---
title: "«Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды"
description: "2013 жылдың 11-қарашасынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының хабар тарату кестесі өзгереді. Ұлттық те..."
author: "Akparat"
published: "2013-11-01T08:57:07+00:00"
modified: "2013-11-01T08:57:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-sheteldik-telehikayalar-lesi-azayady-383057"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-sheteldik-telehikayalar-lesi-azayady-383057/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды

> 2013 жылдың 11-қарашасынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының хабар тарату кестесі өзгереді. Ұлттық те...

2013 жылдың 11-қарашасынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының хабар тарату кестесі өзгереді. Ұлттық телеарна шетелдік телехикаялардың қомақты бөлігін азайтып, отандық телехикаялардың санын арттыруды көздейді, деп хабарлады баспасөз қызметі.

![«Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/3tKa28UQszWZ3liaa8g42AHFL2Ah8P.jpg)

Отандық жобалар мен телехикаялардың санын арттыру - бұл әлемдік үрдіс. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының басшылығы отандық телехикаялардың көлемін ұлғайтып қана қоймай, олардың сапасын да арттыруды көздейді. «Қазақстан»ҰТА 2006 жылы алғаш рет түрік және корей телехикаяларын көрермен назарына ұсынды. 2009 жылы Ұлттық телеарна тұңғыш отандық өнім «Ағайынды» телехикаясын көрсетті. 7 жыл ішінде телеарнаның ішкі өнімдерінің саны да, сапасы да үздіксіз артып, отандық телехикаялардың қомақты мұрағаты қалыптасты. Солардың ішінде «Туған елдің түтіні», «Ұлжан», «Парыз», «Көк тарландары», «Өмір өткелдері» және т.б телехикаяларды көрермендер жылы қабылдады.

![«Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/k1ytbAdRRY24zKGdKc726nb1W7Xe62.jpg)

«Қазақстан» ҰТА-ның арнайы тапсырысымен түсірілген телехикаялардың рейтингі 2011 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді. ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, 2011 жылдың 1 қыркүйегі мен 2013 жылдың тамыз айы аралығында толықтай қазақ тілінде хабар таратуға көшкен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының рейтингісі 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар елді мекендер арасында 55 пайызға орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен 47 пайызға пайызға өсті.

![«Қазақстанда» шетелдік телехикаялар үлесі азаяды](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/qgMpQHjym5zOL1CyVRx9mBtw7I17Xt.jpg)

Рейтингтің өсуіне отандық телехикаялардың қосқан үлесі аз емес. 2009-2013 жылдар аралығында отандық телехикаялар өз аудиториясын қалыптастыру арқылы тұрақты көрермендер санын ұлғайтуға ықпал етті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-sheteldik-telehikayalar-lesi-azayady-383057](https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-sheteldik-telehikayalar-lesi-azayady-383057)