---
title: "Қазіргі заманғы бала мен ұялы телефон"
description: "Баланың қандай ойын түрін ойнауға қызығушылығын көру арқылы, болашақта қандай маман иесі бола алатын..."
author: "I_was_here"
published: "2016-11-22T04:26:52+00:00"
modified: "2016-11-24T12:47:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/azirgi-zaman-y-bala-men-yaly-telefon-728601"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/azirgi-zaman-y-bala-men-yaly-telefon-728601/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазіргі заманғы бала мен ұялы телефон

> Баланың қандай ойын түрін ойнауға қызығушылығын көру арқылы, болашақта қандай маман иесі бола алатын...

Баланың қандай ойын түрін ойнауға қызығушылығын көру арқылы, болашақта қандай маман иесі бола алатынын болжауға болады деп естігем. Бұл ойдың қазіргі заманда қаншалықты өзекті екенін айту қиын. Иа, әрине өзіміз бала болғанда, конструктордан неше түрлі динозавр, робот, көліктерді жасағанбыз, ал, жаздың жақсы ауа райында, құмнан сан түрлі құрылыстарды көтеріп жарысатынымызды 90 жылдардың кезіндегі балалық шақтары өткен қазіргі жастар естерінде бар шығар. Алайда, қаншалықты біз өзіміздің балаларымызға сондай өзіміз көрген тәрбие беруге тырысамыз. Инновациялық дамудың жаһандануы кезінде, тілдері енді шығып жатқан балалар, туған күнге немесе жаңа жылға сұрайтын сыйлықтардың арасында көп кездесетіні планшет пен ұялы телефон екеніне көпшіліктеріңіз келісетін шығарсыз! Солай деп, балаларға планшетпен ойнауды тыйым салғаннан гөрі, ойындардың керектісін реттеу арқылы, жағымсыз тәуелділіктің туындамауына жағдай жасап, қадағалау тиімдерек шығар.

![Қазіргі заманғы бала мен ұялы телефон](https://storage.yvision.kz/images/user/i_was_here/0vq7ulVWm3az91Ly65GgB1y53eh0Cx.jpg)

Бүгінгі кезде балаларды заманауи гаджеттен айырғандығының кесірі, психология тұрғысынан қарағанда бала ”жоқ, болмайды” деп тыйым салған нәрселерге керісінше әуез болатыны деп түсіндіреді. Осы орайда оқушы болған кезімде оқыған кітабымның сюжеті есіме түсіп тұрған-ай. Кітаптың кейіпкері 8-10 жасар ұл бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тәтесінің қарамағында өсіп келетін тентек болатын. Аулада құрдастарымен ойын ойнаудан тоймайтын, көлге түсіп, жағалауда күнге күйіп, сөйтіп күндерін өткізгісі келетін балаға оның ойынша тәтесінің “жоқ, болмайды, жетер, үй шаруасына көмектес” деген қарым-қатынасы кедергі деп түсінетін. Арада көп ойланбастан, ол “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” айтпайтын, ешкім мекен етпейтін аралға досын ертіп апарып, үйден қашады. Сөйтіп “тәуелсіз өмірдің” қызығына тойып, қалағанша ойнап, күні бойы суға түсіп, екеулері сайрандайды. Оқырмандар бұл әңгіменің осы орайда керегі қанша деп ойланып тұрған шығарсыз. Кішкене шыдамдырақ болыңыздар)). Сол балаларда бірнеше апта өте келе, ойын ойнауға да, суға түсуге де құлшынысының жоғалғандығы көріне бастайды. Сонда басты рөлдегі кейіпкер: Тәтемнің айғайынсыз, тыйым салусыз бұл ойындар қызық емес екен деген ойға келіп, үйлеріне қайтуды жөн көрді. Міне, осында эврика деп түсінем. Балаға неғұрлым бір нәрсеге тыйым салсаңыз, соғұрлым керісінше соған қызығушылығы артады. Тыйым салған жемістің дәмі тәттірек.

Мен психолог емеспін, әзірге де ана деген абыройлы атаққа ие де емеспін. Бірақ өз ойыммен оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім. Өйткені туыстарымның балалары мейлі ауылдың, қаланың болсын қолдарында ұстаған ұялы телефондары мен планшеттеріне қарап тұрып бір ойландым. Бастауыш сынып балалары түгілі, жүре алмайтын, сөйлей алмайтын сәбилерді айтсаңдаршы. Гаджеттерді кейбір ата-аналар балаларды алдайтындай таптырмас құрал ретінде көреді. Олар жылап жатқан кезде ұялы телефонның музыкасын қостырып, билетеді, ата әжелерімен сөйлестіреді. Сол жастан ақ балалар ұялы телефонды артығырақ көруінің себебі, ол әмбебап, қызықты ойыншық болуында. Сөйте келе ата-аналар өздері балалары тыныш отыра тұрсын деп беріп қоятын ұялы телефон, бала өсе келгенде тартып алып, тыйым салатынын айтам да. Бұл менің бақылауымнан түйіндеген ойым ғана, меніңше заманауи гаджеттердің даму кезінде, қазіргі заманның балалары гаджетпен өсетін алғашқы буындары. Өзіміз солай өспегендіктен, қалай дұрыс деп айта алатын тәжірибе қайдан болады. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар, адам деген болмысымыз, сондықтан гаджеттерге тыйым салғаннан гөрі, керекті, баланы дамытатын ойындарды жүктеп алып, ұзақ отырмауын қадағаласақ, инновацияның даму құралын өз пайдамызға, тәрбиелі, ақылды, бәсекеге қабілетті ұрпақты өсіре аламыз деген ойдамын. Сонымен сіз телефон мен планшеттін зиянын іздей бересіз бе, әлде оның тиімді жақтарын қолданып, өз пайдаңызға ауыстыруды жөн көресіз бе?

P.S. Ал, балаларға, әсіресе қазақ балаларына, google play электрондық дүкені қандай ойындар ұсына алтыны туралы келесі жолы әңгіме өрбітеміз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/azirgi-zaman-y-bala-men-yaly-telefon-728601](https://yvision.kz/kk/post/azirgi-zaman-y-bala-men-yaly-telefon-728601)