---
title: "Қазақстанның сыртқы саясаты қай бағытта дамиды?"
description: "A+AnalyticsҚазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты бүкіл тәуелсіздік жылдарында дипломатиясы мен елд..."
author: "Aplusanalytics"
published: "2022-03-01T12:05:17+00:00"
modified: "2022-03-01T18:18:19+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-syrt-y-sayasaty-ay-ba-ytta-damidy-962426"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-syrt-y-sayasaty-ay-ba-ytta-damidy-962426/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстанның сыртқы саясаты қай бағытта дамиды?

> A+AnalyticsҚазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты бүкіл тәуелсіздік жылдарында дипломатиясы мен елд...

A+Analytics

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты бүкіл тәуелсіздік жылдарында дипломатиясы мен елдің сыртқы саясатының «мантрасы» болды. Өйткені сол кезде ел басшылығы мен Сыртқы істер министрлігіне әлемдік державалар мен стратегиялық одақтастарынан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың ішінен ең тиімдісі «бейбітшілік» тақырыбы болды. сондықтан, дәл осыны насихаттау оңай болды. . Дегенмен, қазіргі жағдайда Ресейдің әлемдік экономика мен саясаттан қол үзуі, оған Мәскеудің жауабы Қазақстаннан осы жағдай мен ұлттық мүдделерін ескере отырып, «макиавеллистік» шешімдер қабылдауды талап етеді.

Көпвекторлы сыртқы саясат еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың мақтанышы болды. Қ.Тоқаев республиканың Сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде «Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясы қағидаты қалыптасқанын, ол бүгінгі таңда еліміздің сыртқы саяси қызметінің өзегі болып табылатынын» растады. Бұл ұзақ уақыт бойы Қазақстанға барлық әлемдік державалармен шын мәнінде тең құқылы серіктестік орнатуға, кейде тіпті НАТО-мен ынтымақтасуға және «Дала қыраны» сияқты бірлескен әскери жаттығулар өткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, көпвекторлы әдіс аясында Қазақстан әскері он жыл бойы АҚШ пен НАТО елдерінің Ирактағы антитеррорлық науқанына қатысты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/dd525999bd379f33ef63bb45295f25.jpg)

Дегенмен, соңғы жылдардағы оқиғалар стратегиялық одақтастар, тиімді экономикалық серіктестер және «бауырлас елдер» деп аталатын елдермен «теңдік пен тең қашықтықты» сақтау қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Өткенге сараптама жасасақ, «көпвекторлы» тұжырымдамасының мазмұнын қайта қарау мәселесі 2022 жылға дейін, яғни Қазақстанның стратегиялық серіктестері мен одақтастарын қайта бағалауға мәжбүр болған кезінде басталғаны белгілі.

Стратегияның трансформациясы Қазақстан Республикасының 2014 және 2020 жылдардағы сыртқы саясатының тұжырымдамаларын салыстыру кезінде анық байқалды. Екі тұжырымдама да елдің серіктестері мен одақтастарының құрамын айқындайтын ең маңызды құжат болып табылады. 2014 жылдың алғашқы тұжырымдамасы сол кездегі Елбасы жүргізген саясаттың нәтижесінде жаһандық және аймақтық жағдайдың, үкіметтің мүмкіндіктері мен жоспарларының көрінісі болса, ал 2020 тұжырымдамада осының бәрі анағұрлым қысқа, ұтымды етіп көрсетілді. Сондай-ақ, біздің елдің Ресей, Қытай және АҚШ-пен, сондай-ақ сол тұста «маңызды одақтастар мен серіктестер» тізімінен шығып қалған Түркия мен Украинамен арадағы ынтымақтастыққа баса назар аударғанын байқауға болады.

Қазақстандағы қазіргі халықаралық жағдай Қазақстанның сыртқы саясатының мақсат міндеттерін қайта қарауды қажет етеді. Бұл нақтырақ айтсақ, республиканың өзінің мүмкіндіктері мен ресурстарына сәйкес келетіндей болуы мүмкін. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында АҚШ пен Еуропалық Одақ елдері Қазақстанның басты саяси және экономикалық серіктесі болды. Әсіресе, Ресейдегі әскери-саяси әлсіздік пен экономикалық күйреу жағдайында Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктестері болды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/65f3b4c520787c6879c7f9997a3f99.jpg)

Қазір жағдай түбегейлі өзгерді: НАТО халықаралық коалициясы әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы өткен жылы Вашингтонның Орталық Азияға деген қызығушылығын төмендетті. Дегенмен, оған дейін Қазақстан мен біздің аймақтағы басқа серіктестер осы елдегі тұрақтандыру мен экономикалық прогресстің бір бөлігіне жауапты болуы тиіс деп есептеліп келген еді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің кеңінен танымал "С5+1" (Орталық Азия плюс АҚШ) бастамасында Қазақстанға Ауғанстан экономикасын бірыңғайландыруға, терроризмге қарсы күреске көмек көрсетуге басты назар аударды. Бірақ қазір бұл жобаны қазір Д.Байден әкімшілігі ұмытып кеткен сияқты.

Бұған қоса, Еуроодақ 2021 жылдың соңында Қазақстанмен қарым-қатынас форматын өзгертті. Еуропарламентте «қанды қаңтар» оқиғасынан кейін Қазақстанның үкіметі мен оның жоғары лауазымды шенеуніктеріне қарсы санкция салу мәселесін талқылағаннан кейін бізді Еуропалық Одақтың мәртебесі мен маңызын басқаша бағалауға мәжбүрлеп отыр. .

Алайда, «көпвекторлы тәсілді» «екі векторлы тәсіл» ұстанымы етіп қайта қараудың ең маңызды себебі Ресей мен Қытайдың, әсіресе әскери-саяси тұрғыдан халықаралық ықпалының өсуі болып табылады. Оның құпия болғанына қарамастан, 2022 жылғы қаңтарда ҰҚШҰ контингентінің «Қазақстандық одиссеясы» кезінде ҚХР басшылығының РФ Сыртқы істер министрі С.Лавровқа телефон соққаны туралы ақпарат БАҚ-қа тарап кетті.

Бұл Ресейдің Қазақстанға қатысты шешімдеріне де әсер ете алатын яғни, Қытайдың біздің еліміз үшін маңызды тірек болатынын көрсетеді.

Украинамен әскери қақтығыстан кейін Ресейдің АҚШ-пен, G7 елдерімен, НАТО-ның басқа мүшелерімен, Кремльдің ҰҚШҰ елдеріне "Батыс" бәсекелестеріне қарсы топтасуға шақыруын болжау қиын емес. Қазірдің өзінде Ресейдің Федералдық медиасының ірі ақпараттық платформалары мен порталдарында "қаңтар трагедиясы" оқиғасынан кейін батыс елдерінің Қазақстан жайында айтқан теріс пікірлері толып жатыр.

Оған қоса, ресейлік танымал Lenta.ru интернет-порталында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлерін Донецк пен Луганск халық республикаларына жіберуі мүмкін", екендігін айтты деген мақалалар пайда болды. Бірақ кейіннен біздің еліміздің мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқаны жазылады. Мұндай БАҚ-тың деструктивті рөлі мен ақпараттық күшін ескере отырып, ресейлік тараптың Қазақстан билігінің Украина мен ҰҚШҰ-ға қатысты шешіміне әсер етуге ұмтылыс жасағысы келді. Сонымен қатар, сол шешімдерге өздері де мүдделі болды, деп біржақты қорытынды жасауға болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/487467/1ad9e5a9923cf6df09c1553d48fd31.jpg)

Таяу болашақта Қазақстан билігі Батыс елдерімен дұрыс қарым-қатынасын қалыптастыру үшін, оларға неғұрлым "сенімді" дәлелдер айтуы керек болады. Осы орайда ресейлік саясаткерлер мен депутаттардың Қазақстанға өздері айтып жүрген "сыйға берілген жерлер", тілдік және ономастикалық мәселелер бойынша қоятын талаптарының бар екені белгілі.

Осы кезеңде көпвекторлы саясатты түрлендірудің ең жақсы нұсқасы «макиавеллизм» деп қорытынды жасауға болады. Қазір көршілес державалардан тудыратын сын - қатер мен тәуекелдер Қазақстанға осы күрделі кезеңде шыңдалуға және оны аман-есен өткеруге көмектеспек. Біз қаласақ та, қаламасақ та, Украйнадағы жағдайды аттап өте алмаймыз. Олар соғыста жеңген күннің өзінде біраз жылға шегініс жасайды. Себебі, экономикасы қатты күйрейді. Соғыс зардабы мен адам шығынын бастан кешіреді.

НАТО елдерінен шетелдік агрессорлармен күресте көмек күту қиын. Оған Украина дәлел бола алады. Бұл жағдайда ел басшылығының көпвекторлы көзқарасты уақытша екі векторлы сыртқы саясатқа айналдырған кезде ғана үміт артуға болады. Елдің мүмкіндігінің шектеулі екенін, сондай-ақ Еуропалық Одақ елдері мен АҚШ-тың Украинамен салыстырғанда Қазақстанға деген қызығушылық танытпауын жете түсіну, Қазақстанға көпвекторлы үлгіге қатысты дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-syrt-y-sayasaty-ay-ba-ytta-damidy-962426](https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-syrt-y-sayasaty-ay-ba-ytta-damidy-962426)