---
title: "Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Алматы өңірлік гарнизонында жұмыс сапарымен болып қайтты"
description: "Алматы өңірлік гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков 38-десанттық-шабуыл б..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-10-29T05:49:02+00:00"
modified: "2013-10-29T05:49:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministri-dilbek-zha-sybekov-almaty-irlik-garnizonynda-zh-mys-saparymen-bolyp-aytty-382257"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministri-dilbek-zha-sybekov-almaty-irlik-garnizonynda-zh-mys-saparymen-bolyp-aytty-382257/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Алматы өңірлік гарнизонында жұмыс сапарымен болып қайтты

> Алматы өңірлік гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков 38-десанттық-шабуыл б...

** Алматы өңірлік гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков 38-десанттық-шабуыл бригадасында, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери институтында және Армия орталық спорт клубының нысандарында болды.**

Аэроұтқыр әскерлердің қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспанов Министрге Аэроұтқыр әскерлердің бөлімдеріндегі істің ағымдағы жай-күйі – жеке құрамның жауынгерлік даярлығы, бөлімдердің техникалық жарақтандырылуы туралы баяндап, 38-десанттық-шабуыл бригадасының инфрақұрылымымен таныстырды.

Әділбек Жақсыбеков қазақстандық бітімгершілік бригадасының жеке құрамымен кездесіп, әңгімелесті.

- Сіздер Қазақстан әскерінің элитасы болып табыласыздар. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – еліміздің Президенті Аэроұтқыр әскерлерге ерекше көңіл бөледі және біздің армиямыздың ұтқыр әрі кәсіби болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Сіздердің «Дала қыраны» және «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығуларына қатысуларыңыз беделді шетелдік сарапшылардың жоғары бағасын алып, Қазақстан армиясының соңғы жылдар ішінде сапалық жаңа көрсеткіштерге қол жеткізгенін дәлелдеді, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

Министр Аэроұтқыр әскерлер тыныс-тіршілігінің барлық аспектілерін тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында ұстайтынын атап өтті. Екі жыл бұрын ҚР ҚК Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының алдына Аэроұтқыр әскерлерінің Алматы және Қапшағай гарнизондарындағы инфрақұрылымын дамыту жөнінде міндет қойылған болатын. Бүгінде дамытудың түйінді мәселелері шешілген, Әділбек Жақсыбеков байқағандай бұл бағытта биылғы жылдың басынан бері орасан зор ауқымда жұмыс атқарылған.

ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы генерал-майор Николай Қуатов Министрді жоғары оқу орнының спорт кешенінің күрделі жөндеу барысымен таныстырды.

- Елбасының жолдауында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес жоғары оқу орындары оқыту әдістемесін жаңғыртып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және білім берудің қазіргі заманғы онлайн жүйелерін белсенді түрде дамытуы тиіс. Курсанттардың дене даярлығы жоғары деңгейде болуы қажет., ал біз сол үшін жағдай жасаумен қатар дене даярлығының қазіргі заманғы стандарттарын қолдануымыз қажет, - деп Әділбек Жақсыбеков жоғары оқу орнының басшылығымен болған кездесуде атап өтті. *(Анықтама ретінде: Құрлық әскерлерінің институты батальон және рота буынындағы офицерлерді, сондай-ақ батальон және рота сержанттарын курстық даярлау жүргізеді).*

Армия орталық спорт клубының аумағында да ауқымды құрылыс қанат жайған. ҚР Қорғаныс министрі барлық салынып және жөнделіп жатқан нысандарды аралап көрді. – АОСК офицерлерінің есімдерін қазастандықтар мақтанышпен атайды. Капитандар Серік Сәпиев пен Ольга Рыпакова олимпиадалық алтын медальдарымен Қазақстанды әлемге паш етті. Біржан Жақыпов бокстан әлем чемпионатында ел қоржынына алтын жүлде әкелді. Армия спорты әрқашан биікте болуы үшін болашақ олимпиядашылар жаттығатын спорттық базалар барлық халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс. Сондықтан да бұл мәселе менің тікелей бақылауымда және біз АОСК барлық спорттық базаларын жаңарту жөнінде орасан үлкен жұмыс атқардық, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministri-dilbek-zha-sybekov-almaty-irlik-garnizonynda-zh-mys-saparymen-bolyp-aytty-382257](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-or-anys-ministri-dilbek-zha-sybekov-almaty-irlik-garnizonynda-zh-mys-saparymen-bolyp-aytty-382257)