---
title: "Қазақстандық ЖОО-лардың әлеуметтік желілерді қолдануы бойынша 10 кеңес"
description: "Заманға сай білім беру институттары өзінің құралдарын өзгертіп отырады. Алайда оқыту функциясы қашан..."
author: "Sholanova"
published: "2017-06-08T16:33:36+00:00"
modified: "2017-06-08T16:33:36+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standy-zhoo-lardy-leumettik-zhelilerdi-oldanuy-boyynsha-10-ke-es-769436"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standy-zhoo-lardy-leumettik-zhelilerdi-oldanuy-boyynsha-10-ke-es-769436/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстандық ЖОО-лардың әлеуметтік желілерді қолдануы бойынша 10 кеңес

> Заманға сай білім беру институттары өзінің құралдарын өзгертіп отырады. Алайда оқыту функциясы қашан...

Заманға сай білім беру институттары өзінің құралдарын өзгертіп отырады. Алайда оқыту функциясы қашан да білім беру институтының басты функциясы болмақ. Әлеуметтік желілерді білім берудегі жаңа құралдардың бірі десек, Қазақстанның жоғары оқу орындары бұл мүмкіндікті қалайша пайдалануда?

Осы сауалға жауап алу мақсатында ғылыми еңбек жазған болатынбыз. СДУ, ҚазҰУ, НУ, ҚМУ сияқты Қазақстан университеттерін зерттеу объектісі етіп алып, аталмыш ЖОО-лардың сәуір айындағы әлеуметтік желі парақшаларын зерттедік.

Нәтижесінде төмендегі 10 кеңесті құрастырдық:

 

***1. Стратегияны анықтау және контент-жоспар жасау***

Әлеуметтік желіні жүргізу – тұрақтылықты әрі нақтылықты қажет ететін жұмыс түрі. Сондықтан SMM-менеджер желідегі парақшаның басты мақсаттарын әрі идеясын айқындап, соған орай контент-жоспар (айдарлар, күнделікті жазба саны т.б.) жасауы тиіс.

***2. Әлеуметтік желіде жиі белсенділік таныту***

Сулейман Демирел Университеті әлеуметтік желілерде жоғары белсенділік таныту арқылы аудитория тарапынын жақсы ықыласқа ("ұнайды" белгісі) және пікірлерге ие болды. Әлеуметтік желілердегі ақпаратты күнделікті жаңартудың арқасында парақшадағы белсенді қолданушылар саны көбее түседі. Осыған орай пікірлер мен "ұнайды" белгілерінің саны да арта түседі. Университет ішінде болып жатқан түрлі іс-шараларды күнделікті түрде желілерге жариялап тұру университеттің имиджін де арттырады.

***3. Айдарлар құру***

Жоғары оқу орындарының әлеуметтік желілердегі парақшаларын сараптау кездінде мынадай кемшілік байқалды: жарияланған жазбалардың басым бөлігі ақпараттық-жаңалықтық форматта жазылған. Бұл ақпараттардың барлығын "Жаңалықтар" айдарына қосуға болады. "Университет студенті", "Университет оқытушысы", "Пайдалы ақпарат", "Жобалар", "Жарыстар", "Ал сен білесің бе?" т.б. сан-алуан айдарлар оқырмандардың қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Осыған орай жазба астындағы пікірлер саны да көбейіп, интерактивтілік деңгейі жоғарылайды.

***4. Тілдер алуандылығы***

Әлеуметтік желідегі жазбалар ЖОО-да оқытылатын тілдерде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылуы тиіс. Мәселен, қазақ тілінде оқиятын студентке орыс немесе ағылшын тілінде ақпарат оқу ыңғайсыз, қызықсыз немесе күрделі болуы мүмкін. Әсіресе қазақ тілінде жазбалардың аз болуынан қазақтілді студенттер қзге тілдерде жарияланған жазбалардың астында негативті пікірлер қалдырып отырады.

***5. Білім беру функциясын әлеуметтік желіде жүзеге асыру***

ЖОО-лардың басты мақсаты сауатсыздықпен күресу әрі білім беру болғандықтан, университет маркетологтары әлеуметтік желілерді бірінші кезекте жарнама жасау үшін емес, әлеуметтік желі арқылы да аудиторияны сауаттандыруы үшін қолдануы тиіс. Оған қоса, сәлеуметтік желілер студенттердің ең жиі қолданатын ақпарат көзі(гкітап, газет, журналмен салыстырғанда). Сондықтан жүйелі түрде пайдалы ақпарат таратып отыру, студенттің интеллектуалды деңгейін жоғарлатуға септігін тигізеді.

***6. Университет мүшелерінің арасында виртуалды байланыс орнату***

Ғылыми жұмыстың теориялық негізінде университеттің 1-курс студенттері әлеуметтік желілерде белсенді болу арқылы жаңа ортаға тезірек бейімделетіні жайлы айтылған болатын. Әлеуметтік желілерде студенттер мен оқытушылар және университеттің тағы да басқа мүшелерін ортаға тарту арқылы (мысалы, оқытушымен таныстыру, студентпен таныстыру) ЖОО-ның өзара бірлігін нығайтуға болады.

***7. Мотивациялық жазбаларды жариялау***

Шетелде білім алған, жарыс-жобаларда жүлдеге ие болған және т.б. жетістікке жеткен студенттер, мамандар жайлы жүйелі түрде (мысалы, аптасына 1 рет) ақпарат жариялап отыру арқылы студенттердің психологиясына оң әсер етуге болады. Өзімен бірге бір университетте оқып, бір оқытушылардан білім алып, жетістікке жеткен адамдарды танып білгенде, студенттің "оның қолынан келсе, менің де қолымнан келеді" деген ойы пайда болады.

***8. Сұрақ-жауап алаңын тудыру***

Сулейман Демирел Университеті Ask.fm желісінде тіркелген. Парақшаға күніне бірнеше сұрақ келіп түседі. Ask.fm дәл сұрақ қоюға арналған әлеуметтік желі болғандықтан, сұрақ-жауап функциясын атқаруда өте қолайлы. СДУ-дың студенттері және абитуриенттер аталмыш желіге сұратарын анонимді түрде жариялайды. СДУ-дағы әлеуметтік желілерге жауапты жарнама бөлімінің қызметкерлері сұрақтарға тез арада жауап береді. Аталмыш желі сияқты платформаларды сұрақтарға жауап беру мақсатында қолдану, әсіресе, абитуриенттер үшін аса ыңғайлы. Жаңа әлеуметтік институттың бөлшегі атанғалы отырған түлектердің сауалдары көп болады. Сұрақтарға жауап алу арқылы абитуриенттердің сеніміділігі артып, дұрыс таңдау жасауға жағдай жасалынады.

***9. Әлеуметтік желіге жауапты адам тағайындау***

Әлеуметтік желі жиілікті, жүйелікті, стратегияны, белгілі бір ережелерге бағынуды талап ететіндіктен, әлеуметтік желіге жауапты адам тағайындалуы керек. Және, мүмкіндігінше, әлеуметтік желіні жүргізу басқа бір қызметке қосалқы ретінде берілмеуі керек. Себебі әлеуметтік желіні жүргізу адамдармен байланыс орнату болғандықтан, үлкен ақпараттық жауапкершілікті жүктейді. Ал сапалы контент жасау көп уақытты талап етеді.

***10. Сараптама жасау***

Белгілі бір уақыт аралығында әлеуметтік желіде жасалған жұмысқа сараптама жасау оқырмандарға ұнаған/ұнамаған жазбаларды анықтап, жазба сапасын арттыруға септігін тигізеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-standy-zhoo-lardy-leumettik-zhelilerdi-oldanuy-boyynsha-10-ke-es-769436](https://yvision.kz/kk/post/aza-standy-zhoo-lardy-leumettik-zhelilerdi-oldanuy-boyynsha-10-ke-es-769436)