---
title: "Қазақстанның дәстүріне ғашық Сон Паскаль"
description: "Шыны керек, Сон Паскаль есімі алдымен «Englishman in Shymkent» әні арқасында танымал болды. Бір жыл..."
author: "Arsik"
published: "2012-11-08T13:53:00+00:00"
modified: "2012-08-31T00:13:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-d-st-rine-ashy-son-paskal-286842"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-d-st-rine-ashy-son-paskal-286842/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстанның дәстүріне ғашық Сон Паскаль

> Шыны керек, Сон Паскаль есімі алдымен «Englishman in Shymkent» әні арқасында танымал болды. Бір жыл...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/C2kFK252XW1TZXf2O5Cywh76sXp6Bn.jpg)

*Шыны керек, **Сон Паскаль** есімі алдымен «[Englishman in Shymkent](http://www.youtube.com/watch?v=EDLUeyw53uo&feature=related)» әні арқасында танымал болды. Бір жыл бұрын итальяндық жігіт отандық [aTunes](http://atunes.kz/) онлайн байқау жобасының финалисі болып атанған еді. Кейін Сон көптеген хит әндердің римейкын, сондай-ақ, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің орындаушысы болып үлгеріпті. Қазіргі таңда әнші көптеген қайырымдылық жобаларға қатысып, белсенді түрде daily motion-дарын түсіреді. Ал тамыздың 15 күні сазгер «You should speak kazakhsha» атты жаңа бейнебаянының таныстырылуын өткізді. Әншінің продюсері Жомарт Сүлейменовтың айтуынша, бұл ән жастар арасында қазақ тілін насихаттауға, оны дәріптеуге аз да болса, септігін тигізу керек. Өйткені қазіргі жастар қазақ тілі дамымай жатыр деген зарға емес, оны насихаттайтын позитивті үнге көбірек назар аударатыны шындық.*

Бейнебаян бүгінде 137 мыңнан аса көрсетілімге ие. Көптеген жастарға жаңа ән ұнап, ғаламторда түрлі пікірлер де жазылуда, мысалы youtube-та[pandagrenovski](https://www.youtube.com/user/pandagrenovski) деген қолданушы: *«жанды жерімізге тиді, ана тіліңді білмегеніңе ашынып жүргеніңде, бұл жерде итальяндық қазақша өлең айтып, оның үстіне қазақша сөйлеңдер деп жатыр»* десе,[mustapeace24](https://www.youtube.com/user/mustapeace24) атты қолданушы: *«бұл адам елдегі қазақ тілі төңірегіндегі кінәмшіл жағдайды жақсы пайдаланып отыр. Қазақтар оның бір-екі ауыз қазақша біліп, бізге сөйле дегеніне мәз. Ұят.»* деп пікір білдіреді.

*Төменде арнайы «Екпін» оқырмандары үшін Сон Паскальмен жасалған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.*

**— Алдымен өзің туралы айтып өтсең: қай жерде, қашан туылдың?**

— Мен 1986 жылы 17 мамырда Оңтүстік Италия жерінде Миммо мен Лиза есімді жандардың махаббатынан туғанмын. Менен кейін Тереса және Федерика атты екі қарындасым бар. Олардың жанында көбірек болсам деймін. Қазақтар мен итальяндықтардың ұқсастықтары көп. Отбасы, дәстүр сынды құндылықтарымыз бірдей. Сондықтан маған бұл ел жақын шығар. Менің мұнда болғаныма тек жарты жыл болды, соның өзінде өзіме көп жақын достар таптым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/Zxr495s4uM4K1JnGiwB53XeOnIU501.jpg)

**— Қай жоғарғы оқу орнында оқыдың, қандай мамандық бойынша бітірдің?**

— Италия мен Ұлыбританияда музыкамен айналыса бастағанға дейін әдебиет пен ежелгі тілдерді оқығанмын.

**— Музыка саласына қалай келдің?**

— Музыкант боламын деп әдейі шешім қабылдаған жоқпын. Бала кезімнен музыка өмірімнің бөлігі болған. Сондықтан өзімен-өзі солай болып шықты. Бұл қызық, өйткені әке-шешемнің музыкаға еш қатысы жоқ. Ән айтып, аспапта ойнағанды қатты жақсы көретінмін және бұл қолымнан келетін ең жақсы іс деп білемін. Сол себепті мен бірте-бірте жұрт алдында көрініп, сахнаға шыға бастадым.

**— Қазақстанға келуіңе Эйтюнс байқауы себеп болғанын білеміз, бірақ байқау былтыр аяқталды, ал сен болсаң, әлі күнге дейін осындасың? Бұған не себеп болды?**

— Меніңше, Қазақстанда жүргенімнің басты себебін айтпасам да түсінікті: бұл жер өте әдемі, ал танымал бола бастаған сайын, адамдардың махаббатына бөлене бастаған сайын мен өзімді үйдегідей сезінемін. Мен Қазақстанның табиғатына, еліне, дәстүріне ғашықпын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/t8NlrpkMeZbbW0cUgPHDDP8vxQyMd7.jpg)

**— Елімізге келгенде алғаш әсерің қандай болды?**

— Өте жақсы. Әрине, әлемде көбінде қазақ елі жайлы біле бермейді, бірақ бұл елдің қонақжайлылығы таң қалдырарлықтай. Өткен жылдың қыркүйек айында келгендегі алғашқы ойым осындай болды.

**— Қазақстанның қай қалаларында болып көрдің? Қайсысы ерекше ұнады?** — Қазақстанға келгендегі алғашқы қалам, Алматыны санамағанда, Шымкент болды. Одан кейін Атырау, Қызылорда, Павлодар, Астана. Маған бәрі де ұнады. Әр қаланың өзіндік бір ерекшелігі бар. Тек адамдардың мейірімділігі барлық жерде бірдей. Сондай-ақ, Астананың архитектурасы маған өте әсер етті.

**— Қазақтың салт-дәстүрлерінен хабарың бар екенін білеміз, қай дәстүр ұнайды, толығырақ айтып берсең...**

— Сарқыт өте ұнайды. Өйткені қонаққа барғанда үйге біраз тамақ алып кете аламын. Сосын бір апта бойы үйде тегін тамақ жеймін (күліп).

**— Болашағыңды тек қана әншілікпен байланыстырасың ба?**

— Жоқ, бірақ не болса да, көңіл көтеру саласында жұмыс істегім келеді. Мүмкін болашақта продюсер не актер болармын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/cC0s3R2PwyVwNRT6MMcI3VS85cAUzL.jpg)

**— Қазақ жастарын шетелдік жастармен салыстыра отырып, біздің жастардың ерекшелігін атап өте аласың ба?**

— Меніңше, қазақ жастарының еуропалық жастардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақтарды қазіргі кезеңнің декаденсы қатты бұзбаған, және бұл өте жақсы. Айтпақшы, алкоголь деген нәрсе әлі де бақылауда болу керек деген нәрселердің бірі.

**— Қазақстанның музыканттарымен таныс болған шығарсың осы уақыт ішінде, өзіңе ұнаған қазақ әншілер, топтарды атай аласың ба?**

— Бейбіт Қорған.

**— Бос уақытыңды қалай өткізесің?**

— Менің бос уақытым көп бола бермейді, шыны керек. Бірақ маған тауға, табиғат аясына шыққан ұнайды. Қала өмірі біраз шаршатады, сондықтан таза ауамен тыныстауды жақсы көремін.

**— Қазақстанда әлі қанша уақыт боласың? Болашақта нендей жоспарың бар?**

— Мұнда қала алғанымша, қалғым келеді. Өйткені сіздердің мәдениеттеріңіз маған керемет ұнайды. Және де Алматы — менің үйім болып кетті. Мен өзімнің музыкаммен ажырамастаймын, бұл мені бақытсыз болудан сақтайтын жалғыз нәрсе. Сені өмірде не күтіп тұрғанын ешқашан біле алмайсың және де мен оның барлығына да дайынмын.

*Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева*

*Фото: [http://vk.com/sonofmusic](http://vk.com/sonofmusic)*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-d-st-rine-ashy-son-paskal-286842](https://yvision.kz/kk/post/aza-stanny-d-st-rine-ashy-son-paskal-286842)