---
title: "ҚАЗБАТ бітімгершілік бөлімшелерінің рота-тактикалық жаттығуы аяқталды"
description: "Алматы облысында «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы десанттық-шабуыл..."
author: "minoboronyRK"
published: "2014-04-04T01:00:08+00:00"
modified: "2014-04-04T01:00:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/azbat-bitimgershilik-b-limshelerini-rota-taktikaly-zhatty-uy-aya-taldy-408114"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/azbat-bitimgershilik-b-limshelerini-rota-taktikaly-zhatty-uy-aya-taldy-408114/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАЗБАТ бітімгершілік бөлімшелерінің рота-тактикалық жаттығуы аяқталды

> Алматы облысында «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы десанттық-шабуыл...

Алматы облысында «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонының арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы роталарының жеке құрамының роталық-тактикалық оқу-жаттығуы аяқталды. Оқу-жаттығу 2014 оқу жылының жауынгерлік дайындық жоспарына «Көктал» оқу-жаттығу орталығында сәйкес өткізілді.

Жеке құрам әскери техникалармен Қапшағай қаласы - Сарыөзек кенті - «Көктал» оқу орталығы бағыты бойынша және кері қарай 600 шақырымдық марш жасады. Жаттығуға батальонның үш десанттық шабуылдау ротасы мен 60-қа жуық жауынгерлік техникасы қатысты. Роталық-тактикалық жаттығуға батальон командирі подполковник Болат Дүйсембаев жетекшілік етті.

Марш кезінде жүргізушілер таулы аймақтардан, бірнеше асулардан өтіп әскери техниканы басқару шеберліктерін шыңдады. Десанттық-шабуылдау роталары жаттығуды барлық штаттық атыс қаруынан жауынгерлік оқ атуымен аяқтады.

Бітімгершілік батальонының жеке құрамы жаттығу кезінде берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, арнайы мақсаттағы бірінші десанттық-шабуылдаушы ротасының лейтенант Нұрлан Төлегенов бастаған взводы жіті іс-қимылымен ерекше көзге түсіп, алдарына қойылған міндеттерді орындаудағы шеберлігімен тәнті етті.

Аэроұтқыр әскерлерінің бітімгершілері сәуір айының екінші жартысында өткізілетін бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуға қатысатын болады.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/azbat-bitimgershilik-b-limshelerini-rota-taktikaly-zhatty-uy-aya-taldy-408114](https://yvision.kz/kk/post/azbat-bitimgershilik-b-limshelerini-rota-taktikaly-zhatty-uy-aya-taldy-408114)