---
title: "Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы әскерлері — ең үздік!"
description: "Бүгін Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алты..."
author: "minoboronyRK"
published: "2013-07-13T03:04:16+00:00"
modified: "2013-07-13T03:04:16+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-aruly-k-shterini-arnayy-ma-satta-y-skerleri-e-zdik-362980"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-aruly-k-shterini-arnayy-ma-satta-y-skerleri-e-zdik-362980/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы әскерлері — ең үздік!

> Бүгін Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алты...

**

![Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы әскерлері — ең үздік!](http://www.mod.gov.kz/mod-kz/images/stories/13072013/2.jpg)

Бүгін Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы барлау топтарының «Алтын Үкі» халықаралық жарысы аяқталды. Жарыстың салтанатты жабылуына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысты. **

– «Алтын үкі» халықаралық жарысын өткізу оған қатысушы елдер қарулы күштерінің барлау топтары үшін үлкен маңызға ие, – деді Қорғаныс министрі. – Осы жерге Қазақстан, Ресей, Иордания, Қытай және Тәжікстан қарулы күштерінің барлау топтары жиналды. Әскери қызметшілер әділ тартыспен өткен күресте жарысып қана қойған жоқ, бір-бірінен үйреніп, өзара тәжірибе алмасты.

Барлау бөлімшелерінің жарыс барысындағы жұмыстарын саралаған Әділбек Жақсыбеков сайыста көшбасшы болған Қазақстан Қарулы Күштері барлау командасының кәсібилігіне жоғары баға берді. Екінші орынды Қытай халықтық азат ету армиясының барлау тобы иеленсе, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің өкілдері үшінші орынды бағындырды.

Бес күнге созылған жарыста барлаушылар жоғары дене даярлығы деңгейін және атыс дайындығын, мина жару ісіндегі, әскери-медициналық және радио даярлық бойынша білімдерін, таныс емес жерде бағдарлау және картамен жұмыс істей білетіндіктерін дәлелдеді.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Олар бірінен соң бірі демалыссыз өткізілді. Бұл өз кезегінде қатысушылар үшін төзімділік сынағы болды.

Алдымен, барлау топтарына үш шақырымнан тұратын «барлаушы жолағынан» өтуге тура келді. Ол қабырға, тікенек сымдар, жартастар және су кедергілері сияқты елуден астам элементтен тұрады. Кедергілер жолағынан өту барлаушылардан айтарлықтай дене даярлығы мен психологиялық даярлықты, ептілік пен шыдамдылықты талап етті.

Сынақтың алғашқы кезеңінде барлау топтары түнгі жағдайда 30 шақырымдық марш жасап, арнайы іс-шаралар орындайтын ауданға шықты. Жарыстың шешуші кезеңін барлаушылар қару-жарақпен 10 шақырымдық марш жасаумен аяқтады.

Қорғаныс ведомствосының басшысы осыдан аз уақыт бұрын Қазақстан Қарулы Күштерінің барлау топтары дайындалатын оқу орталығында болған. Сапар барысында министр орталықтың инфрақұрылымы және материалдық базасымен танысып, барлаушылардың дайындық әдістері мен жүйесіне баға берген. Әділбек Жақсыбеков барлау топтарының Қарулы Күштер құрылымында айрықша орын алатынын, оларға жауынгерлік және кәсіби дайындықта, жеделдік пен ұтқырлықта жоғары талаптар қойылатыны атап өтті.

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-aruly-k-shterini-arnayy-ma-satta-y-skerleri-e-zdik-362980](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-aruly-k-shterini-arnayy-ma-satta-y-skerleri-e-zdik-362980)