---
title: "Қазақстанның ЕврАзЭс ұйымына қосылуы жайлы"
description: "ЕврАзЭс ұйымы бес мемлекеттің басын біріктіріп тұрған ұйым. Ол мемлекеттер қатарына Қазақстан, Ресей..."
author: "AibekIslamhan"
published: "2014-06-20T03:54:08+00:00"
modified: "2014-06-20T03:54:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-evrazes-yymyna-osyluy-zhayly-418676"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-evrazes-yymyna-osyluy-zhayly-418676/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстанның ЕврАзЭс ұйымына қосылуы жайлы

> ЕврАзЭс ұйымы бес мемлекеттің басын біріктіріп тұрған ұйым. Ол мемлекеттер қатарына Қазақстан, Ресей...

ЕврАзЭс ұйымы бес мемлекеттің басын біріктіріп тұрған ұйым. Ол мемлекеттер қатарына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Тәжікстан кіреді. Кейбір пікір танытушылар ЕврАзЭс ұйымын бұрынғы Кеңестік одақтың басқа, жаңаша формада қалыптасқан түрі ретінде көретіні рас. Алайда бұл жай ғана қате пікір ретінде қабылданғаны жөн. ЕврАзЭс-ол Одақ, мұны мойындаймыз. Бұл одақтың әрбір мүше мемлекеті өз тәуелсіздігін берік ұстанады және оған қатысты қандай да болмасын күмән туғызатын ойға ерекше сезімталдық пен үрей танытатыны айдан анық. Мүше мемлекет еуразиялық кеңістікте экономикалық құзырын жетілдіру мақсатын көздейді және оған осы мүмкіндікті ЕврАзЭс ұйымы беріп отыр. Еуразиялық экономикалық кеңістік-бұл мүше мемлекеттер арасында өзара тиімді сауда-саттық қарым-қатынас орнатуға жол ашатын орта. Сондай тиімділікті көздеген Қазақстан еліміз ЕврАзЭс ұйымына толыққанды мүшесі ретінде кіріп отыр әрі бұл стратегиялық маңызы зор шешім деп есептеймін. ЕврАзЭс ұйымының құрылу тарихына терең көз салмай-ақ, бірден осы одақтың біздің мемлекетімізге және біздің халқымызға қандай жағымды жақтарымен көріне алатындығын байқап көрелік.

ЕврАзЭс, жалпақ тілмен айтқанда, Еуропалық Одақтың еуразиялық үлгісі деп келтірсек қатты қателесе қоймаспыз. Әрине, екі ұйым арасында өзіндік айырмашылықтары бар және ол ерекшелік географиялық-шаруашылық, тарихи жағынан қарастырылады. ЕврАзЭс мүше мемлекеттерінің бір ортақ белгісі-ол Кеңестік одақтың құрамында болғандығы және бүкілхалықтық шаруашылықтың белгісі әр мүше елдің өндірістік кәсібінде байқалды сол кеңестік заманда. Қазақстанда металлургия, тау-кен өндірісі жоғары деңгейде дамып жатты және қазіргі таңда да зор зарқынмен жетіліп келетіндігі жалған емес. Еуразиялық экономикалық кеңістікте еліміздегі осы әрі басқа да өндіріс салаларын онан әрі дамытуға молырақ мүмкіндік беріліп, кеңірек есік ашылады. «Бұл мүмкіндіктің берілуіне не кепіл бола алады?» деген сұрақтың туындайтыны заңды. Кедендік Одақтың қалыптасуы және осы Одақтың шарасында мүше-мемлекеттердің сауда-саттық тауар айналымының жоғарылауы сол кепілдіктің белгісі ретінде таныла қойғаны жөн. Кедендік Одақ ЕврАзЭс мемлекеттері арасындағы сауда қатынастарын нығайтудағы бірден-бір фактор. Кедендік келісімге келу арқылы мүше мемлекеттер ұлттық тауарларын халықаралық деңгейде насихаттауға және нәтижесінде оны сатуға зор мүмкіндік алып отыр. Қазіргі таңда бұл кедендік ұйымға үш мемлекет мүше-Қазақстан, Ресей және Беларусь. Аталмыш мемлекеттер арасында кедендік пошлина қарастырылмаған. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз Қазақстан өз тауарларын сыртқа тасымалдауға жеңілдік алып отыр және өзге елдердің импорттық тауарларын кіргізу арқылы отандық кәсіпкерлерді бәсекелестікке қарқынды түрде төтеп бере алуына жол ашты. Әрине, ресейлік әлде беларустік тауарлар бізге қарай ағыла бастады және оның да бір кемшілігі болар, алайда осының арқасында отандық шағын және орта кәсіптегі қызмет көрсету деңгейі жоғарылайтыны анық. Бір сөзбен қайырғанда, Кедендік Одақ Қазақстан үшін өндірісте болсын, жеке кәсіпкерлікте болсын жаңа әрі жетілдірілген техникалық құрал, әдіс түрінің қалыптасуына түрткі болғалы тұр, ал бұл өз кезегінде «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар тауарлардың кең көлемде қолданыста болатындығына жол ашпақ.

Осындай экономикалық мақсаттарды көздей отырып, Қазақстанның ЕврАзЭс ұйымына мүше ел болып кіргені тек экономикалық жағынан емес, сондай-ақ саяси жағынан да тиімді. Бұған себеп Еуропа мен Америка елінің халықаралық сауда қатынастарын орнатуға қатысты өз ұстанымдары бар және оларды жүзеге асыру барысында ТМД мемлекеттерінің нарығы ерекше назарда. Батыстық әріптестерімізден қандай да болмасын экономикалық, сауда-саттық экспансиясын еуразиялық аумақта жүргізбек ойы болса, онда ЕуразЭС мемлекеттерінің ауызбірлігі мен өзара саяси-экономикалық тиімділікті көздеген ұстанымдары халықаралық саяси тұрақтылықты ұстап тұруда табысты жұмыс атқармақ.

Әзірге анығы бір жәйт-ЕврАзЭс ұйымы шарасында жүзеге асырылып келе жатқан іс-шаралар мүше-мемлекеттер арасында және жалпы еуразиялық аумақта экономикалық жағынан бірқалыптылықты сақтап келеді. Бұл ұйымға қатысты интеграциялық жұмыстар атқарыла бермек, бірақ аталмыш ұйымға кіргелі бері қазақстандық экономикаға әлде саяси жағдайға қатысты қандай да дүрбелеңнің орын алып жатқандығы сезілмейді және сезіле қоймайды деп сенемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-evrazes-yymyna-osyluy-zhayly-418676](https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-evrazes-yymyna-osyluy-zhayly-418676)