---
title: "Бұл оқиға Алматы облысы Талдықорған қаласындағы «Асар» реабилитациялық фитнес залының директоры Елдос Баялышев туралы"
description: "Бойы күш жігерге, көзі мейірім мен үмітке толы жас жігіт өмірдің қатал сынағынан сүрінбей өтіп, үлгі..."
author: "Russkaz"
published: "2016-12-21T23:09:50+00:00"
modified: "2016-12-21T23:13:25+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-l-o-i-a-almaty-oblysy-taldy-or-an-alasynda-y-asar-reabilitaciyaly-fitnes-zalyny-direktory-eldos-ba-740116"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-l-o-i-a-almaty-oblysy-taldy-or-an-alasynda-y-asar-reabilitaciyaly-fitnes-zalyny-direktory-eldos-ba-740116/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бұл оқиға Алматы облысы Талдықорған қаласындағы «Асар» реабилитациялық фитнес залының директоры Елдос Баялышев туралы

> Бойы күш жігерге, көзі мейірім мен үмітке толы жас жігіт өмірдің қатал сынағынан сүрінбей өтіп, үлгі...

**Бойы күш жігерге, көзі мейірім мен үмітке толы жас жігіт өмірдің қатал сынағынан сүрінбей өтіп, үлгі алар қаһарманға айналды.**

**

![Бұл оқиға Алматы облысы Талдықорған қаласындағы «Асар» реабилитациялық фитнес залының директоры Елдос Баялышев туралы](https://storage.yvision.kz/images/user/russkaz/okO6FYmIDsfB9fd76Fq90phS867R4P.jpg)

**

**Елдос**: Сол жаз ерекше ыстық еді. Достарыммен қаланың сыртындағы өзенге шомылып қайтпақ едік. Күні бойы біртүрлі сезімде жүрдім. Бірдеңе боларын сезгендей. Такси ұстап, мен алдыңғы орынға отырдым. Жүргізушіміз асқыққан шығар. Жылдамдықты асырып келеді. Спидометрге бір қарасам 120 көрсетіп тұр. Сол сәтте машина бұралаң жолдан шығып кетті. Белдік таққаным жақсы болған. Ештеңе ойлап үлгермедім. Тек көліктің бірнеше мәрте аударылып мен жақа қарай ауа бергенін байқадым. Машина төбесі салонға қарай опырылып, мені қысып тастапты. Бәрін көріп, біліп отырмын. Бірақ қозғалып шығайын десем, денем өзіме бағынбайды. Мені біреулер сүйреп шығарып отырғызбақшы болды. Отыра алмай қайта-қайта құлай бердім. Бейне бір өзіңді, жан жақта болған оқиғаларды сырттай бақылап отырған сияқтысың. Реанимацияға келгенде мені тағы да арбаға отырғызды. Сол кезде омыртқам қисайып кетіп, жұлыныма бір-ақ кірген.

**Елдостың әкесі Қайыркен**: Түнгі сағат он екіде телефон шалды. Апат болып, Елдостың ауруханада жатқанын айтты. Дереу облыстық ауруханаға жеттім. Сол сәтте анамыз да сол ауруханада жатқан еді. Бірақ оған айтпадым, бәрі орнына келер деп ойладым. Ал таңертең дәрігер Елдосқа 1 топ мүгедегі анықтамасын дайындай бер дейді. Сап-сау ұлыңды кеше ғана достарымен шығарып салып, ертеңіне сал болып қалған мүгедектігі туралы анықтама алу қалай деп ойлайсыз? Есімнен адаса жаздадым, неге дәл менің ұлыммен болды бұл жағдай?! Кімге зияным тиіп еді?!

Елдосты көрген бетте ол «жүргізушінің кінәсі жоқ, ол әдейі істемеді» деп шырылдады. Менің мінезімді біледі ғой. Бар ойым әлгі жүргізушіні не өлтіру, не түрмеге тығу болды. Оның кесірінен менің балам төсекке таңылып, мүгедек болып қалды. Ал ол болса, қашып кетті. Тіпті қансыраған баламды ауруханаға жеткізуге, тым болмаса жедел жәрдем шақыруға санасы жетпеген. Таксиге салып жіберіпті!...

Біз ешқашан Елдос мүгедектер боп қалады деп ойламадық. Бар ойымыз, бар әуреміз Мәскеуде оқып жүрген үлкен ұлымыз еді. Мүмкін Жаратқан бізге осылай белгі берді ме, әлде біреудің көзі тиді ме.

Екі айдан соң Елдос ауруханадан шықты. Оны тіпті тірі адам деп те айта алмайсың. Салмағы 30 килограмм. Құр сүлдері қалған. Ішінен катетр шығып тұр, арқасы ойылған жара. Біреу терісін сыпырып алғандай. Шамасы сөйлеуге ғана жететін. Соның өзінде бізге қалжыңдап қояды. Дәрігерлер асса алты жыл өмір сүретінін айтты. Бірақ біз олардың сөзін құлағымызға ілмедік, ұлымызды аяғына тұрғызамыз дедік.

Елдостың анасы Фатима мамандығы бойынша инженер. Апаттан соң медбике мамандығын меңгеруге тиіс болды. Фатима:

Елдос қатарынан қалмай, мықты болып өсті. Ешқашан шаршамайтын, көмек беруге әзір тұратын. Колледжді аяқтап, университетке түскен. Әкесі екеуміз балаларымызды мақтан тұтатын едік. Апат бәрімізге ауыр тиді. Түні бойы жылайтынмын. Тіпті сенгім келмейтін. Мүмкін бұл қорқынышты түс пе деп ойлайтынмын. Елдосым болса, шалқасынан жатады да қояды. Басын көтере алмайтын. Сәл көтерсе басы айналып, көзі шарасынан шыға жаздайды. Мұндай кеде есеңгіреуге де, жылауға да уақыт болмайды екен.

Құдай бізге қолдау болсын деп Мүслім апаны жіберген шығар. Ол спортшылармен жұмыс жасайтын білікті массажист. Мүгедектердің урологиялық проблемалары бойынша маман. Бар үмітіміз Мүслім апа болатын. Бастапқыда ол мойыннан кеткен мүгедектермен жұмыс жасамайтынын айтты. Бірақ Елдосты көріп, көмектесетінін айтты. Күнде келіп аздаған тиын-тебенге массаж жасап кететін. Солайша біртіндеп беті бері қарай бастады. Бір жарым жылдан соң өз бетімен отыра алатын жағдайға жетті. Ал біржарым жыл ішінде қанша укол, қанша система, қанша көз жасы болды десеңізші. Елдос отыра бастағанда оны ақырындап қасыққа үйрете бастадым. Алдымен қолына қасықты байлап қойып, өз бетімен тамақтануын талап еттім. Қолы дірілдеп қасықтағы тамағын аузына апара алмайтын. Үсті басын, жан-жағын былғайтын еді. Әкесі көріп маған ұрсады. Баланы жасытып, мазақ қылып отырсың деп те ренжіді.

**Елдос**:

Анам киімдерімді алдыма қойып, «өзің киін» деп кетіп қалатын. Мен болсам ақ тер-көк тер болып екі сағатта әзер киінетін едім. Кейін үйрене бастадым. Біз интернеттен мені аяғыма тұрғызудың жолдарын іздей бастадық. Түрлі тренажерларды қарадық. Олардың бағасы миллионға жететін. Ондай ақша қайдан болсын, мен жатқалы үйде тек әкем ақша табатын.

Бір күні «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Роза Ақжаркеновамен таныстым. Ол менің екінші анам іспеттес. Роза апай мені жұмысқа орналастырды, үйретті, алдыма мақсат қоюыма ықпал етті. Арбаға таңылған адамның аяғына тұруы үшін оған тек жаттығу емес, арман да қажет екен.

Сол кезде мен арбаға таңылған мүгедектерге арнап жаттықтыру залын ашсам деп армандайтынмын. Осылайша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының байқауына қатысып, бақ сынадым. Жобаны қорғау кезінде комиссия мүшелерінің бірі менен: «Жобаны іске асыру құлшылығың қандай?» деп сұрады. Мен «Бар жан-тәніммен армандаймын» дедім. Қорытындының нәтижесі екі күннен соң шығады. Сол екі күн бойы өзімді қоярға жер таппадым. Ал екі күннен соң өз жобамды бастап кеттім. Біздің залымызда өзіміз жасаған арнайы тренажерларымыз бар. Менің жаттығу залыма 170 адам келді: 25 адам аяғына тұрып, жүріп кетті, 37-сі еңбектеуді үйренді, 60 адам өз бетімен қажеттіліктерін өтей алатын жағдайға жетті. Енді жатықтыру залы ғана емес, спорттық-сауықтыру кешенін ашқым келеді.

Елдос аяғына тұрғанда бұл отбасының жеңісі болды. Әкесі қуаныштан жылап жіберген еді. Оның Ұлы темір-терсектің көмегінсіз, өз аяғымен тұрды. Бірнеше жыл бұрын дәрігерлердің үміт үзген, төсекке таңылған қауқарсыз баласы өз аяғына ғана тұрып қойған жоқ, басқа да мүмкіндігі шектеулі жандарды аяғына тұрғызды. Өмір таңғажайып. Бірақ ғажайыпқа жету үшін Арман, Үміт пен Қажыр керек екен.

Біздің парақшаларымызға жазылыңыздар:

[Facebook](https://www.facebook.com/RUSSKAZKZ/?hc_ref=NEWSFEED&fref=nf)

[Vk.com](https://vk.com/russkazkz)

[Instagram](https://www.instagram.com/russkazkz/)

Telegram/RUSSKAZ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/b-l-o-i-a-almaty-oblysy-taldy-or-an-alasynda-y-asar-reabilitaciyaly-fitnes-zalyny-direktory-eldos-ba-740116](https://yvision.kz/kk/post/b-l-o-i-a-almaty-oblysy-taldy-or-an-alasynda-y-asar-reabilitaciyaly-fitnes-zalyny-direktory-eldos-ba-740116)