---
title: "Азат ел еркін бол жасқанба!"
description: "Азат ел еркін бол жасқанба. Қазақ елі бүгінгі таңда, азат та өз еркі бар мемлекет. Бірақ кей жайттта..."
author: "NurlanBekmurat"
published: "2012-11-24T00:44:56+00:00"
modified: "2012-11-24T00:44:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/azat-el-erkin-bol-zhas-anba-304290"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/azat-el-erkin-bol-zhas-anba-304290/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Азат ел еркін бол жасқанба!

> Азат ел еркін бол жасқанба. Қазақ елі бүгінгі таңда, азат та өз еркі бар мемлекет. Бірақ кей жайттта...

Азат ел еркін бол жасқанба.

Қазақ елі бүгінгі таңда, азат та өз еркі бар мемлекет. Бірақ кей жайтттарға көз салар болсақ елдің өз ой пікірі, еркі жоқ секілді көрінеді екен. Жасқаншақтық пен жалқаулық жағалап алған секілді халықты. Алысқа бармай ақ келе жатқан Тәуелсіздік күнін алайық, жылда айтылып жатқан сол баяғы бір жыр:

Жаңа жылға жұрт дайындалады да, ал Тәуелсіздік күні сол баяғы таз қалпында екінші дәрежедегі мереке секілді қалай болса солай тойлана салады,- деген пікір қалыптасқан халықтың санасында. Расында да солай.

Себебі неде?

Бірінші себебі, Тәуелсіздік күні орыс тілдестер үшін қуанышты мереке емес, сол күні қазақтар бірінші рет өз еркі жайында ойланып, қарапайым тілмен айтқанда орыс тіліне қарсы көтерілген еді. Демек халықтың жарымы үшін мереке қуанышты күн емес.

Екінші себебі, ол қазақпын деген халықтың жалқаулығы мен жасықтығында. Мейлі орыс тілдестер тойламасын, ал мен қазақпын деген қаншама азамат, сол күн қарсаңында қаланы безендіріп, тым болмаса үйінің қасында мерекенің келе жатқаны жайында жалау іліп, қуанышын білдіріп жатыр. Жоқтың қасы емес, жоқ деуге болады. Себебі біз жалқаумыз, және орыс тілдестер не айтады деп жасқанып, қуанышымызды білдіруге де жарамаймыз.

Үшінші себебі, мемлекет басында отырғандардың дені, Желтоқсанда барикаданың арғы жағында тұрғандар, бұрынғы комсомолдар мен коммунистер. Олар үшін мереке қуанып еске алар күн емес. Сол себепті де пропаганда, агитация, дайындық деген мемлекет тарапынан жасалынатын мереке алдындағы шаралар, дұрыс қолға алынбайды.

Төртінші себебі, қарапайым халық үшін, әсіресе сол Желтоқсанды басынан өткергендер үшін ол күн мереке емес, билікке қарсы шығу күні болып есептеледі. Соңғы Жаңаөзендегі болған жаңа Желтоқсан соның куәсі.

Өз басым, төртінші себепке байланысты Тәуелсіздік күнін Желтоқсанмен бірге тойлай алмаймын. Мен де 1986 жылы Желтоқсанда алаңға шыққандардың бірімін, ұсталып қалмағанмен, Екібастұзға айдалған, институттан қуылғандармен бірге кеткенмін өз еркіммен, комсомол құрылысына 1987 жыдың науырызында. Декабрист болғаннан кейін, көк лентаны көкірекке тағуға болады, бірақ мерекелік көңіл-күйден гөрі, құрбан болғандарды еске алу басым болады менің көңілімде.

Ал тойлаймын дегендер үшін, еш кедергі жоқ. Флаг в руки дегендей, туды қолға алып, тойлағандарға тек қуана қарағаннан басқа айтарым жоқ. Әр адамның өз еркі мен өз пікірі болуы керек. Тойлаймын десең тойла, тойламасаң өз еркің, жалғыз ғана айтарым: Азат ел еркін бол, Жасқанба!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/azat-el-erkin-bol-zhas-anba-304290](https://yvision.kz/kk/post/azat-el-erkin-bol-zhas-anba-304290)