---
title: "Қазақстан діни бірлестіктерінің міндеті қоғамның руханиятын арттыру болып саналады – Ермекбаев"
description: "ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жаңа қызметіндегі екінші ресми кездесуі..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-09-19T20:37:00+00:00"
modified: "2016-09-30T04:41:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-dini-birlestikterini-mindeti-o-amny-ruhaniyatyn-arttyru-bolyp-sanalady-ermekbaev-713487"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-dini-birlestikterini-mindeti-o-amny-ruhaniyatyn-arttyru-bolyp-sanalady-ermekbaev-713487/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан діни бірлестіктерінің міндеті қоғамның руханиятын арттыру болып саналады – Ермекбаев

> ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жаңа қызметіндегі екінші ресми кездесуі...

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жаңа қызметіндегі екінші ресми кездесуін өткізді. Осы жолы ол Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды қабылдап, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

![Қазақстан діни бірлестіктерінің міндеті қоғамның руханиятын арттыру болып саналады – Ермекбаев](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/63PK5OeqES5Ljlu7ikb1AHRlZ9w152.jpg)

Тараптар діни бірлестіктердің осы саладағы жұмысына тоқталды.

Астана және Қазақстан Митрополиті Александр еліміздің дін саласындағы қазіргі саясатын тілге тиек етіп, жаңа министрліктің ол саясатты жалғастыра беретініне сенім білдірді.

«Бүгін мен жаңа министрмен таныстым. Кездесу кезінде біз дін саласындағы бірқатар мәселелерді талқыладық. Шыны керек, бүгінде Қазақстандағы дінаралық келісім мен ұлтаралық достық көптеген мемлекеттерге үлгі болып отыр. Бұл – талай жылдар бойы қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынас моделі. Көрші елдер оған таңғалып қарайды. Біз Президенттің қазіргі салиқалы саясаты үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңадан құрылған министрлік те ортақ іске өз үлесін қосады деп сенеміз», - деді метрополит.

Өз сөзінде Н.Ермекбаев қоғамның руханиятын арттыру, елге, халыққа деген сүйіспеншілікке, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды құрметтеуге тәрбиелейтін шынайы рухани құндылықтарды түсіндіру, сондай-ақ халықтың бойында дін атын жамылған радикалды идеологияларға қарсы тұратын иммунитетті қалыптастыру мәселесін ерекше атап өтіп, діни бірлестіктердің осы саладағы жұмысына тоқталды.

Айта кетейік, күні кеше ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеровпен кездескен болатын.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-dini-birlestikterini-mindeti-o-amny-ruhaniyatyn-arttyru-bolyp-sanalady-ermekbaev-713487](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-dini-birlestikterini-mindeti-o-amny-ruhaniyatyn-arttyru-bolyp-sanalady-ermekbaev-713487)