Менің ұққаным осы».

Сондай-ақ, Жарқын Түсіпбекұлы баспана мәселесіне де тоқталып өтті.

«Жас отбасылардың баспаналы болуына жәрдем ететін бағдарлама қабылдауды тапсырғанын да айтуымыз керек. Бұған дейін де жас отбасыларды баспанамен қамтуға қатысты бірнеше Үкіметтің бағдарламасы осындай Елбасының Жолдауларында айтылған. Әйтсе де баспана мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Кезекті бағдарлама жан-жақты зерттеліп барып жасалғаны дұрыс. Қазір жастардың жаппай қалаға ағылуына орай баспана мәселесі де қатар жүзеге асуы тиіс. Ал, нәтижесін алдағы жылдары көретін боламыз», - деді ол.

**Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры:**

Биыл еліміз үшін басты жаңалық жыл сайынғы халықтың асыға күтетін Елбасы Жолдауының жылдағыдан ертерек болғандығы еді. Оның бірден-бір себебі, соңғы уақытта орын алған әлемдегі геосаяси қайшылықтардың себебінен туындаған экономикалық дағдарыстың жаңа қарқынмен үрдіс алуы. Елбасы айтқандай, экономикамыз қиын кезеңді бастан өткергелі отыр. Сондықтан, биылғы жолдау өзінің мерзімінен бұрын, бірінші рет «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында жолданды. Осы орайда, қай кезде болмасын, Президентіміз ел үшін ауыр кезеңдерде, қиыншылықтан шығу жолдарын ұсынып, жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айта кеткен жөн.

Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады. Мысал ретінде, әйгілі Американ Президенті Рузвельт: «Ұлы депрессия» кезінде инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шараларын атап өтуге болады»

Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанның инфқұрылымының түрлі салалары толықтай қамтылған екен.

«Бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын-үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы атап өтілді.

Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана, өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде.

Елбасы Жолдауы әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550-жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Жеңістің 70-жылдығы атап өтетіндігін айтты.

**Руслан Желдібай, журналист****:**

Президент Жолдауының уақытынан бұрын жариялануы бүгінгі геосаяси оқиғалардың экономикаға әсер етуімен байланысты болды деп санаймын. Ресей мен АҚШ, Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық өзара санкциялардың әсері қазірдің өзінде Ресейдің ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағасы тарихи рекордты орнатты. Бұл процесстер сөзсіз біздің мемлекетке де ықпал етеніні анық. Президент осы жайтты ерекше атап өтіп, алдағы ауыр экономикалық кезеңнің басталатынын айтты. Сондықтан, уақытылы әрекет етіп, экономиканың дамуын ұстап тұру үшін "Нұрлы Жол" экономикалық бағдарламасын ұсынды. Бұл Жолдау қысқа әрі нақты болғанын атап өту қажет. Яғни, Үкіметке анық тапсырмалар берілді. Ұлттық қордың қаражатын жұмсайтын уақыт келді деп Президент атап өтті. Жөн-ақ. Экономиканың осындай кезеңдерінде қаражатты инфрақұрылымға (темір, авто жол, электр желілері, жкх, газ құбырлары т.б.) салғаны міндетті түрде ақталады. Бұл - экономикалық заңдылық. 2008 жылы қаржылық дағдарыс кезеңінде Қытай дәл осындай жолды таңдаған болатын. Қателескен жоқ.

Әрине, көпшіліктің талқылауына біріншіден жаңа тұрғын үй бағдарламасы түскені анық. Себебі, бұл - еліміздің азаматтары үшін өте ауыр сұрақтың бірі. Соңғы әлеуметтік қақтығыстардың көпшілігі үй мәселесі бойынша болғанын ұмытпаған жөн. Жас отбасылардың 80 пайызында жеке баспанасы жоқ деген мәліметтің барын білеміз. Осыған дейін, жаңа ипотекалық бағдарлама қажет, оның пайызы төмен болуы тиіс деген ұсыныс көп айтылған болатын. Міне, енді жүзеге аспақ. Бұл азаматтардың баспаналы болуымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келмек.

Ең бастысы бюджет, зейнетақы қорындағы қаражаттан бөлек, ұлттық қордағы ақша талан-таражға түспеуі керек. Үкіметтің бюджетті тиімді жұмсай алмай жатқандығын ескерсек, 25 млрд. доллардың бөлінуі – үлкен қауіп.

Меніңше, бізді қыруар жұмыс күтіп тұр. Егер, осы бағдарламаның да қағаз, сөз жүзінде айтылып, іске келгенде әдеттегідей кейін тартып тұрса, онда өзімізге қиын болмақ. Сондықтан, тек сөзден іске көшіп, нәтижесін күту қажет.

[El.kz](http://el.kz/m/groups/view/%D0%9D%D2%B1%D1%80%D0%BB%D1%8B-%D0%B6%D0%BE%D0%BB-%D0%B1%D0%BE%D0%BB%D0%B0%D1%88%D0%B0%D2%9B%D2%9B%D0%B0-%D0%B1%D0%B0%D1%81%D1%82%D0%B0%D1%80-%D0%B6%D0%BE%D0%BB)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/b-l-zholdauda-kimetke-na-ty-tapsyrmalar-berildi-508602](https://yvision.kz/kk/post/b-l-zholdauda-kimetke-na-ty-tapsyrmalar-berildi-508602)