---
title: "Қазақтар мен мадьярлар"
description: "Өткен демалыста Алматыда өткен «The Spirit of Tengri» әуен фестивалында Мажарстаннан (орыстар «Венгр..."
author: "Masa77"
published: "2016-06-09T02:24:08+00:00"
modified: "2016-08-10T00:06:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tar-men-madyarlar-696589"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-tar-men-madyarlar-696589/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақтар мен мадьярлар

> Өткен демалыста Алматыда өткен «The Spirit of Tengri» әуен фестивалында Мажарстаннан (орыстар «Венгр...

Өткен демалыста Алматыда өткен «The Spirit of Tengri» әуен фестивалында Мажарстаннан (орыстар «Венгрия» дейді) келген «Tilla Tөrөk,s Band» этникалық музыка тобы екі қазақша композицияларымен жиналған жұртты серпілтіп тастады. Мен Мажарстанда жиы болғандықтан, маған бұл таңсық емес. Мажарлардың қазаққа, қазақ өнеріне, тіліне деген қызығушылығы керемет (тек кейде өзіміз олармен орысша сөйлеп, көңілдерін суытып алатынымыз болмаса).

*Таңдап алған өлеңдері - "Туған жер"...*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/JQnSNdfpVgxhkbv67DKrPUosiOHLhz.jpg)

*Ал мына домбыра ұстаған мадиар әдемісін жыл сайын Мажарстанда өтетін дәстүрлі Құрылтайда рәсімдеп алдым...*

Бұл қайдан туған қызығушылық? Тауарихқа сәл үңілейік...

898 жылы Еуропада ғайыптан пайда болған көшпенді халықтың көсемі **Алмастың ұлы Арпад** Қарпат тауы мен жазығын өз әулетіне аманат етті. Еуропаның бұл өңіріне неге оның көңілі түскені түсінікті. Қазір Ұлы Мадиар жазығы деп аталатын даланың ландшафты Ұлы Дешті Қыпшақ жеріне ұқсап, көз тартады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/K0d5Yr8pguZPkrV12Xjs8P750f4WkC.jpg)

Өздерің «мадиар» деп атайтын, көсемдерінің есім-сойлары түрікше, Тәңірге сиынатын, руникалық жазуды еркін пайдаланатын көшпенділер қазаққа тартпағанда кімге тартсын...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/JxOq3JSrD6F6ML11TlU53mWrovDxqj.jpg)

*Makk Eva. "Көне мадиарлар"*

ХII ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Марзави «Мадиарлар - түрік халқы. Олардың олай да, былай да жүз фарсақ жері, жиырма мың әскер шығара алатын (Күнді) көсемі бар, жерінен Rua, Atil (Еділ мен Жайық?) деп аталатын екі өзен ағады» деп жазады. ХIII ғасырда Плано Карпини Шыңғысхан жорықтарын баяндай келе, «Солтүстікке қарай жылжып, олар Ұлы Венгерияны (Magna Hungaria) да жеңді...» дейді. Шыңғысханға байланысты венгрлерді (мадиарларды) Гилийом де Рубрук де аузына алады. Березиннің айтуы бойынша, Рашид ад-дин «Жошы өз ұлысын бөліп алғанда, оның үлесіне төғыз жүз үйімен (кибитка) үш бегі бар төрт мың адам және көптеген орыс, черкес, қыпшақ, мажар («мадиар» арабша, парсыша осылай айтылады) халықтары үлесіне тиді» деп жазады. Венгр зерттеушісі Иштван Бенце Элбрустың етегінде Үлкен Сылынжық өңірінде Тұрыл Мадиар тайпасы билік жүргізген шағын Күнмадиария мемлекеті болғанын, елімен аттас астанасын 1395-1396 жылдары Әмір Темір әскері жермен-жексен еткендігі туралы айтады. Қалай болғанда да, Шығыста қалған мадиарлар маңғұл әскерінің екпінінен шашырап, басқа туыс түркі халықтарының құрамына еніп, сіңген болу керек. Венгр қазақтанушысы Михай Бенке арғындардың ішіндегі қазақ мадиарларының осы шығыс мадиарларының тұқымы болса керек деп жорамалдауы да осыдан.

Ал Еуропадағы мың жыл мадиарлардың түркілік болмысын құрта алмады. Бірыңғай еуропалық ұлтта тайпалық құрылымның көріністері әлі де көз сүріндіреді. Қайсы бір мадиар өзін «kun, куман қыпшақпын», немесе «хайду», «чанго», не «матиа», «бара», "секеймін» деп отырады. Мені қатты таңқалдырғаны мадиарлардың түріктерге деген көзқарасы. Жоғарыда аты аталған Византия императоры Константин Құдай Берген Парпирод мадиарларды бекер «түрік» деп атамаса керек. Балқан мен Қарпатта, жалпы Оңтүстік-Шығыс Еуропада Осман империясының зорлығы үшін түріктерге ешкімнің бүйрегі бұра қоймас. Тегі бір Аспарұқ ханның, Әсен мен Бөрілдің тұқымдары болгарлардың өзінде кез- келген сол заманға арнап жазған кітаптарында, тұрғызылған ғибадатханаларында (Софиядағы Әулие Петр соборы, Шипка, Қазаңлықтағы шіркеулер), не басқа бір мәдени-материалдық ескерткішінде Түркияға, исламға қарсы идеялар жалаулап тұрады. Сондықтан болар. Осман заманынаң қалған ескерткіштер христиан елдерінде басы бүтін жойылған (Гумилев жазған Christientum (Христиан әлемі) мен Ислам дүниесінің күресінің бір белгісі болар бұл). Ал католиктер астанасы Будапештте бұндай қысастықтың нышаны да жоқ. Керісінше ислам стиліндегі кесенелер, моншалар, мешіттер сол бойында сақталған, тіпті, күтімде десе де болады. Әсіресе, жер астынан табиғи ыстық сулардың үстіне орнатылған термалдық түрік моншалары қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарына айналған. Бір қалжыңбас мадиар маған «түріктер бізді моншаға түсуді, орыстар сүйісіп махаббат құруды, ал қазақтар «номад, көшпендімін» деген бөспе сезімге үйретті» деп күліп еді. «Номад болу» демекші, автокөлікпен Нодькуншақ даласын кезіп өтсең жолдың бойында оқтын-оқтын қазақ үйлер бой көтереді. Ал Мадиар Габор деген бұрын дәрігер, кейіннен каскадер болған еңсегей бойлы қияли мадиар қаланы тастап мүлдем қазақ үйге көшіп алған. Үйінде электржарығы да, цивилизацияның басқа жетістіктері де жоқ, ең рахаты, телевизор жоқ, жалғыз радиотранзистордан басқа. Таңқаларлығы, көп жылдан бері осылай тұрады екен. Бұған әйелі әдемі актриса Атина да, бірінен соң бірі өсіп келе жатқан балалары да көнген.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/O8BUNRjB93suJd2A2fKTBjsyWrErU2.jpg)

*Алпамсадай "қазақшыл" Габор Мадиармен бірге.*

Түріктер заманынан қалған бір әдемі ескерткіш – Gul Baba кесенесі. Буданың биік төбелерінің бірінде орналасқан бұл ескерткішке жергілікті тұрғындар мен туристердің легі толастамайды екен. Гүл Баба кезінде қаланы гүлдендіріп миллион раушан гүлін отырғызған киелі қарт екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/8y4tt7aygr00TQuBD6SOQdkHJp54jv.jpg)

*Орталық Еуропа католиктерінің астанасындағы мұсылмандар зиярат жасайтын орын - Гүл Баба кесенесі*

 

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/ql8CSGPCC7eLbE2j2bEfboYsq73fv5.jpg)

2005 жылы «Madiarhouse» (Мадиарлар Үйі) атты Сарайда Дүниежүзілік Мадиарлар Құрылтайын ұйымдастырушысы, кеңес өкіметі кезінде көп жыл түрмеде отырған, демократия кезінде елді билеген, қазір Дүниежүзілік Мадиарлар Конгресінің (ресми деректер бойынша ұлттың үштен екісі тарихи отаны Мажарстаннан шет тұрады) The Honorary President, Құрметті Президенті, **Шандор Ракс** мырза дүйім жұрттың алдында **«Еуропа бізді кемсітіп, қанағаннан басқа не опа қылды? Одан да біз бетімізді Шығысқа бұрайық»** деді.

*Ресми емес басқа жерлерде де ауызекі әңгімелерден соң мен мадиарлар Еуропада өздерін өгей сезіне ме деп қалдым. Әсіресе, бұндай көңіл-күй зиялы қауымға тән сияқты. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін «сендер нацистермен одақтас болдыңдар» деп Кеңес өкіметі мен Америка, Англия, тағы басқасы бірігіп, Трианон келісімін өзгертпей, мадиарлардың жері ары қарай талан-таражға түскенін қалап, көрші елдердің құрамында қалдырды. Оның ішінде тегі нақты түрік секейлер тұратын Трансильвания Румынияның құрамында қала берді. Әр жыл сайын тамыз айында сол Трансильваниядағы үлкен Ерделі (Erdeli) жазығында жеті жүз мыңнан миллионға дейін мажарлар жиналып, осы келісімге қарсы бейбіт қарсылығын білдіреді.*

![](https://storage.yvision.kz/images/user/masa77/D7Bmd62J1SKPdsl887HTlK1bW8h3Pa.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-tar-men-madyarlar-696589](https://yvision.kz/kk/post/aza-tar-men-madyarlar-696589)