---
title: "Қазақстан Әскери-теңіз күштерінде жауынгерлік сайыс жеңімпаздары анықталды"
description: "Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Ақтау қаласында орналасқан әскер..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-11-08T00:59:49+00:00"
modified: "2013-11-08T01:02:45+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-skeri-te-iz-k-shterinde-zhauyngerlik-sayys-zhe-impazdary-any-taldy-384025"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-skeri-te-iz-k-shterinde-zhauyngerlik-sayys-zhe-impazdary-any-taldy-384025/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Әскери-теңіз күштерінде жауынгерлік сайыс жеңімпаздары анықталды

> Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Ақтау қаласында орналасқан әскер...

**

![Қазақстан Әскери-теңіз күштерінде жауынгерлік сайыс жеңімпаздары анықталды](http://www.mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/08112013/2.jpg)

Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің Ақтау қаласында орналасқан әскери бөлімдерінің биылғы жылғы жауынгерлік даярлық қорытындысына арналған салтанатты жиналыс өтті.**

Салтанатты шараға ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының лауазым иелері, әскери бөлім командирлері мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары, Маңғыстау облыстық және Ақтау қаласы әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Жиналыста ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанзақов баяндама жасап, оқу жылының қорытындысы бойынша сайыс жеңімпаздарын атады.

Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелері арасында бірінші орынды ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасы иеленді.

Әскери кемелер арасында гидрографиялық «Жайық» кемесі (командирі капитан-лейтенант Рүстем Жүнісов) көш бастаса, зымыранды-артиллериялық «Қазақстан» кемесі (командирі капитан-лейтенант Еркебұлан Дәркенбаев), екінші орын, ал «Өжет» күзет кемесі (командирі аға лейтенант Алмас Битманов) үшінші орынды қанағат тұтты. Әскери қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілер мен қызметкерлерге сый-құрмет көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2012-2013 оқу жылы Қазақстан армиясында «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» жауынгерлік ұранымен өткізілуде.

Жауынгерлік даярлықтың барлық іс-шаралары Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүргізіліп келеді.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-skeri-te-iz-k-shterinde-zhauyngerlik-sayys-zhe-impazdary-any-taldy-384025](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-skeri-te-iz-k-shterinde-zhauyngerlik-sayys-zhe-impazdary-any-taldy-384025)