---
title: "Қазақстан президентінің әрекеттері"
description: "Н.Назарбаев пен Ф.Олланд «Сорбонна-Қазақстан» институтының ашылу рәсіміне қатысты. Қазақстан мен Фра..."
author: "Nurayim_B"
published: "2014-12-17T03:12:00+00:00"
modified: "2014-12-18T22:47:00+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-prezidentini-reketteri-451168"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-prezidentini-reketteri-451168/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан президентінің әрекеттері

> Н.Назарбаев пен Ф.Олланд «Сорбонна-Қазақстан» институтының ашылу рәсіміне қатысты. Қазақстан мен Фра...

**Н.Назарбаев пен Ф.Олланд «Сорбонна-Қазақстан» институтының ашылу рәсіміне қатысты.**

Қазақстан мен Франция Президенттері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған «Сорбонна-Қазақстан» институтының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы бұл шараға француз көшбасшысының қатысуы білім беру саласындағы осы бірлескен жобаның екі ел үшін де маңызы жоғары екенін білдіретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігіне кірікпейінше, инновациялар мен білімге негізделген жаңа экономика құра алмайтынын да атап өтті.

> – Біздің елімізде білім дамудың басымдығы бар шарты болып саналады. Қазақстан оны әлемдік озық стандарттарға жақындатуды көздейді. Біз жастарымыздың болашаққа батыл қарауына мүмкін беретін барлық білім мен машықты өз елінде игере алатындай болуын мақсат етіп отырмыз. Әлемге аты танымал университеттердің елімізге келуі біздің таңдаған бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Франсуа Олланд мәдениет және білім беру саласындағы қазақ-француз ынтымақтастығы бұдан әрі де кеңейе беретіндігіне тоқталды. Сондай-ақ жаңа ЖОО түлектері Қазақстанның инновациялық дамуына елеулі үлес қоса алатындығына сенім білдірді.

> «Сорбонна – Қазақстан» институты «Париж қаласының Сорбоннасы» (PRES Sorbonne Paris Cité) Жоғары білім ғылыми орталығының әлемдегі екінші және Орталық Азиядағы бірден-бір филиалы болып отыр. Ондағы білім беру үдерісі Болон конвенциясына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан мен Францияның профессорлары сабақ береді.

Бірлескен институттың ашылуы отандық білім беруді елдің жоғары білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз етуге бағыттаудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

**Елбасы инновациялық даму мәселелеріне арналған кеңеске қатысты.**

Іс-шара алдында Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы базасында ұйымдастырылған инновациялық жобалар көрмесін аралап көрді. Оның барысында отандық экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар инновациялық әзірленімдер таныстырылды.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес ғылымды қажетсінетін экономика құрудың маңыздылығына тоқталды.

> – Бұл міндет менің соңғы Жолдауымда да қойылып отыр. Инновациялар өнімділік пен еңбек тиімділігін күрт ұлғайтуға алып келуі тиіс. Мемлекет инновацияның өсуін қолдайды. Соңғы 5 жылда бұл саланы қолдау көлемі үш есе өсіп, 50 миллиард теңгеге жетті. Бәлкім, абсолюттік өлшем жөнінен бұл соншалық көп емес болар, бірақ өсім қарқыны біраз нәрсені аңғартады. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) арналған жиынтық шығыстар 49 миллиардтан 74 миллиард теңгеге дейін өсті, соның 30 миллиарды жеке сектор есебінен қаржыландырылды. Патент алу белсенділігі жағынан Қазақстан 141 елдің ішінде 42-орында. Елімізде инновациялық кластерлер қалыптасуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы инноваторларды даярлау мектеп қабырғасынан басталатынын атап өтті.

> – Біз білімді дамыту жағын ойластырдық. Зияткерлік мектептер құрылды, оған ең талантты балалар қабылдануда. Шетелде жұмыс істейтін отандық ғалымдар елге орала бастады, мұнда оларға тиісті жағдай жасалуда. Инновацияны дамытудың алғышарттары деген осы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті инновациялар қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына назар аударды.

> – Кедендік одаққа қатысушы ел әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының болашақ мүшесі ретінде біз үшін бұл маңызды мәнге ие. Мен жастарымызға тағы да айтамын – ғылыммен айналысыңыздар. Мемлекет өз тарапынан инновациялық жұмыстың дамуын жан-жақты қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев инновациялық даму саласындағы ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, инновациялық белсенділік үлесі 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 10 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 20 пайызға, ал ІЖӨ инновациялық өнімдердің үлесін 2,5 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Соңғы уақытқа дейін қаралған 3500-ден астам жобаның 577-сі мақұлданып, қолдау тапты.

Сонымен қатар жиын барысында Алматының инновациялық дамудағы рөлі мен үлесі туралы қала әкімі А.Есімов баяндады.

Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов өз баяндамасында мемлекеттік қолдаудың маңызы артып келе жатқанын атай отырып, ҒЗТКЖ-ға арналған шығыстар көлемін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Ал Назарбаев Университетінің президенті Ш.Катсу осы жоғары оқу орнының инновацияны қолдаудағы жаңа жүйе ретіндегі рөліне тоқталды.

**Елбасы шетелдік елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.**

Қазақстан Президентіне Төтенше және Өкілетті елшілер: Италия Республикасынан – Стефано Раваньян, Швеция Корольдігінен – Кристиан Камилл, Чех Республикасынан – Элишка Жигова, Литва Республикасынан – Витаутас Наудужас, Египет Араб Республикасынан – Хайсам Салах Камел Ибрахим, Үндістаннан – Харш Кумар Джайн, Македония Республикасынан – Илья Псалтиров, Қытай Халық Республикасынан Чжан Ханьхуэй сенім грамотасын тапсырды.

Рәсімге қатысушыларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтаған Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу маңызды күннің – Тәуелсіздіктің 23 жылдығының қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды.

> – Біз осы қысқа мерзімде мемлекеттілігіміздің берік негізін қаладық. Заманауи экономика, орнықты саяси жүйе және салиқалы азаматтық қоғам қалыптастырдық. Ішкі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді қарқынды экономикалық өсім арқылы қамтамасыз еттік. Сыртқы саяси ұстанымның айқындығы еліміздің халықаралық беделін көтерді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елдің «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиясы шетелдік серіктестермен де тиімді ынтымақтастықты қарастыратынын айтты.

> – Ең алдымен инвестициялық байланыс, технологиялар алмасу салаларына мән беріледі. Инновациялар мен озық тәжірибені импорттау, елдің өнім экспортын ұлғайту мәселелері назарда болады. Мен Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты байланыстардың әлеуетін барынша арттырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы етек алып келе жатқан жергілікті және өңірлік қақтығыстардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін бүкіл мемлекеттердің күш біріктіруі қажеттігін атап көрсетті.

> – Біз стратегиялық тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізу жолдарын бірлесе іздеуге ниеттіміз. Еліміз ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жолындағы жаһандық қозғалыстың көш басында келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы республикамыз халықаралық істерге бұрынғыдан да белсенді қатысуға ниетті екенін айтты.

> – Біз Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жобасы бойынша Еуропалық одақпен келіссөзді аяқтадық. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрмыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын да белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың біріккен нарығының бір бөлігі болып саналамыз. Сол себепті, бұл одаққа мүше елдер мен өзге сауда серіктестері арасында «дәнекер» болуға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасы достық қатынасты жоғары бағалайтын сенімді стратегиялық серіктесіміз екенін атап өтті.

> – Біз дәстүрлі тату көршілікті, өзара сенімді нығайтып, жан-жақты серіктестікті кеңейте беруге ниеттіміз. Бұл орайда, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянның елімізге алдағы сапарының мәні зор, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Үндістанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты.

> – Біз екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару үшін зор серпіліс жасадық. Келер жылға жоспарланған Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің Қазақстанға сапарына баса мән береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміз Египетпен ықпалдастықты жандандыруды көздейтініне тоқталды.

> – Каирдің Кедендік одақ елдерімен еркін сауда аймағына кіру ниетін құптаймыз. Бұл қадам сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Италияның Қазақстан үшін жетекші сауда-экономикалық серіктес әрі ірі инвестор екеніне тоқталды.

> – Екіжақты іс-қимылға 2009 жылы қол қойылған Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт ерекше сипат береді. Менің Премьер-министр Маттео Ренцимен келіссөздерім барысында маңызды уағдаластыққа қол жетті. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламамызға италиялық компаниялар қатысатын болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Чех Республикасымен екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты.

> – Президент Милош Земанның елімізге таяудағы ресми сапарының қорытындысын жоғары бағалаймыз. Астанадағы келіссөздер қазақ-чех ынтымақтастығы дамуының әлеуеті зор екенін көрсетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Литва Республикасын көп жылғы дәстүрлі достық қатынас пен ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.

> – Литвалық серіктестерімізбен «ОБСЕ үштігі» аясында қызу жұмыс жүргіздік. Елдеріміз арасындағы сындарлы және сенім сипатындағы саяси диалогты құрметтейміз. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысты кеңейтуді көздейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел Швециямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беретініне назар аударды.

> – Екіжақты байланысты жоғары деңгейде жандандыру, экономикалық ынтымақтастыққа серпін беру маңызды. Биылғы қазан айында Швед-Қазақстан Іскерлік кеңесінің құрылғанын қуана құптаймыз. Бұл құрылым екі елдің бизнесі арасында байланыс орнатуға ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Македониямен дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына алдағы жылы 20 жыл толатынын айтты.

> – Түрлі салаларда ынтымақтастық орнатуға, бірлескен іскерлік жобаларды жүзеге асыруға әзірміз. Македония Үкіметіне өз университеттерінде оқитын қазақстандықтарға стипендия бөлгені үшін ризашылық білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елшілер біздің елдегі қызметтеріне күрделі әрі қызықты кезеңде кірісіп отырғанына тоқталды.

> – Жаһандық қарым-қатынастар құрылымының бұзылуы бір жағынан жаңа сын-қатерлер тудыруда. Олардың әрқайсысы да қалыптан тыс әрекетті талап етеді. Саяси және экономикалық кеңістіктің бірігуі мен бөлшектенуінің қарама-қайшы үрдістері бір-біріне ықпал етуде. Екінші жағынан, біз үшін ашықтық пен барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеруге негізделген жаңа жаһандық үлгіге өту мүмкіндігі туады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға кіріскенін айтты.

> – Ол сыртқы экономикалық өзгерістерге ерте бастан белсенді қарекет қылу шарасы болып саналады. Оның мазмұны инфрақұрылымның энергетика және көліктен бастап әлеуметтік салаға дейінгі әралуан түрлерін дамытумен байланысты. Бұл Қазақстанның даму қарқынын сақтауға және күшейтуге, сол арқылы бүкіл өңірдің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді деп есептейміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, Қазақстан ежелден Жібек жолының маңызды бөлігі болды және енді сол бағытты қалпына келтіріп, тиімді пайдалану үшін көлік мүмкіндіктерін дамытуға ниеттеніп отыр.

> – Бұл бағдарлама Еуропа мен Азияны жалғап жатқан ұланғайыр кеңістікте іскерлік және гуманитарлық байланыстардың кең ауқымды арнасын құратын болады. Бұл – біздің елдерімізді өркендетудің кепілі болып саналатын серіктестікті күшейтудің жаңа мүмкіндіктері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті дипломаттарды жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, оларға денсаулық пен табыс тіледі.

***

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Италияның Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян Миланда өтетін ЭКСПО-2015 көрмесіндегі ең үздік павильонның бірі Қазақстандыкі екеніне тоқталды.

> – Бұл түрлі елдер өкілдері кездесетін жақсы орын болады. Біз өзіміздің көрме өткізу тәжірибемізді ортаға салуға әзірміз және ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысамыз деген үміттеміз. Сондай-ақ біздің мәдени байланыстарымызды және Қазақстан мен Италия ЖОО арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет деп санаймыз, – деді С.Раваньян.

Швецияның Төтенше және өкілетті елшісі Кристиан Камилл өз кезегінде дипломатиялық қатынастар орнатылған 1992 жылдан бері екі елдің арасындағы ынтымақтастық өзара сенім және қолдау сипатында жүзеге асып келе жатқанына назар аударды.

> – Қарым-қатынастар соңғы жылдары көптеген бағыт бойынша, әсіресе халықаралық сауда саласында едәуір ұлғайды. Қазақстан швециялық компаниялар үшін басымдығы бар 20 нарықтың бірі болып саналады. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында қарастырылған ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік инвестицияларды ескере отырып, мен швед кәсіпорындарының теміржол және басқа да инфрақұрылымдық салаларда, сондай-ақ денсаулық сақтау мен биоөнеркәсіпте ықпалдасуға әзір екендігін айтқым келеді, – деді К.Камилл.

Чехияның Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова Президент М.Земанның таяуда Астанаға келген сапарындағы келіссөздер жемісті болғанына тоқталды.

> – Чех Республикасы үшін Қазақстан басымдығы бар елдердің бірі саналады. Бізде сіздің елге деген зор саяси және экономикалық қызығушылық бар. Алда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне біз де қатысуға ниеттіміз. Біздің қарым-қатынастарымыз дами береді деп үміттенемін. Барлық мәселелерді бірлесіп шешу үшін Еуропа мен Орталық Азияның арасындағы байланыстарды нығайту керек, – деді Э.Жигова.

Литваның Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужас Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен жаңа елорданың құрылысына айрықша тоқталды.

> – Астана қазір жаһандық оқиғалардың ортасында тұр. Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты бұдан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сіздің ел жаңа Жібек жолы жобасын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасында инфрақұрылымдық нысандарға баса мән беріліп отыр. Біз бұл орайда бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қатысатын боламыз. Сондай-ақ Литва Қазақстанмен құрылыс, көлік және басқа да салаларда тығыз ынтымақтасып отыр, – деді В.Наудужас.

Египеттің Төтенше және өкілетті елшісі Хайсам Салах Камел Ибрахим Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынас келешекте жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін жеткізді. Атап айтқанда, қазақстандық делегациялар алдағы 2015 жылы Египетте болып, әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізеді және екі ел арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды мәселелерін талқылайды.

Үндістанның Төтенше және өкілетті елшісі Харш Кумар Джайн екі елдің арасындағы өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне тоқталып өтті.

> – Біздің елдерімізді өзара құрмет пен ортақ түсіністікке негізделген терең тарихи байланыстар біріктіреді. Қазақстан мен Үндістан – халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге көзқарасы ұқсас, көпұлтты, алуан дінді және зайырлы мемлекеттер. Екі ел де әлемдегі жедел дамып келе жатқан экономикасы бар елдер болып саналады. Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіміз, Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол қатынасы сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Х.Джайн.

Македонияның Төтенше және өкілетті елшісі Илья Псалтиров өз елінің Қазақстандағы елшілігінің ашылуы екі ел арасындағы 20 жылдық дипломатиялық ынтымақтастықтың нәтижесі және тығыз байланыстар орнатуға әзірліктің айғағы екенін айтты. Ол сондай-ақ екі елдің саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жолында жұмыс жүргізу ниетін жеткізді.

Қытайдың Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың дамуы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

> – Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жоғары және биік деңгейде қарыштап дамып келеді, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастық аясы кеңеюде. Президент Н.Назарбаевтың ҚХР-ға таяуда жасаған сапарын атап айтқым келеді, оның барысында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бірлескен күш-жігер арқасында біз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын, – деді Ч.Ханьхуэй.

**Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады.**

Кездесу барысында Қ.Тоқаев Мемлекет басшысына Парламенттің жоғарғы палатасының заң шығару қызметі мен Сенат жұмысының 2014 жылғы қорытындылары туралы баяндады.

Қазақстан Президенті қажетті заңдарды дер кезінде қабылдаудың маңыздылығына тоқталды, сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.

Сенат төрағасы Парламенттің жоғарғы палатасы биыл 100-ге жуық заң қабылдауды жоспарлап отырғанын айтты.

**Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады.**

Кездесу барысында Н.Бордюжа Қазақстан Президентіне Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Мәскеуде өтетін кезекті сессиясына дайындық барысы туралы баяндады.

Сонымен қатар, кездесуде Ұйымға мүше барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер мен қауіптер және ахуалдың өрістеуіне ықпалын тигізер теріс үрдістерді азайту үшін қабылдануы қажет шаралар талқыланды.

Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайдың қарқынды өзгеруіне байланысты ҰҚШҰ алдына қойылуы мүмкін міндеттерге назар аударды.

> – Ауғанстаннан коалиция күштерінің шығарылуы күтілуде, «Ислам мемлекетімен» байланысты жаңа қатерлер пайда болуда. Мұндай жағдайда Ұйым ахуалды игеретін, болжайтын, қажетті ұжымдық шараларды қабылдау жөнінде ұсыныстар әзірлейтін талдамалық орталыққа айналуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Н.Бордюжа ҰҚШҰ қызметінің биылғы қорытындылары туралы әңгімелеп, әскери ынтымақтастық саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

**Елбасы «Арселор Миттал» компаниясының төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лакшми Митталды қабылдады.**

Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы «Арселор Миттал» жұмысының оң нәтижелеріне тоқталды.

> – Жалпы, компания шығаратын өнімдерге деген бағаның көтерілуі нәтижесінде көрсеткіштердің жақсаруы, табыстың көбеюі байқалуда. Негізгі стратегиялық міндет бұрынғысынша болат өндірісін 6 миллион тоннаға дейін ұлғайту болып қала бермек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ компанияда жұмыспен қамтылған еңбеккерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

> – Қазір ең басты нәрсе – өндірісте жұмыс істейтіндердің әлеуметтік көңіл-күйі. Менің теміртаулық металлургтермен және қарағандылық кеншілермен қарым-қатынасым ерекше. Сондықтан, жұмыс орындары қысқарып, жалақы төленбей жатса, олар тікелей маған хабарласады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Л.Миттал компания инвестицияларды еселеу арқылы өндірісті дамытуды жалғастырып жатқанын айтты.

> – Әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» қызметі соңғы 4 жылда ұдайы кеңейіп отырды. Біз жылына орта есеппен 350 миллионнан 400 миллион долларға дейін инвестиция салдық. Домна пештері мен орталық зауыттағы өндірісті жақсартып, аясын кеңейту жұмыстарын жалғастырдық, – деді компания басшысы.

Соңында компанияның ел экономикасындағы маңызды рөлі мен оның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына қатысуының қажеттігі атап өтілді.

**Елбасы ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянды қабылдады.**

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық және көлік-транзиттік салалардағы ынтымақтастығының негізгі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасылды.

Қазақстан Президенті Қытаймен арадағы қарым-қатынастардың қарқыны мен достық сипатына тоқталды.

> – Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірнеше рет кездестік, елдеріміздің әрі қарайғы ықпалдастығына қатысты көптеген мәселелерді талқыладық. Бұл байланыстар нақты экономикалық сипат алып отырды, олардың ең ірісі энергетикалық серіктестікте көрініс тапты. Бүгінде Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі қытайлық компаниялардың қатысуымен өндіріледі. Біз Қазақстан арқылы экспорттық құбыр желісін салдық, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің көлік-транзиттік салада табысты ынтымақтасып отырғанына назар аударды.

> – «Қорғас» мемлекетаралық сауда орталығының құрылысын, сондай-ақ біздің еліміз арқылы транзитті қамтамасыз ету үшін теміржол және автокөлік жолдарын салу жөнінде бірлескен жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда біз ҚХР Төрағасының Ұлы Жібек жолын жаңғырту, инфрақұрылымдық жобалар үшін тиісті қор және банк құру туралы бастамасын қолдаймыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ли Кэцян өз кезегінде Мемлекет басшысына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемі мен игі тілектерін жеткізді, сондай-ақ екі елдің өзара ықпалдастығы оң сипатта дамып келе жатқанына тоқталды.

> – Қытай халқы мен үкіметі атынан Сізді алдағы келе жатқан мерекемен –Қазақстанның Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейде. Мен қазақстандық әріптестерімізбен қарым-қатынастарымызды бұдан әрі нығайту жөнінде пікір алмасуға әзірмін, – деді Ли Кэцян.

**Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведевті қабылдады.**

Кездесу барысында сауда-экономикалық, энергетикалық және көлік-транзиттік салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары қаралып, интеграциялық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да сөз қозғады.

Қазақстан Президенті біздің ел мен Ресейдің арасындағы ынтымақтастық толық сенім негізінде дамып жатқанын айтты.

> – 1 қаңтардан бастап біздің мемлекеттеріміз Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалдасатын болады. Қазіргі кезде сауданың төмендегені айтылуда, бірақ ол ақшалай мәнге қатысты байқалып отыр, ал ынтымақтастықтың нақты көлемі өсіп, бірлескен кәсіпорындар дамып келеді. Баға конъюнктурасы жақсарған кезде көрсеткіштер де жақсы жағына қарай өзгеретін болады. Ортақ кедендік шекара, адамдар мен жүктердің еркін қозғалысы елдеріміз үшін зор игілік болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Д.Медведевтің осы сапары Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Ресей Премьер-Министрі екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі өсіп келе жатқанына тоқталды.

> – Біз шынымен де өте жақын серіктестерміз. Біздің алдымызда бастауында Сіз тұрған өте салиқалы интеграциялық жоба бар. Еуразиялық экономикалық одақтың келесі жылдан бастап жұмыс істейтіні өте маңызды. Осы сәтті пайдалана отырып, Сізді және достас Қазақстан халқын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіз, – деді Д.Медведев.

**Елбасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларын қабылдады.**

Кездесуге ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Премьер-Министрлер: Қырғыз Республикасынан – Джоомарт Оторбаев, Ресей Федерациясынан – Дмитрий Медведев, Тәжікстан Республикасынан – Кохир Расулзода және Өзбекстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Рустам Азимов, ШЫҰ Бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, ШЫҰ Лаңкестікке қарсы өңірлік орталығының Атқарушы комитетінің директоры Синьфэн Чжан қатысты.

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары отырысының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін, өйткені ұйымның алғашқы отырысы 2001 жылы Алматыда өткенін айтты.

> – Үкімет басшыларының отырысы біздің елде осымен үшінші рет өтіп отыр. Ұйым саяси салмақ пен экономикалық қуатқа ие болып келеді. Бүгінде ол баршаға кеңінен танылды. Бұл жолғы кездесудің ерекше мәні бар, біз өзімізде «Шанхай рухы» болуы тиістігін әрдайым айтып жүрміз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің Уфадағы отырысында Ұйымның 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясын бекіту жоспарланып отырғанына назар аударды.

> – Осыған байланысты үкіметтерге ауқымды жұмыс атқаруға тура келеді. Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде жаңа мүшелер қабылдау тәртібіне қатысты құжаттарға қол қойылған болатын. Бұл мәселеге сындарлы әрі әділ көзқарас керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ ШЫҰ жалпы азиялық әл-ауқат қоры секілді екенін, оған барлық мүше мемлекеттер толық қатысуы тиістігін айтты.

> – Ұйым, ең алдымен, тұрақтылық пен елдеріміздің арасында аумақтық даудың болмауы үшін, сондай-ақ бүгінгі заманның үш қатері – сепаратизмге, экстремизм мен лаңкестікке қарсы бірлесіп күресу үшін жұмыс істейді. Бізге азық-түліктік, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де шешу керек. ШЫҰ мемлекеттері энергия тасымалдаушылар мен азық-түлікке деген сұранысты қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ие. Бірлескен жұмыс арқылы су тапшылығы мен өзге ресурстарға қолжетімділік мәселелерін де шешуге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Ұйым қызметін әрі қарай кеңейту үшін қажет болатын ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдайтынына тоқталды.

Сонымен қатар, көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту ШЫҰ аясындағы ықпалдастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде аталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан отандық экономиканы дамытуды ғана емес, бүкіл өңірдегі өзара сауда мен іскерлік байланыстарды жандандыруды көздейтін бірқатар маңызды көлік жобаларын іске асыратын болады.

> – Біздің елімізде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын жаңа экономикалық саясат жарияланды. Соған сәйкес, біз инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асырамыз. Астанадан елдің барлық өңірлеріне қарай автокөлік жолдары мен теміржолдар салынады. Біз Каспийде екі теңіз портын саламыз, оның бірі автомобильдер мен теміржол вагондарын пароммен тасымалдауға арналған. Осы жаңа көліктік мүмкіндіктердің бәрін ШЫҰ-ның барлық мүшелері пайдаланатын болады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының жұмысына табыс тілей отырып, Қазақстан Ұйымды нығайту ісіне үлес қосуға әрдайым дайын екенін айтты.

**Мемлекеттік наградалар мен әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімі өтті.**

Салтанатты шараны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз азаматтарының еңбегі арқасында мемлекет құру, экономиканы нығайту, әлеуметтік даму, елдегі достық пен тұрақтылықты сақтау ісінде зор табысқа жеткенін атап өтті.

> – Жыл өткен сайын жетістіктеріміз еселеп артып келеді. Бұл да экономика, саясат және мәдениеттің барлық саласындағы еңбектің нәтижесі. Бүгін біз құрмет көрсетіп отырған жандардың бәрі кәсіпқойлығы арқасында өз ұжымдарында үлкен сый-құрметке және даусыз беделге ие болды. Мемлекеттік марапаттар олардың өлшеусіз үлестерін көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбегімен, табыстарымен көзге түскен азаматтарды мемлекеттің лайықты бағалап отырғанына тоқталды.

> – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өз өнері арқылы елімізді дүние жүзіне танытып келе жатқан Айман Мұсақожаеваға берілді. Ол өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, қайраткерлігімен де көзге түсті. Бүгінде өзі басқаратын Ұлттық өнер университетін еліміздің маңдай алды музыкалық оқу орнына айналдырды. Ол жаңа елордада консерватория ашу ісіне алғашқылардың бірі болып үн қатты. «Әлем әртісі» атағына ие бола отырып, ол барлық халықаралық конкурстарға белсене қатысып келеді. Болашақта оны әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиелеуге байланысты көп жұмыс күтіп тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Отан» орденімен марапатталған Г.Прокоптың қырық жылдан астам уақыт аграрлық салада еңбек еткенін, оның отыз жылға жуығын бір ғана кәсіпорынға арнағанын айтты.

> – Үздік өндірістік көрсеткіштерімен қатар, ол басқаратын шаруашылық ауыл халқына әлеуметтік қолдау көрсету жағынан да үлгі етуге лайық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Сейітхан Жошыбаев құрған кардиохирургия орталығы талай адамның өмірін сақтап қалғанын атап өтті.

Өнердегі ерен еңбегі үшін А.Әшімов I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

> – Асанәлі Әшімовтей тұлғаларды жас буынға ұлт зиялысы ретінде үлгі етуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Құрмет» орденіне ие болған Ш.Умаров бірден төрт тілде білім беру ісіне негіз салған гимназияны отыз жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқанын еске салды.

Мемлекет басшысы наградалармен тек өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандар ғана емес, күш-жігері мен денсаулығын аямастан одан да үлкен іс тындырған жандар марапатталып отырғанын айтты.

> – Өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Рүстем Мусин отқа оранған үйден екі бірдей бүлдіршінді көтеріп алып шықты және тағы бір адамды құтқарып қалды. Оның жанқияр ісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалармен түрлі қызмет саласының өкілдері марапатталғанын айтты.

> – Бүгін жоғары наградалар ғалымдарға, мемлекет қайраткерлеріне, бизнес, қоғамдық ұйымдар өкілдеріне, мәдениет пен өнер, білім беру және денсаулық сақтау саласы қайраткерлеріне, өндірісшілерге, әскерилерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне беріледі. Олардың әрқайсысының Қазақстанның игілігі жолындағы адал жұмыс тәжірибесі, шын мәнінде мақтан етуге тұратын еңбегі бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде мемлекет отандық мәдениет мен өнерге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанына тоқталды.

> – Бұл саланың рөлі аса маңызды. Экономикада қиындық болған жылдары біз өнер мән мәдениетімізге іс жүзінде ешқандай көмек көрсете алған жоқпыз. Қазір жағдай өзгерді. Тұрмыс жақсарды, тиісінше халықтың рухани сұранысы да артты. Нағыз тұлғаны нақ осы әдебиет пен өнер тәрбиелейді. Көркем шығарма қазіргі қоғамда өмір сүретін жаңа адамды қалыптастырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Мемлекеттік сыйлық Тәуелсіздігіміздің негізіне айналған ұлттық қозғалысқа арналған «Тар кезең» тарихи романы үшін жазушы Қ.Мұханбетқалиұлына берілгенін айтты.

> – Бұл сыйлық «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін ақын Г.Салықбаеваға, «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін композитор Балнұр Қыдырбекке беріледі. Мемлекеттік сыйлыққа «Песня – душа моя» жеке концерті үшін әнші Пантелей Кесоглу лайық деп танылды. Сондай-ақ авторлар ұжымы – Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бөкебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Шымкенттегі тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін осы сыйлықпен атап өтілді, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барлық марапат иелерін құттықтай отырып, сыйлықтар мен наградалар атқарған қызметке, қазіргі нәтижелерге және болашақ жоспарларға деген мемлекеттің алғысының көрінісі болып саналатынын атап айтты.

***

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Қ.Мұсақожаеваға берілді.

«Отан» орденімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.С.Павлов, Қарағанды облысының «Шахтерское» ЖШС директоры Г.Г.Прокоп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев;

І дәрежелі «Барыс» орденімен «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төрағасы Т.А.Құлыбаев;

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – Маңғыстау облысының әкімі А.С.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы А.А.Бисембаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры С.Жошыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.С.Сұлтанов;

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының бас ғылыми қызметкері А.Қошанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов;

«Парасат» орденімен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, композитор К.Дүйсекеев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Б.Көмеков;

І дәрежелі «Достық» орденімен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Әшімов;

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Қазақстан теннис федерациясының президенті Б.Өтемұратов марапатталды.

Бір топ азаматтардың еңбегі «Құрмет» орденімен атап өтілді, олардың қатарында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа Есіл жол дистанциясы» филиалының жол шебері К.Ахметов, Ақмола облысы «Хлебороб» ЖШС бригадирі С.Әбдікарімов, Ақтөбе облысының әкімі А.Б.Мұхамбетов, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыка және драма театрының актері Р.Омарханова, А.Розыбақиев атындағы № 153 мектеп-гимназиясының директоры Ш.Омаров, ҚР Жоғарғы сотының судьясы К.Шаухаров бар.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен ақын, «Простор» журналының бас редакторы В.Михайлов;

І дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров;

II дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы С.Айтпаева, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы М.Бектанов марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Тұңғыш Президент – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы А.Әшімбекұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі аралас авиациялық эскадрильясының командирі В.Лобачев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты.

«Ерлігі үшін» медаліне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті № 1 өрт бөлімі бөлімшесінің командирі Р.Мусин;

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 97617 әскери бөлімі байланыс торабының сержант-нұсқаушысы Р.Суханов ие болды.

Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы жазушы Қ.Мұханбетқалиұлына «Тар кезең» тарихи романы үшін; ақын Г. Салықбаеваға «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін; әнші П.Кесоглуге «Песня – душа моя» жеке концерті үшін; композитор Б.Қыдырбекке «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін, авторлар ұжымы – Асқар Исабекұлы Мырзахметовке, Бақытжан Құдайбергенұлы Әшірбаевқа, Насир Ачилович Рустамовқа, Әмірхан Бекжанұлы Шүменовке, Нұрлыжан Маратбекұлы Бөкебаевқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін берілді.

**Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің бірқатар азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды.**

Рәсімді ашқан Мемлекеттік хатшы, ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңында жоғары наградаларды табыс етудің терең символдық мәнін атап өтті. Бұл күндері бүкіл еліміз айрықша үздік деп танылған, қоғамды дамытуда және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтуда халықтың құрметіне бөленген барша қазақстандықтарды марапаттайды.

Республикамыз қол жеткізген табыстар Елбасының стратегиялық көрегендігі мен саяси күш-жігерінің, сондай-ақ ел азаматтарының қалтқысыз қызметі мен қажырлы еңбегінің айқын көрінісі болып табылады.

Марапатталғандардың ішінде мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, экономика және бизнес өкілдері бар.

Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова қатысушыларды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, баршасына бейбітшілік пен құт-береке, Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

**Елбасы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.**

Мемлекет басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан бүгінде өз тарихының тағы бір белесіне сенімді түрде өткенін айтты.

> – Уақыт ағысы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы ұлы күннен тез алыстатып барады. Халық жасаған таңдаудың сарқылмас тарихи күшін біз жыл өткен сайын терең сезініп келеміз. Ол – еркін, егемен елде татулықта, бір-біріне деген сенім және келісімде өмір сүру таңдауы, өз тағдырын қашанда өзі айқындап, болашағын жасау, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап болғанын атап өтті.

> – Біріншіден, әлемдік алмағайып жағдайда инфрақұрылымдық дамуға ден қою – қазіргі әлемдегі табысты елдерге тән ортақ тренд. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар салу арқылы біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек бойлаймыз. Үшіншіден, инфрақұрылым құрылысының ірі жобалары шетелдік инвестициялардың тұрақтылығын сақтайды. Олар ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл – лайықты еңбекпен қамтудың, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың берік кепілі. Бесіншіден, «Нұрлы Жол» – барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті жаһандық экономика үшін күшейіп келе жатқан қатерлердің бар екеніне тоқталды.

> – Бүгінде барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықта көмірсутек, металл және басқа экспорттық өнімдердің бағасы құлдырауда. Бізге де қиын болады. Осыны қаперге алған жөн. Сондықтан бекітіліп қойған бюджеттің шығыс бөлігін бізге де қысқартуға тура келеді. Бірақ ол әлеуметтік шығыстарға әсер етпейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді қамтамасыз етуі тиістігін еске салды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық банктің алдына маңызды маңызды екі міндет қойды, ол: экономиканы долларсыздандыру және инфляциялық таргеттеуге көшу. Бұлар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының құрамдауышына айналуы тиіс.

Елбасы қазақстандықтардың қазіргі буынының еңбегі ел тарихында айрықша орын алатынын айтты.

> – Бұл – 1995 жылы наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, 1995 жылы 30 тамызда ел Конституциясын бүкілхалықтық қабылдау, 1998 жылы Астананы елордасы деп жариялау. Біздер, қазақстандықтардың қазіргі буыны, біртұтас халық ретінде болашақтың басты бағдарын айқындадық. Біз алдымен 2030 Стратегиясын, сосын «Қазақстан-2050» Стратегиясын әзірлеу арқылы тарихта алғаш рет оқиғалардың соңынан ілеспей, алға озатын болдық, – деді Нұсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бірнеше маңызды даталар атап өтілетін алдағы жылдың ерекшелігіне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы ассамблеясы жылының аясындағы іс-шаралар және Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкіл халық тарапынан қабылдануының 20 жылдығы өтеді. Сонымен қатар ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің маңызды датасын – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз.

Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдерімен және бүкіл әлеммен бірге Ұлы Отан соғысындағы фашизмді жеңген жеңістің 70 жылдығын мерекелейді.

> – Біз үшін соғысқа қатысқан буынның ерлігі туралы естелік әрқашан қасиетті. Біз – әрдайым өз өткеніне алғыс сезімімен және кешіріммен қарайтын халықпыз. Тарихи өткен шақты біз қашанда тұтас күйінде және оң көзқараспен қабылдауымыз керек. Ол барлық қазақстандықтарды бөлуге емес, біріктіруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы тұтасу мен бірігуге негізделгенін айрықша атап өтті.

> – Бірлікті сақтау және нығайту – ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясы мызғымас тұрақтылықтың символы бола отырып, ертеңгі күнге жол сілтейтін, болашаққа сенімді білдіретін идея екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті қазіргі замандағы халықтың тағдырын айқындайтын екі басты қағидатты атады.

> – Бұл – ұрпақ және құндылықтар сабақтастығы, сондай-ақ ұлттың ширақтығы, жастардың инновацияға бейімдігі. Біз өз тарихымызды батыл әрі лайықты түрде игеруге тиіспіз. Әрдайым бірлігіміз болса, біз бұдан да қуатты бола түсеміз. Біздің жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеямыздың, Мәңгілік Отанымыздың мән-маңызы осында, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңынан Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт болып, оны ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары да тамашалады.

**Елбасы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты қабылдады.**

Кездесу барысында Е.Ыдырысов Мемлекет басшысына халықаралық істерге қатысты жыл қорытындысын баяндады.

Қазақстан Президенті 2014 жылдың халықаралық шаралар кестесі тығыз болғанына тоқталды.

> – Кездесулер мен іс-шаралардың көп болуының арқасында өзге елдердің Қазақстанға деген қызығушылықтары артып, олармен өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Біз қабылдап жатқан іс-қимылдарды әлемдік қоғамдастық қолдайды. Қазіргідей жағдайда халықаралық ахуалды Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынастардың өрбуі мен жаһандық экономикадағы трендтер аясында үнемі саралап отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сыртқы істер министрі Қазақстан Президентінің бастамаларына шетелдер тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанына тоқталды.

> – Сіз жариялаған «Нұрлы жол» саясаты әлемде жоғары бағаланып отыр. Ол қазіргідей күрделі жағдайда Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуын қамтамасыз ететін жақсы бағдарлама ретінде қабылдануда. Біздің міндетіміз соны елдің сыртқы саясатының өзге де басым бағыттарымен бірге нақтылы жүзеге асыру болып саналады, – деді Е.Ыдырысов.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

**Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы**

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Қ.Мұсақожаеваға берілді.

«Отан» орденімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.С.Павлов, Қарағанды облысының «Шахтерское» ЖШС директоры Г.Г.Прокоп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев, І дәрежелі «Барыс» орденімен - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС президенті В.С.Ким және «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төрағасы Т.А.Құлыбаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - Маңғыстау облысының әкімі А.С.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы А.А.Бисембаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры С.Жошыбаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі Е.Н.Обаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.С.Сұлтанов және т.б., ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен - Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Ғ.Ә.Қалиев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының бас ғылыми қызметкері А.Қошанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Р.Сыздық марапатталды.

«Парасат» орденіне кинорежиссер С.Ж.Әзімов, жазушылар Ә.Асқаров пен М.Байғұт, Жамбыл облысы «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директоры Х.Б.Базаралиев, Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталов, композитор К.Дүйсекеев, суретші-гобеленші Б.Е.Зәуірбекова, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры И.Б.Лебедев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары Т.А.Мамашев, «Алтын-Диірмен» корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ә.Б.Маралов және басқалар ие болды.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Әшімов және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Ә.Т.Қайдар І дәрежелі «Достық» орденінің иегерлері атанды. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғандар қатарында жазушылар Г.К.Бельгер мен Д.Исабеков, «Днепро» украин мәдени орталығының төрағасы Ф.Л.Клименко, «Невада - Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысы Қарағанды филиалының төрағасы М.Х.Хамиев бар.

Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі «Құрмет» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Гүлдер» мемлекеттік эстрадалық-би ансамблінің әншісі Ф.Абаханова, Павлодар облысы «Табыс» шаруа қожалығының басшысы М.Қ.Алғамбаров, Қостанай облысы «Милх» ЖШС бас директоры С.И.Блок, «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ Ақтөбе протездік шеберханасының шебері В.И.Верховодов, Астана қаласы «№ 2 қалалық аурухана» МКК бас дәрігері М.Ә.Жантұрғанов, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Е.Жаппасұлы, «Қазақ спорт және туризм академиясы» АҚ президенті Қ.Қ.Закирьянов, Өскемен қаласы «Востокмашзавод» АҚ құйма өндірісінің бастығы С.В.Зудов, ақындар Н.Исабаев пен С.Қали, «Фолиант» баспасы» ЖШС директоры Н.С.Исабеков, Қарағанды қаласы «Көз микрохирургиясы орталығы» ЖШС директоры В.У.Ким, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» АҚ жүк тиеу-түсіру кешенінің шебері Ш.И.Мусаев, Ақтөбе облысының әкімі А.Б.Мұхамбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры М.Қ.Наурызбаев, Ақмола облысы «Астана Агропродукт» ЖШС директоры С.Ж.Рахымбаев, Алматы қаласы «Масло-Дел» АҚ бас директоры П.Г.Селиванов, эстрада әншісі Г.Тергеубекова, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті М.Б.Тілеубаев бар.

Әскери және қызметтік бор­ы­шын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мә­дениет және әлеуметтік са­ланың 48 көрнекті өкіліне берілді, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 306 адам ие болды.

Наградталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.

[Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты](http://www.akorda.kz/kz/allNews?category_id=88&Pages_page=2)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-prezidentini-reketteri-451168](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-prezidentini-reketteri-451168)