---
title: "Бүкіләлемдік қан доноры күні"
description: "Бүгін (14 маусым) Бүкіләлемдік қан доноры күні болды. Осыдан үш жыл бұрын Астанада болған оқиға есі..."
author: "yerlan_iskakov"
published: "2017-06-14T12:32:21+00:00"
modified: "2017-08-18T06:46:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-kil-lemdik-an-donory-k-ni-770032"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/b-kil-lemdik-an-donory-k-ni-770032/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Бүкіләлемдік қан доноры күні

> Бүгін (14 маусым) Бүкіләлемдік қан доноры күні болды. Осыдан үш жыл бұрын Астанада болған оқиға есі...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/yerlan_iskakov/MlgX1x0O0CHYHLHhu6I4OEI7tIFG75.jpg)

Бүгін (14 маусым) Бүкіләлемдік қан доноры күні болды.

Осыдан үш жыл бұрын Астанада болған оқиға есіме түсті.

Қан орталығынан хабарласып, келіп қан (тромбоциттер) тапсыруымды өтінді.

Бардым. Зертханаға кіргізіп, алдымен талдап тексеру үшін тамырдан қан алды. Содан кейін дәлізге шығып, күтіп отырдым.

Қасыма жасы қырықтар шамасындағы бір ер адам келіп отырды: өзі 16 жыл бойы қан тапсырып жүрген тұрақты (кадрлық) донор екен. Сол күні үйінде қонақ күтіп жатқан, дереу шақырғаннан кейін, бәрін тастап, қан орталығына келіпті.

Қан тапсыруға қашан жібереді екен деп күтіп отырдық. Әдеттегіден ұзақ отырдық, екеуімізді қосқанда, барлығы төрт-ақ адам қалдық. Сөйтсек, зертханадағы қанды жедел талдауға арналған құрылғы сынып қалыпты.

Жоғарғы қабаттан дәрігер келіп, зертханашылардан донорларды неге жібермей отырғанын сұрады. Демалыс күні болғандықтан, орталықтың ерте жабылатын уақыты таяп қалған, үстіндегілер соңғы келген донорларды ғана күтіп отырған екен.

Зертханашылар дәрігерге: - Енді қайтеміз, аппарат сынып қалды, талдау нәтижелері дайын емес қой, – деді.

Дәрігер болса: - Онда уақыт созбай, бұларды біз қабылдай берейік, бұлар тұрақты донор емес пе, тексеру нәтижелерін күтпей-ақ қояйық, – деп ұсынды да, бізге жалт қарап: - Бәрі дұрыс қой?! – деп сұрады.

Мен үндемей басымды изей салдым, ал қасымдағы еркек дәрігерге дауыстап:

- Бәрі дұрыс, уайымдамаңыз, *алдыңғы аптада бір-екі қатын болған*...а так, бәрі жақсы!!! – деді.

Барлығымыз ішек-сілеміз қатып күліп алдық. Одан әрі күттірмей, қан тапсыруымызға рұқсат берді, орнымыздан тұрып, жоғарғы қабатқа көтеріліп кеттік.

Төмендегі суретте (бұл сол қан орталығында түсірілген сурет): донорлықтық символы – бірқазан құсы; бұл құс тұмсығымен кеудесін жаралап, ашыққан балапандарын өз қанымен тамақтандырады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/yerlan_iskakov/UjDZjTPw59LLEUzn3KF7tEdl6ANYpH.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/b-kil-lemdik-an-donory-k-ni-770032](https://yvision.kz/kk/post/b-kil-lemdik-an-donory-k-ni-770032)