---
title: "Қазақстан Қорғаныс министріне «Офицерлер ынтымақтастығы» медалі табыс етілді"
description: "Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында «Бейбітшілік және достық миссиясы» халықаралық г..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-07-16T06:59:32+00:00"
modified: "2013-07-16T06:59:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministrine-oficerler-yntyma-tasty-y-medali-tabys-etildi-363524"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministrine-oficerler-yntyma-tasty-y-medali-tabys-etildi-363524/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Қорғаныс министріне «Офицерлер ынтымақтастығы» медалі табыс етілді

> Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында «Бейбітшілік және достық миссиясы» халықаралық г...

**Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында «Бейбітшілік және достық миссиясы» халықаралық гуманитарлық акциясы мен Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымдарының Халықаралық консультативтік комитетінің ІІІ отырысы болып өтті. Форум жұмысына қатысу үшін Қазақстанға Батыс, Орталық және Шығыс Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Африканың 30-дан астам елінен делегациялар келді.**

 
 

Отырыстың жұмысын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев ашты.

 
 

Форумның құрметті қонақтары қатарында бүкіләлемдік ардагерлер федерациясының президенті, Еуропа істері жөніндегі тұрақты комитеттің президенті, БҰҰ Бейбітшілік елшісі, басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Халықаралық іс-шараға қонақ ретінде мемлекеттік органдар мен ведомстволардың басшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері және интернационалист жауынгерлер шақырылды.

 
 

«Бейбітшілік пен достық миссиясы» халықаралық гуманитарлық акциясы мен Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымдары Халықаралық консультативтік комитетінің ІІІ отырысын ұйымдастырушы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі.

 
 

Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымдары Халықаралық консультативтік комитетінің ІІІ отырысына қатысушыларды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков құттықтады. Министр Халықаралық комитет құрылған сәттен бергі азғана уақыт ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдері қарулы күштері ардагерлер ұйымдарының өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша үлкен жұмыстар атқарғанын атап өтті. Ұйымға қосылып жатқан елдер санының ұлғаюы осы ұйымның қажеттілігі артып келе жатқанын білдіреді.

- Халықаралық консультативтік комитет – түрлі мемлекеттер қарулы күштері запастағы офицерлері арасында тығыз байланыстың қалыптасуына және өз қызметтерінің өзекті аспектілерінде тәжірибе алмасуына оң ықпал ететін дәнекер, - деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков. – Запастағы офицерлер – білімді, әскери жинақылыққа дағдыланған, белсенді азаматтық позициясы қалыптасқан және қоғамға қажетті әлеуеті зор адамдар.

 
 

Осыған байланысты қорғаныс ведомствосының басшысы жастарға патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ офицерлік дәстүрлерді сақтау және көбейту ардагерлер қызметінің маңызды аспектісі екенін атап көрсетті.

![Қазақстан Қорғаныс министріне «Офицерлер ынтымақтастығы» медалі табыс етілді](http://mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/160713/5.jpg)

Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымдары Халықаралық консультативтік комитеті ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсенді қатысқанына және қолдау көрсеткеніне құрмет ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты № 1 «За рыцарство» («Рыцарлығы үшін») орденімен наградтады. Орденді қабылдаған Қазақстан Қорғаныс министрі бұл нөмірі бірінші орденнің Елбасыға тапсырылуы жоғары құрмет екенін атап өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшының ұдайы қолдау көрсетуі арқасында Қазақстан Қарулы Күштері белсенді түрде дамып келе жатыр. Бұл ретте қарулы күштер ардагерлері қызметіне және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге зор көңіл бөлінуде.

 
 

Запастағы және резервтегі офицерлер ұйымдары Халықаралық консультативтік комитетінің президенті Александр Каньшин қарулы күштер ардагерлері ұйымдарының дамуына белсенді қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековке «Офицерлер ынтымақтастығы» медалін табыс етті.

 
 

Әлемнің әртүрлі елінен келген ардагерлер ұйымдары өкілдерінің отырысы барысында осындай іс-шараларды өткізу қарулы күштер ардагерлерінің өміріне қатысты мәселелерді шешу жөніндегі шетелдік әріптестердің тәжірибесін бөлісуге тікелей мүмкіндік беретіні аталып өтілді.

 
 

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministrine-oficerler-yntyma-tasty-y-medali-tabys-etildi-363524](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministrine-oficerler-yntyma-tasty-y-medali-tabys-etildi-363524)