---
title: "Қазақтың «Қобыландысы»"
description: "“Қобыланды батыр” — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп заманда..."
author: "nuri123"
published: "2016-03-31T09:44:20+00:00"
modified: "2016-04-11T14:10:01+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-ty-obylandysy-686581"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-ty-obylandysy-686581/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақтың «Қобыландысы»

> “Қобыланды батыр” — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп заманда...

“Қобыланды батыр” — қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп, ірі–ірі эпос айтушыларының қолынан өткен.

“Қобыланды батырды” Марабай, Мергенбай, Біржан Толымбаев, Айса Байтабынов, Нүрпейіс Байғанин, Мұрын Сеңгірбаев, Көшелек Еламанов, Шапай Қалмағамбетов, Құлзақ Амангелдиев, Сыр бойының белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған. Айтушыларының осыншама көп болуы бұл сюжеттің халыққа кең тарағанын көрсетеді.

Жырдың ертегілік және тарихи – реалдық арқауы бар. Сюжеттің аңыздың ұйтқысы Оғыз – Қыпшақ ұлысы кезінде туа бастаған. Қазан аты оғыздардың сол дәуірде туған “Қорқыт ата кітабында” да кездеседі. Жырдың бергі жердегі мазмұны монғол, иран, жоңғар шабуылы, одан қалса, қазақтардың кейінгі кезеңдерде қалмақтармен болған күрестеріне негізделген.

“Қобыланды батыр” жырының алғашқы нұсқасын Ы. Алтынсарин Марабай жыраудың аузынан жазып алып, “Тайбурылдың шабысы” деген саласын өзінің “Хрестоматиясында” пайдаланған. Жырдың басқа да үзінділері революцияға дейін “Дала уалаяты” (1899), “Туркестанские ведомости” (1899), “Тургайская газета” (1901), “Труды Оренбургской научной комиссии” (1910) сияқты басылымдарда сөз бола бастайды. 1914 жылы Қазанда Тұяқбай нұсқасы, 1922 жылы Ташкентте Ә.Диваев жинаған нұсқалар басылған.

Ә.Диваев нұсқасы көптеген жинақтар мен оқулықтарға еніп келді. Ұлы Отан соғысынан соңғы жылдары М.Ғабдуллин “Қобыланды батыр” тақырыбынан докторлық диссертация қорғап, монографиясын жарыққа шығарды.Жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан да М.Ғабдуллин еді. Бүгінде жырдың 29 түрлі нұсқасы белгілі болып, ғылыми оралымға еніп отыр.

осы арқылы Қобыланды батыр мультхикаясының 1-ші бөлімін көре аласыздар.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-ty-obylandysy-686581](https://yvision.kz/kk/post/aza-ty-obylandysy-686581)