---
title: "Қазақстанның тау-кен саласындағы даму перспективасы Рио-де-Жанейродағы XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінде таныстырылды"
description: "ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов бастап келген Қазақстанның і..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-10-20T06:31:18+00:00"
modified: "2016-10-20T06:31:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-tau-ken-salasynda-y-damu-perspektivasy-rio-de-zhaneyroda-y-xxiv-d-niezh-zilik-tau-ken-kon-719940"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-tau-ken-salasynda-y-damu-perspektivasy-rio-de-zhaneyroda-y-xxiv-d-niezh-zilik-tau-ken-kon-719940/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстанның тау-кен саласындағы даму перспективасы Рио-де-Жанейродағы XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінде таныстырылды

> ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов бастап келген Қазақстанның і...

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы Замир Сағынов бастап келген Қазақстанның ірі тау-кен компанияларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-зерттеу институттарының, «Iteca» көрме компаниясының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінің жұмысына қатысуда.

![Қазақстанның тау-кен саласындағы даму перспективасы Рио-де-Жанейродағы XXIV Дүниежүзілік тау-кен конгресінде таныстырылды](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/JVBZPZVN1p015ln0yoPJK2h4hScrzG.jpg)

Іс-шараға 34 елдің 2000 астам өкілдері, оның ішінде үкімет мүшелері, ғылыми қайраткерлер, халықаралық мамандандырылған ұйымдардың қызметкерлері, тау-кен кәсіпорындарының басшылары, Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері бар, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігі.

Тау-кеншілер съезінің бағдарламасы халықаралық ұйымдастырушы комитеті отырысының, конгресс пленарлық отырысының, тау-кен саласындағы соңғы жетістіктерді тамашалайтын көрменің, ғылыми-техникалық жұмыстар мен жобалар конкурсының өткізілуін көздейді. Қатысушылар пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, тау-кен және жерасты жұмыстарын жүргізу, автоматтандыру және роботты техниканы пайдалану, тау-кен өнеркәсібі саласындағы инновациялар секілді маңызды мәселелерді талқылайтын болады.

Конгрестің бірінші күнінде ҚР ИДМ-нің Жауапты хатшысы пленарлық отырыс барысында қазақстандық тау-кен өнеркәсібінің негізгі бағыттары мен оның даму болашағы туралы хабарлап, халықаралық ұйымдастырушы комитетінің мүшелерін XXV Дүниежүзілік тау-кен конгресін дайындау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

«KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ көрме барысында тау-кен-металлургиялық кешеніне, еліміздің инвестициялық саясатына, экспорттық әлеуетіне, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған ұлттық стендты ұсынды.

21 қазанда конгрестің қорытындылары бойынша қазақстандық тарапқа 2018 жылғы 19-22 маусымда Астанада өтетін келесі конгресті өткізу құқығына иелендіретін «май шамын» тапсыру рәсімі жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-tau-ken-salasynda-y-damu-perspektivasy-rio-de-zhaneyroda-y-xxiv-d-niezh-zilik-tau-ken-kon-719940](https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-tau-ken-salasynda-y-damu-perspektivasy-rio-de-zhaneyroda-y-xxiv-d-niezh-zilik-tau-ken-kon-719940)