---
title: "ҚАЗАҚСТАН-ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ (жалғасы)"
description: "3. Иранның уранды байытуына Қазақстанның көзқарасы қандай болуы керек? Қазақстанның соңғы бірнеше жы..."
author: "erketay"
published: "2013-04-10T00:37:13+00:00"
modified: "2013-04-10T00:37:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-iran-atynastary-zhal-asy-346735"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-iran-atynastary-zhal-asy-346735/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ҚАЗАҚСТАН-ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ (жалғасы)

> 3. Иранның уранды байытуына Қазақстанның көзқарасы қандай болуы керек? Қазақстанның соңғы бірнеше жы...

3. **Иранның уранды байытуына Қазақстанның көзқарасы қандай болуы керек?**

Қазақстанның соңғы бірнеше жылға дейін Иранның уран байыту бағдарламасын қолдамаса да, оған қатысты «бейтарап» позицияда болып келгендігін жоғарыда атап өттік. Алайда 2012 жылдан бастап Астана бұл позициясын өзгертіп, Иранның уран байыту бағдарламасын қолдамайтындығын ашық білдіре бастады. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан (ядролық қарудан алғаш бас тартқан ел ОАР), оның зардабын шеккен ел ретінде Иранның атом бағдарламасын сынауға көшті. Астананың бұлай позициясын өзгертуі қаншалықты орынды?

Халықаралық қауымдастық түрлі санкциялар салғанына қарамастан Иран уранды байытуды жалғастырып келеді және райларынан қайтар түрі де байқалмайды... Ресми Тегеран өздерінің «бейбіт мақсатта, яғни энергетикалық мақсатта» уранды байытып отырғандығын айтады (әрине ешқандай елдің «әскери мақсатта» атомды зерттеп отырмыз деп айтпаса анық). Ендеше оған кінә арту қиын, өйткені Қазақстанның өзі де атом қаруынан өз еркімен бас тартқанымен соңғы жылдары АЭС салуға құлшынып отыр. Ондай жағдайда Иранға «АЭС салма» деп айту әбестік болар, дегенмен Тегеран ертең уранды байытуды үйреніп алған соң, атом қаруын жасап жүрмей ме?! Бұл сұрақ барлығын мазалайтыны анық. Өйткені оған ешқандай кепілдік жоқ, егер атом қаруын жасайтын болса оны алыстағы АҚШ-қа жеткізерлік ракета әзірге Иранда жоқ, алайда Қазақстанға жеткізе алатын ракеталары бар... Қазақстан мен Иранның арасында кейбір келіспеушіліктердің, әсіресе Каспий мәселесінде алшақ ұстанымның бар екені анық. Олай болса, ертең күтпеген жерден екі елдің арасы суып кетсе, атомы бар оқтұмсықтың қалай қарай бұрылатынын болжау қиын... Сондықтан Иранның атомды байытуына қарсы болуымыз түсінікті де.

Алайда бұл жерде туындайтын басқа бір мәселе бар, санкцияларға қарамастан Иран уранды байытуды жалғастыруда. Мүмкін Батыстық державалардың қысымымен бұл жолы да уран байытуды тағы да «бірнеше жылға» тоқтатқанның өзінде (осыған дейін мұндай қысымдардың нәтижесінде Иран уран бағдарламасын «қатырып» қойғаны белгілі), Тегеран бірнеше жыл мұнай сатып қайтадан қорын қаржыға қампайтып алған соң оны жалғастыруы ықтимал. Сондықтан ерте ме, кеш пе Иран діттеген мақсатына жетуді көздеп отыр. Олай болса Қазақстанның басқалармен бірігіп оған кедергі болуға тырысуынан түк өнбейді...

Оның үстіне Қазақстан «атомды бейбіт мақсатта пайдалануды қолдаймыз, алайда оны таратуға қарсымыз», деген позиция ұстап келеді. Демек, «бейбіт мақсатта» уран байытып отырмыз деп жариялаған Иранның бағдарламасы Қазақстанның позициясымен сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанның бәз баяғыша «сен тимесең мен тиме бадыраң көз» деп бейтарап қалпын сақтағаны жөн сияқты.

Негізі, Қазақстанның позициясының соңғы жылдары бұлай өзгере қалуы халықаралық саясаттың ықпалы екені анық, Батыстық мемлекеттермен де араны алшақтатпауды ойлайтын, көпвекторлы саясат ұстанатын Астана жаһандық акторлармен арасын суытып алмауды, олардың көңілін табу арқылы өзінің басқа мүдделерін іске асыруды ойлайды. Сол себепті Қазақстан тарапынан айтылған қарсылықтың астында «зілі» жоғын, тек мүдде үшін айтылып отырғандығын Тегеран да түсінеді. Сондықтан екі елдің арасындағы қатынас бәз-баяғыша жалғасуда. Өзара қарым-қатынастар барысында бірі «айтпағандық» қалып көрсетсе, екінші «естімегендік» күй танытып келеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-iran-atynastary-zhal-asy-346735](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-iran-atynastary-zhal-asy-346735)