---
title: "Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру — кезек күттірмейтін іс."
description: "Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру - кезек күттірмейтін іс. 28 жасында қазақ елінің премь..."
author: "Yerzhan_Alash"
published: "2013-02-26T12:26:32+00:00"
modified: "2013-02-26T12:37:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tiline-azhettilik-pen-m-tazhdy-tudyru-kezek-k-ttirmeytin-is-338944"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tiline-azhettilik-pen-m-tazhdy-tudyru-kezek-k-ttirmeytin-is-338944/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру — кезек күттірмейтін іс.

> Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру - кезек күттірмейтін іс. 28 жасында қазақ елінің премь...

![Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру — кезек күттірмейтін іс.](https://storage.yvision.kz/images/user/yerzhan_alash/85Ek6Qla11vO2CZLXCTVj7RnxIzSqc.jpg)

**Қазақ тіліне қажеттілік пен мұқтаждық тудыру - кезек күттірмейтін іс.**

28 жасында қазақ елінің премьер-министрі лауазымында қызмет атқарған, қазақтың біртуар ұлы Сәкен Сейфуллиннің сол замандағы қазақ мүддесі мен тіліне байланысты мына сөздерін оқып отырып, таң қалмасқа шарамыз жоқ. Себебі 100 жыл бұрын айтқаны бүгінгі күнде де өзекті, демек, 100 жыл болды: қандай болдық, сондай болып қалып барамыз.

Сәкен Сейфуллин: «Ынтасыз, көңілсіз іске сансыз бөгет, сансыз уайым табуға болады. Бірақ себептің ең үлкені – іс басындағы адамдардың бұл іске шындап кіріскен ниеттерінің жоқтығы, ынталарының жоқтығы», «біздің қазақ коммунистері қазақ тілі туралы қатты кірісуден: «біреу «ұлтшыл» деп айтады...» деп бой тартады. Бірақ бұл қулық, бұл коммунистік қылық емес, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды: «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер. Бірақ ондай сасық демагогтар коммунистік партияның Орталық Комитетін «ұлтшыл» деп айта алмас»

Біріншіден, жоғарыда жиналыс жасап, ақша ысырап қылып жүргендердің бұл іске ынтасы шала я шикі. 20 жылда шешілмеген проблеманы бір күнде шешуге болады. Мысалы үшін ағылшын я орыс тілін білмесеңіз Қазақстанның кейбір облыстарында (түгелге жуық) қазақты жұмыска алмайды, ал қазақ тілін біл не, білме не - бәрібір. Енді қазақ тілін білмесеңіз жұмысқа алмаймыз десеңіз, онда жұрт жаппай қазақ тілін үйренер еді. Тілге мұқтаждық тудыру - Үкіметтің еншісіндегі жұмыс. Қазақ тілісіз-ақ нан табу - мемлекеттік және ұлттық мүддеге қарама-қайшы үрдіс. Бұл кері жүрудің анық белгісі. Осыны түсіне тұра қазақ тіліне халықты мұқтаж қылдырмау - я ұлттық мүддемізге атүсті қарау, я бұны ұлт болашағы үшін маңызды деп танымау. Түптің-түбінде бәрі мүдде мен намысқа келіп тіреледі ғой: Өзге ұлттың атамекенінде оның тілісіз ақша-пұл табу түгіл, тіпті өмір суру де мүмкін емес, ал менің елімде, менің тілімді білмей-ақ қой, өмір сүрмек түгіл, байып зауыт-фабрикаларды баскаруға болады. Тіпті менің тілімді білмейтін жұмыр басты пенделер стратегиялық институттар: Ұлттық Банк, зейнетақы қорлары, оқу орындары, қаржылық жүйені қалыптастырып отырған банктерді басқарып отыр, тіпті заң шығарушы Мәжіліс пен Сенаттарда да жетеді ондайлар. Ол қалай? "Бұған мен келіспеймін" - деп уәж айту немесе ерегісу - кезек күттірмейтін шара!

Екіншіден, жоғары оқу орындары - бұл мемлекеттің халық үшін қалыптастырып отырған біліми жүйесі. Ал мемлекет кімге тиесілі? Қазаққа. Яғни қазақ тілін білмейтін адам ондай оқу орындарында білім алуға құқығы жоқ. Бұндай ережені аспаннан немесе жеті қат жер астынан тауып отырған жайымыз жоқ. Бұндай заңдар: Ресейде де, Францияда да, Италия да, Ұлыбритания да, әйтеуір барлық мемлекетте бар десек болады. Ұлтшыл деп айыптаса, онда санасы бар бүкіл әлем мемлекеттерінің барлығының ұлтшыл болғаны. Біздің шенеуніктер осы Ресеймен одақ болғанда екі-қолдап қойнына кіріп кетуге бар ғой, олай болса мемлекеттік тілге мұқтаждық тудыруды сол Ресейден-ақ үйренейікші!

Ержан Алаш

Айқап.kz

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-tiline-azhettilik-pen-m-tazhdy-tudyru-kezek-k-ttirmeytin-is-338944](https://yvision.kz/kk/post/aza-tiline-azhettilik-pen-m-tazhdy-tudyru-kezek-k-ttirmeytin-is-338944)