---
title: "«Қазақстан 30 жылда қалай өзгерді?»"
description: "«Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың..."
author: "mangystau.nurotan.kz"
published: "2020-11-06T11:19:50+00:00"
modified: "2020-11-06T11:19:50+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-30-zhylda-alay-zgerdi-871330"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-30-zhylda-alay-zgerdi-871330/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Қазақстан 30 жылда қалай өзгерді?»

> «Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың...

«Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі – Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу» - деп еске алады Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңнің күрмеуі көп жылнамасын Елбасының өзі «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында.

Иә, шынында да күні кеше сияқты еді. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен сәтте ертеңіміз не болады деген сұрақ барша халықтың көкейінде тұрды. Бірақ, Елбасыдай білікті басшының, оның ізінен ере білген білімді үзеңгілестерінің арқасында Қазақстан бүгінде әлем танымастай өзгерді. ТМД елдерінің ішінде экономика, саясат, халқының әлеуеті, елінің біртұтастығы жағынан оқ бойы озық тұр десек те артық айтқандық болмас.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған ең алғашқы әрі батыл шешімдердің бірі – ол 1991 жылдың 28 тамызындағы Семей полигонын жабу туралы Жарлық еді. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Н.Назарбаевтың осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды. Бұл осыдан тура 70 жыл бұрын құрылып, 40 жыл бойы Қазақ даласын қансыратқан алапат сынақ алаңына қойылған нүкте еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының бейбітсүйгіш, тыныштықты жаны қалайтын, алаңсыз халық екенін танытқан әлемдік қадамы.

Азаттық алған алаш жұрты сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын алғашқы күннен бастап танытты. Сол арқылы алыс-жақын шетелдермен саяси-ынтымақтастықта, тату көршілік бауырластықта араласатынын аңғартты. Бұл қадамда Қазақ елі БҰҰ-ға мүшелікке өтті. Ұлтытқ рәміздер қабылданып, қарулы күштер құрылды. 1992 мен 2001 жылға дейін жалғасқан елдің шекарасы толық бекітілді. Жастарға «Болашақ» бағдарламасы қабылданып, елде дүние жүзінің басын біріктірген қысқы азиада, универсида ойындары өтті. Алты құрлықты таңқалдырған «Экспо» көрмесі де 2017 жылы елорданың төрінен орын тепті.

30 жыл - Қазақ елінің дамып, кемелдену уақыты. Қалалар құрылысы жанданып, ел астанасы жаңадан салынды. Қазір Нұр-Сұлтан әлем жұртшылығы таңдана да тамсана қарайтын сұлу қалалардың біріне айналды. Бірақ бұл бастамасы ғана. Алда әлі талай жоспар мен арман-тілек бар. Бұйырса, аздаған жыл ішінде әлемнің алпауыт мемлекеттерінің қатарынан орын алып, Мәңгілік ел атанамыз! Тек осы жолда жастарға құйылатын білім инвестициясын аямау керек.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-30-zhylda-alay-zgerdi-871330](https://yvision.kz/kk/post/aza-stan-30-zhylda-alay-zgerdi-871330)