---
title: "«Қазақстанда» — «Әпке»"
description: "«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендеріне тағы бір отандық телехикаяны ұсынбақ. Ол - көпсериялы «..."
author: "Akparat"
published: "2013-11-26T12:25:30+00:00"
modified: "2013-11-26T21:22:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-pke-386882"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-pke-386882/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Қазақстанда» — «Әпке»

> «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендеріне тағы бір отандық телехикаяны ұсынбақ. Ол - көпсериялы «...

**«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендеріне тағы бір отандық телехикаяны ұсынбақ.** Ол - көпсериялы «Әпке» мелодрамасы.

Заманымыздың заңғар жазушысы **Дулат Исабековтің** «Әпке» драмалық шығармасы еліміздегі ес тоқтатқан баладан еңкейген кәріге дейін сүйіп оқитын шығармалардың бірі. Туынды өткен ғасырдың 80-жылдары, Кеңес заманында өмірге келсе де қазақ қоғамы үшін өзектілігін әлі де жоғалтпаған. Жаңа сериал сол шығарманың желісі бойынша түсірілген.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/fF446D1t5fLw0Df91QvbehmC2WGJX2.jpg)

Картинада ата-анасынан ерте айырылған бір отбасындағы бес баланың басқа түскен сан түрлі қиындыққа мойымастан, өмірден өз орындарын тапқаны баяндалады. Бір ата, бір анадан туса да мінездері әрқилы ұл-қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қаққан шаңырақтың үлкені - **Қамажай (Әпке)** бауырларының бақыты үшін өмірлік қызығынан бас тартып, артынан ерген іні-сіңлілерінің жолына барлығын құрбан етуге даяр мейірімді жан. Бауырларына әке-шешесін жоқтатпаған Әпкенің еңбегі еш кетпейді.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/1aFtUr3gtCmX8eLTuV06hTkmjQw8S9.jpg)

Қамажайдың іні-сіңлілерінің әрқайсы өз алдына бір төбе десек те шаңырақтың бары да бағы да - олар өзара "Мама" деп еркелей атайтын үлкен Әпкелері. Тіпті анасынан ес білмейтін сәби шағында айырылған кенже бауыры **Ермек** Қамажайды шынымен де өзінің туған анасы деп есептейді.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/42JksA37tGLJuGgV9jVc7S0ies3015.jpg)

Отбасындағы Қамажайдан кейінгі бала - ғылым кандидаты **Омар.** Оқудан басқаны ұмытқан біртоға мінезді, қой аузынан шөп алмас, ақкөңіл азамат.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/z5fKTUHg5EY3Fi4734XC0MSsjoYR2V.jpg)

Қамажайдың Омардан кейінгі бауыры - **Темірбек-Тимур**, еті тірі, ерте жастан еңбекке араласып ысылған епті жігіт. Аздаған қызбалығы бар. Әдемі киінгенді, қыдырыс пен той-томалақта көңіл көтергенді ұнатады. Солай бола тұра Тимур -Қамажайдың сүйеніші, отбасында табыс табатын жалғыз адам.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/Araq5aAo31WZhXRsbHTXES47Vp0VTQ.jpg)

**Назила** -үйдің еркесі. Қамажай отбасындағы өзінен кейінгі жалғыз қыз болғандықтан да "Өзім көрмеген қызықты сол көрсін", деп бетінен қақпай өсірген қыз. Назила Тимурмен тете өскендіктен болар, жиі сөзге келіп қалады. Шет тілі факультетінің студенті. Отбасында әпкесінің қолқанаты, жетімдер үйінде өскен құрбысы Гауһардың қамқоршысы болғанды өзіне борыш санайтын ақкөңіл жан.

![«Қазақстанда» — «Әпке»](https://storage.yvision.kz/images/user/akparat/84H33cq1DMS778F6w3YAc2xwD5I1RE.jpg)

**Телехикаяны жақында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан тамашалайсыздар.**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-pke-386882](https://yvision.kz/kk/post/aza-standa-pke-386882)