---
title: "Қазақ тілін кез келген жаста үйренуге болады"
description: "«Хабар» арнасынан 14 шілде күні берілген Bilim ток-шоуының кезекті шығарылымында мемлекеттік тіл мәс..."
author: "MON_RK"
published: "2017-07-26T19:25:00+00:00"
modified: "2017-11-03T03:55:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tilin-kez-kelgen-zhasta-yrenuge-bolady-774034"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tilin-kez-kelgen-zhasta-yrenuge-bolady-774034/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақ тілін кез келген жаста үйренуге болады

> «Хабар» арнасынан 14 шілде күні берілген Bilim ток-шоуының кезекті шығарылымында мемлекеттік тіл мәс...

«Хабар» арнасынан 14 шілде күні берілген Bilim ток-шоуының кезекті шығарылымында мемлекеттік тіл мәселесі көтерілді. Қазақ тілін үйрену қиын емес, тек ниет керек. Студия қонақтары мен сарапшылардың пікірі осы ойға тоғысты.

2020 жылға дейінгі Тілдерді дамыту бағдарламасында «алдағы үш жыл ішінде республика жұртшылығының 95 пайызы қазақ тілін еркін меңгеретін болады» деген бап қарастырылған. Бүгінгі күні елдегі азаматтардың 70 пайызы қазақ тілінде еркін түсінісе алады. Осы қысқа ғана уақыт ішінде лингвистикалық мәселені шешу шынымен де мүмкін бе? Қазақстанды мекен еткен басқа ұлт өкілдері үшін бұл қаншалықты қиын немесе жеңіл? Осы және басқа да күрделі сұрақтар төңірегінде Bilim студиясында бас қосқан лингвист, полиглот, этнолог, компьютер және мобильді қосымшаларды жасаумен айналысатын азаматтар, шенеуніктер, қарапайым азаматтар мен елге келген қонақтар пікір алмасты.

Ток-шоу қонақтарының назарына ұсынылған алғашқы сюжет өзекті мәселені көтерген. Елбасы кәсіби мемлекеттік аппарат құруды негізгі басымдық ретінде атап көрсеткен еді. Президент шенеуніктер адалдық пен кәсіпқойлықтың, патриоттықтың үлгісі болуы тиіс дегенді бекер айтқан жоқ. Алайда, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде өз мемлекетінің тілін үйрене алмаған адамнан қандай патриоттық күтуге болады? Біздің министрлік осы мәселені шешу барысында үлкен үлес қосып келеді. Тіл үйрететін мобильді қосымшалар шығарылып, онлайн-курстар ұйымдастырылып, мектептегі қазақ тілін үйрету әдістемелері жаңартылып жатыр. Мысалы, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенованың айтуынша, орыс тілінде білім беретін мекемелерде «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті» секілді пәндер тек қазақ тілінде өтетін болады. «Тіл үйрену тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де пысықталып отыруы керек», – дейді министрдің кеңесшісі. Мұнымен қатар, Майраш Ғұмарқызы ток-шоуға қатысушылардың «кішкентай балалар үшін екі немесе одан көп тілде білім алу ауыр тиеді» деген күдігін сейілтті. Маманның пікірін Астана қаласындағы балабақшалардың біріндегі қазақ тілін тиімді үйрету әдісі жайлы сюжет те растады.

Біздің министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады деп ойлаймыз. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақстандықтардың 20 пайызы ғана балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетін еді. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Алайда, көңіл тоғайтуға әлі ерте. Ток-шоу жүргізушілерінің бірі Қайыржан Смағұлов: «Тіл үйрену әдістемесі қызықты әрі қолжетімді болған жағдайда ғана адамның үйренуге құлқы оянады», – дегенді алға тартты.

«Мен 50 жасқа келген кезде ана тіліме қарағанда француз тілін жақсы меңгергенімді ұқтым. Ұяттан жерге кірердей болдым. Егер қазақ тілін білмейтін болсаң қазақпын деуің бекер», – дейді полиглот, «Ситуативті қазақша» атты тіл үйрену құралының авторы Қанат Тасыбеков. Ол орта жасқа келгенде өз тілін мінсіз меңгеріп қана қоймай, қазақша үйрететін тиімді әдістеме де ойлап тапты. «Негізінен адамды сол жағдайға мәжбүр ету керек. Осылай еткен кезде ғана оған қазақша үйренуден басқа жол қалмайды», – дейді автор.

Сондықтан да тіл үйренгісі келген адамның қанша жаста екені маңызды емес. Қанат Тасыбековтің айтуынша, «ең бастысы – ұлтқа қаншалықты қатысың бар екенін сезіну, өз мәдениетіңді, тарихыңды сүю». «Егер осылай ете алмасаң – сенен түк те шықпайды».

Bilim студиясының қонағы, түрік тілінен аударма жасаумен айналысатын Александр Лукашевич те осы оймен келісіп отыр. Орыстілді отбасынан шыққан Александр 2003 жылы қазақ тілінен өткен республикалық олимпиадада алтын медальға ие болады. «Мен қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Менімен бірге ауылдың балалары оқыды. Олар орысша бір ауыз да сөйлемейтін еді. Қатарластарыммен тілдесуім керек. Осылайша қазақтілді ортаға түсіп, үйренуге мәжбүрліктің тууы маған қатты көмектесті. Ең бастысы ынта еді. Мені бала кезімнен қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін сүюге үйреткен. Тіпті қазақ тілінде дала, отанға деген махаббат тақырыбына өлең де жазған күнім болды», – дейді Алекстандр Лукашевич.

Bilim ток-шоуының қатысушыларына шетелдіктердің қазақша сөйлеп, тілді қаншалықты меңгергенін паш еткен сюжеттің көрсетілуі қатты әсер етті.

– Менен қазақтардың өзі «не үшін тіл үйреніп жүрсің, қазақ тілі саған не үшін керек» деп сұраған күн де болды, – дейді Кэтрин Прэттен. «Қай елге келсең, сол жердің тілін үйренуің керек. Осылай еткенде ғана сол халықтың жүрегін жаулап аласың деп жауап бердім», – деді Кэтрин таза қазақ тілінде. Қара нәсілді жігіттің пәлсапалық пікірі де жұртты бей-жай қалдырмады. «Қазақтарда «қара» сөзі ерекше мағынаға ие. Үстімізде көк аспан, астымызда қара жер. Ортасында Қазақстан атты тыныштық пен келісім ұйыған мемлекет», – деді ол.

Ток-шоу соңында жүргізушілер әлемде 7 мыңнан астам тіл бар екенін, оның ішінде 114-і мемлекетік деген мәртебеге ие екенін атап өтті. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Соңғы 150 жыл ішінде 8 мың тіл жойылып кетті. Алайда, қазақ тілінің бұл кепті кимейтіні қазірден-ақ айқын. Түркі тілдес халықтар ішінде ең бай болып саналатын, 2,5 млн сөз бар қазақ тілін мінсіз меңгеру – оңай емес екені айқын. Қазақ тілінде бір ғана «ат» сөзінің сексеннен астам синонимі бар. Ал түсіндірме сөздік 10 томнан тұрады. Тіл үйренудің қиындығы мен кедергілері жайлы айта берсек, әңгіме таусылмайды. Алайда, түптің түбінде ана тілін үйрену әр азаматқа сын екені түсінікті. Үйренуге не кедергі, қандай сылтау болғанына қарамастан, әр адам өзгеруді өзінен бастауы керек.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-tilin-kez-kelgen-zhasta-yrenuge-bolady-774034](https://yvision.kz/kk/post/aza-tilin-kez-kelgen-zhasta-yrenuge-bolady-774034)