---
title: "Қазіргі Қазақстандағы дін мәселесі. Жастардың діндарлығы: сән немесе сенім?"
description: "Дін - саналы адам пайда болған уақыттан бері адамзатпен жасасып келе жатқан рухани құндылық. ХХ ғасы..."
author: "uservk160441775"
published: "2019-03-13T21:49:37+00:00"
modified: "2019-03-13T21:49:37+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/azirgi-aza-standa-y-din-m-selesi-zhastardy-dindarly-y-s-n-nemese-senim-828212"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/azirgi-aza-standa-y-din-m-selesi-zhastardy-dindarly-y-s-n-nemese-senim-828212/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазіргі Қазақстандағы дін мәселесі. Жастардың діндарлығы: сән немесе сенім?

> Дін - саналы адам пайда болған уақыттан бері адамзатпен жасасып келе жатқан рухани құндылық. ХХ ғасы...

Дін - саналы адам пайда болған уақыттан бері адамзатпен жасасып келе жатқан рухани құндылық. ХХ ғасырда дінге қарсы кеңестік идеологияның салдарынан қазақ халқының санасындағы имандылықтың жойылып кетуге шақ қалғаны белгілі. Тәуелсіздіктің бір жеңісі ол халықтың өзінің рухани қайнар бұлақтарына оралуға мүмкіндік алуы деп санаймын. Алайда бірнеше ұрпақ ауысып үлгерген бұл кезеңнің адамдарының санасын өзгерту оңай іс емес. Әркім өзі таңдау жасап, қандай бағыттағы дінді ұстануы, ар-ождан бостандығы, біздің Конституциямызға сәйкес әрбір адамның жүрек қалауына байланысты. Алайда Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін мемлекеттік саясатта дін маңызды орын алуы тиіс деп санаймын.

![Қазіргі Қазақстандағы дін мәселесі. Жастардың діндарлығы: сән немесе сенім?](https://storage.yvision.kz/images/user/418698/1f7f173a414c77dd675d0ca26c3fc1.jpg)

Ресми статистикаға сүйенсек, республикадағы жастардың 14-29 жас аралығындағы үлесі жалпы халық санының 27,5% -ын құрайды, яғни 4,5 миллион адамнан асады. Оның 700 мыңнан астамы - жоғары және орта оқу орындарының студенттері. Бұл адам капиталы - біздің еліміздің болашағы.

Еліміздің болашағы саналатын жастардың сән қуалауы мен діндарлығы қандай дәрежеде болу керек? Қазақстан жастарының дінді дәріптеу жағдайына көңіл аударсақ,соңғы жылдары жастардың рухани дәстүрлерге, әсіресе дінге қызығушылығының артып, жастар арасындағы діни ағымдардың динамикасының айтарлықтай өскені байқалады. Социологиялық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, 2003 жылы жастардың 38,7% өздерін «дінді ұстанатындар» деп санаса, 2013 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 73,9% құраған, яғни 10 жыл бойы жастардың дінді дәріптеу пайызы екі есеге жуық өскен.

![Қазіргі Қазақстандағы дін мәселесі. Жастардың діндарлығы: сән немесе сенім?](https://storage.yvision.kz/images/user/418698/08f2d5f1c01ee7a8fe60e28d98902a.png)

Жастардың дінге жақындығы артқан сайын қоғамда сана-сезім мен сәнге байланысты қарама-қайшылықтар туындай түседі. Мұндай қарама-қайшылықтар көбінесе сән немесе сенім арасындағы таңдауға әкеліп соғады. Алайда, сенімді таңдаған діндар жастар жаһанданудан мүлдем артта қалды деген емес, сәйкесінше, моданы таңдаған жастар діннен мүлде хабарсыз деп түйіндеу ақылға қонымсыз. Әрине, ислам дінін дәріптеуші жастардың жабық киініп жүруі олардың Шығыстың сәніне еліктемейтінін көрсетеді. Алайда Еуропаның сәніне еліктегендердің діни сенімі жоқ деп кесіп айту қиынға соғады.

![Қазіргі Қазақстандағы дін мәселесі. Жастардың діндарлығы: сән немесе сенім?](https://storage.yvision.kz/images/user/418698/65fa723c9cf1eb9ec80092fbf38a3e.jpg)

Дегенмен, қазіргі таңда жастар арасында сән ұғымының өзі тек танымал киім үлгілерін кию емес, түрлі ақылға қонымсыз жайттардың орын алуынан сезіледі. Белгілі дінтанушы Арман Қуанышбаевтың айтуынша, «Шынымен де қолдарына шылым алып, ауыздарын былғау, жігіттердің құлақтарын тесіп, денелеріне сурет салғызудың өзі сәнге айналып барады». Қазақстанның болашағы саналатын жастардың санасы дәл осы бағытта жалғасуы жөн еместігі баршаға аян.

Ұлы Абай атамыз «адам - өзінің уақытының баласы», - дегендей, адамның жаман не, жақсы болуына оның ортасы мен өмір сүрген уақыты себепші. Демек, бүгінгі күні мемлекет жаны таза, тәні сау толыққанды азаматтарды тәрбиелеу үшін қолайлы орта қалыптастыруы, әлеуметтік жағдайлар жасауы маңызды рөл атқарады.

Республикамызда мемлекет тарапынан дінді дәріптеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. «Жастарға міндетті түрде дінді ұстану қажет» деп мемлекет қатаң түрде талап ете алмайды. Алайда елімізде дінді дәріптемей, сән қуып, қызық қуып кеткендердің саны жетерлік. Осы тұрғыда, шығыстың шолақ жең, қысқа қоныш киімдерін кию, ұлттың дәстүрлі киімдерінің жойылуына себепші болуы да әбден мүмкін. Себебі, қазақ халқының ұлттық киімдерінің, оның ішінде кимешек, камзол үлгілері шетелдің киім үлгілерінен өзгеше.

Қазақстан халқының назарын аудартып, діни санасын жаңғырту және жастарды дінге бір саты жақындатуда 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5 съезінің өтуі де әсер етті деп ойлаймын. Себебі бұл іс-шара діннің қазіргі қоғамда қаншалықты маңызды рөл атқаратындығына дәлел болғандай. Жалпы бұл жобалардың мақсаты жастарға дін туралы ақпарат беріп, сәннен алшақтату емес, жастарды діннен хабардар ету.

Қазақстанның жастары шығармашыл, креативті болуы, ел үшін қызмет етуі, елжандылығы рухани жан тазалығын қажет етеді. Сондықтан да «отан отбасынан басталады» дейтін халық мақалына сай келетін, ата-ана, ағайын-бауырға мейірімділікке үндейтін діни тәрбиенің маңызы зор деп ойлаймын.

Аталған өзекті мәселелерді шешу үшін, менің ойымша, Қазақстанда дінге қатысты ауқымды ақпараттық-насихат жұмыстарын тек сөзбен емес, қазіргі заманауи техникаларды қолданып, қысқа әлеуметтік бейнебаяндар көрсету, қоғамның аз қорғалған адамдарына арналған қайырымдылық шараларын насихаттау, қоғамға қызмет еткен азаматтардың істерін дәріптеп қолдау арқылы іске асыру керек деп санаймын. Мемлекет тарапынан осындай іс-шаралар жүргізіліп отыруы ұлттық дәстүрді сақтап қалуға, жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді дамытуға да септігін тигізеді.

Яғни дәстүрлі діндерді дәріптеу, жастардың діни сауаттылығын арттыру, қай жағынан болмасын қазақ халқының рухани жаңаруы мен жарқын болашағы үшін тиімді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/azirgi-aza-standa-y-din-m-selesi-zhastardy-dindarly-y-s-n-nemese-senim-828212](https://yvision.kz/kk/post/azirgi-aza-standa-y-din-m-selesi-zhastardy-dindarly-y-s-n-nemese-senim-828212)