---
title: "Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тонна астық экспорттайды – Елбасы"
description: "Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тонна астық экспорттайды, деді Ауғанстан Ислам Республикасының Президе..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-11-21T06:32:00+00:00"
modified: "2015-12-02T00:32:57+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-au-anstan-a-600-my-tonna-asty-eksporttaydy-elbasy-651782"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-au-anstan-a-600-my-tonna-asty-eksporttaydy-elbasy-651782/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тонна астық экспорттайды – Елбасы

> Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тонна астық экспорттайды, деді Ауғанстан Ислам Республикасының Президе...

Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тонна астық экспорттайды, деді Ауғанстан Ислам Республикасының Президентi Мұхаммед Ашраф Ганимен кездесу барысында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев.

«Біздердің кездесуімізде елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты жандандыру, достық, сенім жағдайын көтеру мәселелері қаралды. Өйткені тұрып жатқан өңіріміз біреу. Бәріміздің салтымыз, ғұрпымыз, экономикамыздың түрі, жағдайы бірдей. Сондықтан біз сізбенен бүгін үлкен, тереңдетілген келіссөздер жүргіздік.Келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты мәселелер талқыланған. Сонымен қатар екі елдің экономикалық қарым-қатынасын жандандыруға баса назар аударылған. Қазіргі 400 млн. долларға жетпейтін сауда ол әрине, өте аз. Сондықтан біз сізбенен ол жөніндегі көптеген мәселелерді келістік», - деді Елбасы.

Қазақстан Ауғанстанға 600 мың тоннадан артық бидай экспорттайтын болады.

«Осы жылдар ішінде ауған елінің қиын-қыстау жағдайына байланысты Қазақстан әр уақытта да бауырлық көмегін көрсетіп отырды. Біз осы кезең ішінде 20 млн. долларға жуық гуманитарлық көмек көрсеттік», - деді Елбасы.

«Қолымыздан келген көмекті әрі қарай да елдің экономикасы өркендеуі үшін жасай беретін боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, кездесу барысында «Ауғаныстан аймағындағы геологиялық барлау; Ауғанстан ішіндегі жағдай. Орталық Азия елдеріне төнетін қандай қауіп бар, біздің қауқарымыз. Біздің құқық қорғау органдарымыз лаңкестік кезінде бірлесіп қалай жұмыс істемек».

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан мамандары Ауғанстан жерінде геологиялық барлауы жұмыстарына атсалысатын болады.

Осы орайда, кездесу барысында ҚР Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасында мәдениет, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша келісімдерге қол қойылды.

«Орталық Азия өңірі мен Ауғанстанның ежелден ортақ бай мәдени және тарихи құндылықтары бар. Мен Сіздің елде болып жатқан оқиғаларды жақсы білемін. Біз кезінде бұрынғы Президент Х.Карзаймен көп ынтымақтастықта болдық. Қазақстан Ауғанстанды тұрақтандыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің елге гүлденген Ауғанстан керек, біз осындай елмен жақын қарым-қатынас орнатқымыз келеді»,– деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде Ауғанстан кезігіп отырған қиындықтар мен тәуекелдерге Қазақстанның терең түсіністікпен қарайтынын айтты.

«Соңғы жылдары тұрақтану үдерісі байқалып отыр, біз бұған қуаныштымыз. Сіз бүкіл халықты біріктіріп, ұлттық бірлік үкіметін құруға талпынып отырсыз. Бұл – маңызды ниет және оны біз қолдаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

М.Ғани өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен табыстарына назар аударды.

«Сіз «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялағаныңызда, әлемде оған көп ешкім сенбеді. Алайда Сіздің басшылығыңызбен және жан-жақты әрі жедел қабылданған шаралардың арқасында жария етілген мақсаттарға қол жеткізіліп қана қоймай, олар асыра орындалды да. Қазақстанда осылайша жүзеге асқан өзгерістер бүкіл өңірге жарқын үлгі бола алады. Осыған байланысты Сіздің 1997 жылы айтқан «Кеше әлі ерте болатын, ал ертең кеш болуы мүмкін» деген сөзіңізді еске алғым келеді», – деді Ауғанстан Президенті.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/28613/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-au-anstan-a-600-my-tonna-asty-eksporttaydy-elbasy-651782](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-au-anstan-a-600-my-tonna-asty-eksporttaydy-elbasy-651782)