---
title: "Қазақстан технологиялық келешекке нық қадам басты"
description: "Батыстың технологиясына қарап бой түзеудің қажеті жоқ, Силикон алқабы Қазақстанға өзі келеді. Ал дәл..."
author: "Green-bridge1"
published: "2015-11-17T23:23:32+00:00"
modified: "2015-11-17T23:23:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-tehnologiyaly-keleshekke-ny-adam-basty-644473"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-tehnologiyaly-keleshekke-ny-adam-basty-644473/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан технологиялық келешекке нық қадам басты

> Батыстың технологиясына қарап бой түзеудің қажеті жоқ, Силикон алқабы Қазақстанға өзі келеді. Ал дәл...

Батыстың технологиясына қарап бой түзеудің қажеті жоқ, Силикон алқабы Қазақстанға өзі келеді.

Ал дәл қазіргі қысылтаяң кезеңді инноваторлар тиімді пайдаланып қалуы тиіс. Өйткені ең жақсы бастамалар дағдарыс кезінде іске асады. 2 мың 700 адамның басын қосқан Techconnect технологиялық конференциясына келген шетелдің азулы сарапшылары форумды осындай айшықты пікірлермен түйіндеді.

Ақыл-ой мен қиялдың жемісі шам болып жанса, Астана бүгін күллі Еуразияға сәуле шашатын жарық қалаға айналар еді. Себебі Techconnect Орталық Азия, Еуропа, ТМД мен АҚШ-тың озық ойлы сарапшыларымен Қазақстанның үздік стартап авторларын бір алаңда тоғыстырды. Бұл – отандық жас инноваторлардың шағын идеяларына кең өріс ашып, бірден өндіріске қосуға жол ашатын таптырмас әрі алғашқы форум. Шараның кіріспесін бастап, Елбасының меймандарға деген сәлемін жеткізген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, «тартымды идея болса, оны іске асыру бізден» деп, биліктің инновацияны қолдайтындығын білдірді.

Халықаралық сарапшылар болса қазақстандық жобалардың инвестициялық тартымдылығын жарыса айтып жатыр. Каушал Чокши, Scaale Group венчурлық қорының президенті: – Сіздерде жоғары технологияны дамытуға қажетті инфрақұрылым дайын. Олар: білім жүйесі, тиімді инвесторта, биліктің қамқорлығы. Енді сәл қарқын қосып, жергілікті инновациялық хабқа айналу үшін шетелдік технология мен мамандар қажет. АҚШ-тағы әлемге танымал силикон алқабында жұмыс істейтін Андрей Куновтың айтуынша, Қазақстан Батыстың кез келген алпауыт компаниясын қызықтырып, елге тарта алады.

Андрей Кунов, Silicon Valley Innovation Center компаниясының президенті:
- Кез келген жобаға жан бітіру үшін диалог құру керек. Өзімен-өзі отырған адам түк бітіре алмайды. Ал Қазақстан бірден жоғары деңгейге шығып, силикон алқабымен арада көпір орнатқалы отыр. Бұл бізді де қызықтырады, материалдық және моральдық тұрғыда. Шетелдік компаниялар осында өздерінің базаларын орнатуға мүдделі. Екіжақты жобалардың тиімділігін көп күтпей, қазірдің өзінде байқауға болады. Мәселен, жер шаруашылығында суды үнемді пайдалану үшін қолданылатын жерасты түтіктерін «Қазкаучук» өнеркәсібі германиялық компанияның үлгісімен өндіріп келеді. Жылына 4 млн метр дайындалатын жерасты түтіктері қалдық материалдан шығарылады екен.

Бижан Жанымқұлов, «Қазкаучук» өндірісінің басшысы:
- Қазіргі таңда 3 өндірісіміз бар. Ескі, тозған дөңгелектерді қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтағын шығарамыз, одан соң диірмен арқылы белсендірілген резеңке тозын шығарамыз. Одан әртүрлі зат жасауға болады. Соның ішінде біздің таңдағанымыз – жерасты суару түтіктері. Ол Германияда пайда болған. Ал фармацевтикадан бастап мұнай өңдеу ісіне дейін қажетті жаңа материалдар шығаратын тағы бір зертхана АҚШ компаниясының бастамасымен жуырда Алматыда пайда болады.

Марк Гудстейн, The design Accelerator басқарушы директоры:
- Бұл ұсақ өндіріс, көлік, ауыр металл жасау, мұнай-газ өндіру ісіне қажетті арзан материалдардан дайындайтын платформа болады. Оны силикон алқабынан Қазақстанға әкелу үшін бүгін әріптестікке қол қоямыз. Инновациялық бастамалар ауылшаруашылығына да тың серпін бермек. Елімізде кең таралған еділбай және қазақ арқармеринос тұқымды қойларға геномдық төлқұжаттар дайындап, ДНҚ-лық талдау жүргізудің ғылыми негіздері жасалуда. «Қазцитоген» компаниясы қолға алған бұл жоба асылтұқымды мал басын сақтап, оны көбейтуге, селекцияны жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Айжан Мұсаева, жоба жетекшісі:
- Еділбай тұқымы – халықтық селекциямен шыққан тұқым. Ол өзін дәлелдеген. Еліміздің технологиялық келешекке нық қадам басқанын халықаралық рейтингтен де аңғаруға болады. Инновациялық көрсеткіш жөнінен Қазақстан соңғы жылдары 44-позицияны аттап, инновациялық әлеуеті жөнінен 72-орынға табан тіреді. Бұл салаға жылына 20 млрд доллар көлемінде шетелден инвестиция тартылса, өз елімізден бөлінген қаржының көлемі 434,6 млрд теңгеге жетіпті.

«Бұл қазақстандық инновация дәуірінің басталғаны», – дейді мамандар.

http://gbpp.org/kz/2015/11/11687

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-tehnologiyaly-keleshekke-ny-adam-basty-644473](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-tehnologiyaly-keleshekke-ny-adam-basty-644473)