---
title: "Қазақстан Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федерациясының сот органдарына іссапармен барып қайтты"
description: "Ағымдағы жылғы 24-28 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федер..."
author: "SUD_RK"
published: "2016-05-31T06:09:00+00:00"
modified: "2016-05-31T22:27:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-zho-ar-y-sotyny-delegaciyasy-resey-federaciyasyny-sot-organdaryna-issaparmen-baryp-aytty-695610"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-zho-ar-y-sotyny-delegaciyasy-resey-federaciyasyny-sot-organdaryna-issaparmen-baryp-aytty-695610/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федерациясының сот органдарына іссапармен барып қайтты

> Ағымдағы жылғы 24-28 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федер...

Ағымдағы жылғы 24-28 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федерациясына танысу іссапарымен барып қайтты. Іссапар шеңберінде Ресейдің Жоғарғы Сотында (Мәскеу қ.) және Санкт-Петербург қалалық сотында жұмыс кездесулері өтті. Іссапар ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьясы Елена Максюта, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Болат Кальянбеков, Астана және Алматы қалалары соттарының баспасөз хатшылары Ботагөз Баянова мен Дияс Махамбетов кірді. Бұған қоса, іссапарға «Сот репортерлері гильдиясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Байтелова және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің саяси мәселелер және БАҚ бойынша ұлттық үйлестірушісі Мария Дубовицкая барды.

Ағымдағы жылғы 25 мамырда делегация Мәскеу қаласында өткен Ресей Федерациясы Судьялар кеңесінің мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және БАҚ-пен байланыс жөніндегі комиссиясы отырысына қатысты. Іс-шара шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген қазақстандық сот төрелігі жүйесінің негізгі реформалары, соттарда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану мәселелеріндегі жетістіктер мен соттардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету шаралары таныстырылды. Осы ретте «Сот кабинеті» сервисінің, аудиобейнетіркеу және бейнебайланыс жүйелерінің, сот процестеріне қатысушыларды СМС-хабарлама арқылы хабарландыру және гибридтік почта жұмысына айрықша назар аударылды. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар Қазақстанда соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі жаңа тұжырымдамасының қабылданғаны, БАҚ-пен жұмыс бойынша үйлестіруші-судьялар институтының құрылғаны, баспасөзде шыққан сыни материалдарға ден қоюды ескере отырып, соттардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесінің енгізілгендігі туралы хабардар болды.

Ресейлік тарап өкілдері электронды сот төрелігін енгізу және БАҚ-пен жұмыс мәселелеріндегі Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға берді.

Сол күні қазақстандық делегация Ресей Жоғарғы Сотының ғимаратымен танысып, мұражайда болды. Бұдан әрі Ресей Федерациясы өңірлік сот органдарының баспасөз хатшыларымен және Сот репортерлері гильдиясының мүшелерімен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар соттардың БАҚ-пен жұмысын ұйымдастырудың тұжырымдамалық тәсілдері, сондай-ақ Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы ақпаратты ілгерілету бойынша тәжірибе алмасты. Қазақстандық тарап соттарды ақпараттық-имидждік қолдау жұмысы шеңберінде шығарылған бейнеөнімді көрсетті.

А.ж. 27 мамырда қазақстандық делегация Санкт-Петербург қаласында қалалық соттың ғимаратымен танысты. Ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілген. Мұнда бір судьяға 150 метрлік кеңсежай стандарты сақталған. Ғимараттың кең холы толығымен шыныдан жасалған, бұл сот төрелігінің айқындық пен тазалық қағидаттарын ұстанатындығын көрсетеді. Мұнда биіктігі 4,5 метрлік Фемида ескерткіші орнатылған. Сот дәліздері заманауи көркем стилде безендірілген, судьялардың психологиялық тынығуына арналған қысқы бақ та бар. Сот отырыстарына арналған кеңсежайлар процестерді тіркеуге және бейнебайланыс өткізуге арналған құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Аталған сотта аудандық соттардың баспасөз хатшысының функциясын атқаратын қызметкерлерге арналған «Құқық және ақпарат: соттардың баспасөз хатшылары жұмысының теориясы мен тәжірибесі» атты семинар-кеңес өтті. Оның барысында Санкт-Петербург қаласы бойынша соттар мен БАҚ-тың өзара іс-қимыл жүйесі таныстырылды, осы мәселе бойынша тараптар жинақталған тәжірибелерімен бөлісті.

Жалпы алғанда, іссапар қорытындысы бойынша Ресей Федерациясының Жоғарғы Сотымен соттардың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі

[http://sud.gov.kz/kaz/news/kazakstan-zhogargy-sotynyn-delegaciyasy-resey-federaciyasynyn-sot-organdaryna-issaparmen-baryp](http://sud.gov.kz/kaz/news/kazakstan-zhogargy-sotynyn-delegaciyasy-resey-federaciyasynyn-sot-organdaryna-issaparmen-baryp)

![Қазақстан Жоғарғы Сотының делегациясы Ресей Федерациясының сот органдарына іссапармен барып қайтты](https://storage.yvision.kz/images/user/sud_rk/0fnoW5aw5LfBDOlEu3ZyP5YrcnTI0Y.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-zho-ar-y-sotyny-delegaciyasy-resey-federaciyasyny-sot-organdaryna-issaparmen-baryp-aytty-695610](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-zho-ar-y-sotyny-delegaciyasy-resey-federaciyasyny-sot-organdaryna-issaparmen-baryp-aytty-695610)