---
title: "«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы балалар суреттері конкурсының қорытындысын шығарды"
description: "Астанада «Қазақстан бала көзімен» тақырыбында Астана күніне арналған балалар суреттері конкурсының ж..."
author: "Taraz_3"
published: "2016-07-26T22:21:53+00:00"
modified: "2016-07-26T22:21:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/azamattar-a-arnal-an-kimet-memlekettik-korporaciyasy-balalar-suretteri-konkursyny-orytyndysyn-shy-ar-704099"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/azamattar-a-arnal-an-kimet-memlekettik-korporaciyasy-balalar-suretteri-konkursyny-orytyndysyn-shy-ar-704099/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы балалар суреттері конкурсының қорытындысын шығарды

> Астанада «Қазақстан бала көзімен» тақырыбында Астана күніне арналған балалар суреттері конкурсының ж...

**Астанада «Қазақстан бала көзімен» тақырыбында Астана күніне арналған балалар суреттері конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.** **Конкурс «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы қызметкерлерінің балалары арасында өткізілді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мен ҚР Ақпаратжәне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев конкурстың жеңімпаздарына марапат қағаздары мен сыйлықтарды ұсынды.**

Салтанатты марапаттау кезінде Дариға Назарбаева осындай дарынды балаларды тәрбиелегендері үшін олардың ата-аналарына алғыс айтып, мерекелік іс-шараға қатысушылардың барлығын Астана күнімен құттықтады.

Ең үздік суретшілер үш санат бойынша таңдалды: 7 жасқа дейінгі балалар, 7 жас пен 11 жас аралығындағы және 11 жас пен 15 жас аралығындағы балалар. Бірінші, екінші және үшінші орындардың сыйлықтары Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ СҚО және ОҚО еншісінде кетті. Ал балалар суреттері конкурсының гран-приі Ақмола облысынан келген 5 жасар Диас Карамкасов пен 8 жасар Даяна Идрисоваға және қарағандылық 12 жасар Анель Имишоваға бұйырды.

«Конкурсанттардың жалпы санынан жеңімпаздарды анықтау өте қиын болды. Қатысушылар сурет салудың кез-келген техникасы - гуашпен, акварельмен, қарындашпен, фломастермен салынған суреттерді ұсынған. Барлық жұмыстар ашық бояулы және қызықты болды. Біздің конкурстың мақсаты – балаларды Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары НұрбекОршубеков.

Астана күні құрметіне балаларға мерекелік демалыс ұйымдастырылды. Балалар алғашқы Президенттің мұражайында, ҚР ұлттық мұражайында, мұхитаралда, джунглиде, "Атамекен" этно-мемориалды кешенінде болып, «Байтерек" монументі алаңынан астанамыздың орталығына шолу жасады.

Еске салсақ, мемлекеттік корпорация «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК, «Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық» РМҚК және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК – 4 кәсіпорынды қайта құра отырып, жұмысыносы жылдың 11 сәуірінен бастаған болатын. Бүгінгі таңда корпорация Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам қызметкердің басын біріктірді.

*«Азаматтарға арналған үкімет»*

*мемлекеттік корпорациясы»*

*коммерциялық емес акционерлік*

*қоғамының баспасөз қызметі,*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/azamattar-a-arnal-an-kimet-memlekettik-korporaciyasy-balalar-suretteri-konkursyny-orytyndysyn-shy-ar-704099](https://yvision.kz/kk/post/azamattar-a-arnal-an-kimet-memlekettik-korporaciyasy-balalar-suretteri-konkursyny-orytyndysyn-shy-ar-704099)