---
title: "Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?"
description: "Күні кеше Қазақстандағы ең ірі жарнама беруші үш компанияның пиар-менеджерлері (Эйр Астана, Кселл, ..."
author: "makala"
published: "2014-05-01T08:53:58+00:00"
modified: "2014-05-01T09:11:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tildi-ba-a-nege-zharnama-az-beriledi-411949"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tildi-ba-a-nege-zharnama-az-beriledi-411949/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?

> Күні кеше Қазақстандағы ең ірі жарнама беруші үш компанияның пиар-менеджерлері (Эйр Астана, Кселл, ...

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/Q3TpKutWrBdDle9vWM43FWw6FYhVKP.jpg)

**Күні кеше Қазақстандағы ең ірі жарнама беруші үш компанияның пиар-менеджерлері (Эйр Астана, Кселл, Каспий банк) мен қазақтілді журналистердің басы қосылған, «қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?» деген тақырып төңірегінде кездесу болып өтті. Каспий банктің бас ғимаратында өткен кездесуде жарнамаға қатысты көптеген мәселенің басы ашылып, БАҚ өкілдері көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.**

Нарықтың талабы бойынша, кез келген кәсіпорын, өзін-өзі қаржыландыру мәселесін шешіп алуы тиіс. Бүгінде қазақтілді БАҚ-тың оқырмандары, саны мен сапасы артып келеді. Алайда, ұлттық мүддеге келгенде аянып қалмайтын қазақ БАҚ-тары қызметтерін «бизнес көзі» ретінде қарастырмайтындықтан, өзін-өзі қаржыландыра алмау мәселесін шеше алмауда. Мемлекетіміздегі ірілі-ұсақты компаниялар өз жұмыстары мен қызметтерін БАҚ-та көрсетіп, жарнамалау үшін айтарлық көлемде қаржы жұмсайды. Ал, ол қаржының басым бөлігі орыстілді БАҚ-тың қоржынын толтырып жатқаны жасырын емес. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма үш жыл болса да сол баяғы «орыстілді басылымдарды бәрі түсінеді, бәрі оқиды» деген стеротип жарнама беруші компания басшылары мен пиар мамандарының ойына мықтап орналасып алған. Дегенмен, кедесу көбіміздің ойымызды өзгерті.

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/Nu3LfHalL5uX95PSKdmD9V512cxR5i.jpg)

Конференцияда алғаш болып сөз алған GSM Қазақстан/Kcell компаниясының пиар-менеджері Еркін Үдербай компанияның қызметі және алдағы жоспарлары туралы баяндаудан әрі аспады. Сонымен қатар, Эйр Астана компаниясының пиар-менеджерінің де жасаған презентациясына көптің көңілі толған жоқ. Алайда, еліміздегі бас әуе компаниясының жеңілдіктері туралы осы кездесуден біліп алдық. Мәселен, түрлі аурулармен ауыратындарға компнаия тарапынан тегін билет берілетінін журналистер бірінші рет естіді. Сонымен қатар, әр жылы Ұлы жеңіс мейрамына орай ардагерлерге де жеңілдіктер қарастырылыпты. Жалпы, журналистер тарапынан «неге қазақтілді баслымдарға жарнама бермейсіз?» деген сұраққа, компания өкілдері орыстілді басылымдардың тиімділігін айтып, олардың менеджменті жолға қойылғанын, олар маркетингтік жүйені тиімді пайдалана алатынын атап өтті. Алайда, орыстілді басылымдардың менеджментін ұйымдастырып, маркетингін ойнатып отырған өздері екенін айтқысы келмеді.

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/686q7p6KAeMxC5d5KiBvlwplct6BMy.jpg)

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/V5IyyHdV2U3pZraZz09AOYXJ7vlec7.jpg)

Қазақтіл БАҚ-қа зертеу жүргізіп, «Жарнама не үшін берілмейді?» деген сауалға Каспий банкінің БАҚ-пен байланыс басқармасының бас маманы Ербол Азанбек қана нақты презентация көрсете алды. Маманның зерттеуі бойынша мәліметтер келтірсек, Қазақстандағы қазақтілді БАҚ-тың жалпы жағдайы мынадай:

 

*- Қазақтілді БАҚ-тың үлесі 19,1%;*

*- Орыстілді БАҚ-тың үлесі 33,4%;*

*- Қазақ және орыс тілдерінде 35%;*

*- Қазақ, орыс және басқа тілдерде 12,5%;*

Егер, жоғарыдағы статистикаға назар аударсақ, қазақтілді БАҚ-тың үлес пайызы орыстілді БАҚ-қа қарағанда әлдеқайда төмен екенін көреміз. Ал, екі тілде араласқан газеттің үлесі бәрінен көп болып тұр. Қазақтілді БАҚ-тың санының аз болу себебі экономикалық (қаржылық) мәселелерге келіп тірелсе, бір жағынан тілдік жағдаятқа да байланысты. Өйткені, бүгінде компания басшыларының, жалпы бизнес саласының тілі - ресми тіл. Оның үстіне біздегі шенеуніктердің басым бөлігінің әлі күнге дейін бүйрегі мемлекеттік тілге бұрылған жоқ.

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/KYAzFWf8W4PvlbP53pcpt09C9Jkg7u.jpg)

**Газеттер нақты сандар бойынша:**

 

*- Қазақ тілінде басылатын газет – 437;*

*- Орыс және басқа тілдерде – 587;*

*- Қазақша және орысша – 479;*

*- Қазақ, орыс және басқа тілдерде – 116;*

 

**Журналдар нақты сандар бойынша:**

 

*- Орыс тілінде – 304;*

*- Қазақ және орыс тілінде – 237;*

*- Қазақ, орыс және басқа тілдерді – 162;*

*- Қазақ тілінде – 105;*

 

**Тек 1 ғана телеарна толықтай қазақ тілінде (Қазақстан Ұллтық арнасы).**

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/b9LY8WzvASazDMJN94mqjWN6Eyrnk2.jpg)

**Қазақтілді БАҚ-тың негізгі проблемасы:**

 

*- Жарнама аз;*

*- Таралымы аз;*

*- Жалақы аз (Журналистердің әлеуметтік жағдайы төмен);*

*- Мультимедиялық контент жоқ;*

 

**Қазақтілді журналистер Қазақстандық БАҚ-тың негізгі миссиясы деп санайды:**

 

*- Ақпараттық (кәсіби міндет);*

*- Ағартушылық (ұлттық идея);*

*- Гуманистік (жаһандық құндылықтар);*

*- Үгіт-насихаттық (билік нұсқауы);*

*- Бизнес;*

 

**Ескерту:** Өзін дамытып, үлкен қаржылай қолдауға ие болуы үшін кез келген қазақтілді БАҚ кәсіптеріне «бизнес көзі» ретінде қарауы тиіс!

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/9Iu8p81QtP19Dt7bFqkWXXAgBm69j7.jpg)

**Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама берілмейді?**

*- Қазақтілді БАҚ компаниялар туралы ақпарат тарату тек ақылы жүруі керек деп есептейді;*

*- Компнаиялармен байлыныс жоқ (Каспий банк 1 жылда 6-ақ сұраныс алды);*

*- Баспасөз мәслихаттары, түрлі кездесулерге қатыспайды;*

*- Жарнама берушілерге қажетті контент жоқ;*

*- Ұсыныс болса ғана қабылдайды, өздері ұсыныс жасамайды;*

*- Көтерілетін тақырыптар аясы аз: тіл, ұлт, дін, мәдениет тақырыптары мен қоғамдағы түрлі оқиғалар (қазақтілді 5 ірі газеттегі 60 материялдың 49-ы, 8 сайттың жетеуі жоғарыдағы тақырыптарға арналған), «бизнес» тақырыбы теңіздің тамшысындай;*

*- Сайттың оқырмандары аз (Орнын жарнама берушіге тұрақты контент ұсыну арқылы жабуға болады);*

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/4s8VXju56aa0VQ42IIyj3i210kcT25.jpg)

**Каспий банкінің БАҚ-пен байланыс басқармасының бас маманы Ербол Азанбектің ұсынысы**:

 

*- Компаниялармен байланысты күшейту;*

*- Қаржы, экономика, бизнес тақырыбында тұрақты айдар ашу;*

*- Интернет ресурстарда мультимедиялық өнімдерді көбейту;*

*- Аудиорияны көбейту;*

*- Жарнама қызметін күшейту (Тек келген қоңырауларды ғана қабылдамай, нарыққа зерттеу жасап, компанияларға ұсыныстармен шығу. Мәселен, Каспий банкі «Қаржы мәдениеті» атты бағдарламаны жүзеге асыруда. 1 миллион доллор бөлінді. Осы уақытқа дейін бірде-бір ұсыныс жоқ);*

*- Саған қызмет, маған қаражат;*

 

**Презентацияның соңында Ербол Азанбек Алматы қаласындағы бүкіл қазақтілді БАҚ-тың басын қосатын «Медиа Клуб Алматы (Мealmaty)» клубын құруға журналистерді шақырды. Жарнамаға, қаржылық жағдайға т.б. мәселелерді талқылап, шешіп отыру осы клубтың басты мақсаты болмақ. Жалпы, кездесуде журналистер тарапынан жарнамаға қатысты компания пиар-менеджерлеріне көптеген сауалдар қойлып, жауаптар алынды.**

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/54ss28u69SI265H1lCFuT9pT9ZfYBD.jpg)

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/Gn4e2l3P5dhO149pjkVnJc0bjRbgu3.jpg)

![Қазақтілді БАҚ-қа неге жарнама аз беріледі?](https://storage.yvision.kz/images/user/makala/GY1Ar615JXqKuKFRCBiyuggknSXw2m.jpg)

***Дінмұхамед Аязбеков***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-tildi-ba-a-nege-zharnama-az-beriledi-411949](https://yvision.kz/kk/post/aza-tildi-ba-a-nege-zharnama-az-beriledi-411949)