---
title: "Қайта тірілген күшік, жарғанат-мысық және кішкентай ғалым-пысық"
description: "Әлі есімде бастауыштан «босап» шығып, мектептің бел буынына қосылған тұста кішкентай қара-ала күш..."
author: "aliziyadin"
published: "2012-10-11T09:40:15+00:00"
modified: "2012-10-12T12:51:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ayta-tirilgen-k-shik-zhar-anat-mysy-zh-ne-kishkentay-alym-pysy-295677"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ayta-tirilgen-k-shik-zhar-anat-mysy-zh-ne-kishkentay-alym-pysy-295677/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қайта тірілген күшік, жарғанат-мысық және кішкентай ғалым-пысық

> Әлі есімде бастауыштан «босап» шығып, мектептің бел буынына қосылған тұста кішкентай қара-ала күш...

![Frankenweenie_poster](http://kinostan.kz/images/stories/Frankenweenie_poster.jpg)

Әлі есімде бастауыштан «босап» шығып, мектептің бел буынына қосылған тұста кішкентай қара-ала күшікке қолым жеткен-ді. Шыр айналып, зырылдауықша жүгіріп жүрген сол күшік аяқ асты ауырып, өледі-ау деп жатқан кезінде әжептеуір қиналғаным бар.

Кино саласында тентектеу, елден еректеу стилімен көзге түсіп жүретін **Тим Бертонның** «**[Франкенвини](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1211:-frankenweenie&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» анимациялық туындысын көріп отырып сол Тарзанды (бағанағы күшік қой) есіме түсірдім. Мектеп оқушысы мен иесіне берілген **Спарки** туралы фильм залдағы біраз елдің де ойына оу заманда қалып кеткен ит-мысықтарын оралтса керек, «The end-пен» қатарласа тұрған жұрт дабырласа күліп, көздері жылтырап залдан шығып бара жатты.

Әйткенмен, алыс Америка құрлығының прокатына бізден бұрын шығып, көптің көңіліне жақпай қалған «**[Франкенвини](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1211:-frankenweenie&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» жалпы әлемде [табыс табудан титықтап](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1220:q-2q-qq-&catid=67:2011-10-13-04-37-32&Itemid=83) жатыр. Қазақстандағы қал-жағдайы қандай боларын уақыт көрсетер.

![Frankenweenie_1](http://kinostan.kz/images/stories/Frankenweenie_1.png)

Дос атаулыдан жұрдай оқушы **Виктор Франкенштейн** қағынғыр көлік жүргізушісінің кесірінен күшігінен айрылған соң, көп сөзді ысырып қойып **Спаркиді** тірілтуге кіріседі. Үйінің төбесін кішігірім Ұлттық ғылым орталығына айналдырып алған бас кейіпкер күшігін ана жерін бір жамап, мына жерін бір тігіп «бір Құдайдың күшімен», найзағайдың ісімен бұл өмірге қайтарады. Ә дегенде алабажақ ит арылдаған зомби болар деп ойлағам, сөйтсем жоқ, қорек қылары сүйек емес, электр қуаты демесеңіз «әп-әдемі» **Спарки** ойнақтап шауып кетті.

Қайбір кездері келмеске кеткендей болған қуыршықтардың көмегімен анимациялық фильм түсіру әдісі бертондық «**[Франкенвини](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1211:-frankenweenie&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)ге**» әлдебір жаңашылдық сыйлаған екен. Әлде бала түгілі, ересек адамның ойы мен жанын біртүрлі сезімге «бөлеп» қоятын атмосфера, әлде қызылды-жасылды кино көріп үйренген көздің ақ-қара туынды қарап шошынуы, әйтеуір соңғы рет «**Қалыңдық мүрдесі**» (ол да сол **Тим Бертонның** еңбегі) сыйлаған әсер қайта оралды.

![Frankenweenie_2](http://kinostan.kz/images/stories/Frankenweenie_2.png)

Түпнұсқасын көрмеген соң туындыны дыбыстаған актерлардың қаншалықты шебер сөйлегеніне/ән салғанына/шыңғырғанына/қышқырғанына баға бере алмаймын, бірақ бізге жеткен ресейлік дубляжды кейбір күңгір дауыстарын есепке алмай «жаман емес» деп мақтап қоюға болады.

«**[Франкенвини](http://www.kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1211:-frankenweenie&catid=16:2011-03-30-11-50-53&Itemid=31)**» – қарама-қайшы сезімдердің құйрығынан ұстатып кете беретін фильм. Бір жағынан, бір шөкім мейірім туғызатын күшік, әке мен шешенің алақанға салып әлпештеген ұлы, жаңа-жаңа тұтана бастаған жасөспірімдік сезім туралы әп-әдемі анимациялық туынды. Екінші жағынан қарасаң, кей тұсы «мен хоррормын» деп кердең басатын біраз фильмді еріннен ұрып, жақтан салып, сақ-сақ күліп кете баратын қорқынышты дүние. Көзі бақырайған мысықты қияли қыз, тісі қисық бүкір оқушы, готикалық аура, үй жануарларының моласы – келісіңіз, «**Маша мен аюды**» көріп үйреніп қалған балаға көрсететін кадрлар емес.

![Frankenweenie_4](http://kinostan.kz/images/stories/Frankenweenie_4.jpg)

Әрине, **Тим Бертонның** ертегі-әлемдік қиялына кеңсенің шаңын жұтып отырған біз ілесе алмаймыз. Бір баласын ертіп, енді біреуін көтеріп «мультик көрсетем, мультик көрсетем» деп барған әке-шешенің де сеанстан соң **Хелена-Бонем Картер** күйеуін боқтауы ғажап емес. Бәлкім, оу баста прокатқа анимациялық туынды демей, хоррор жанрындағы фильм деп шығарса біздің моральдік-психологиялық дайындығымыз да басқаша болар ма еді, кім білсін...

Не деген күнде де қара әзілді ұнататын немесе **Бертонның** фильмдерін жібермей көретін елге қызық болар туынды шығып жатыр. Попкорн құшақтап көріп қайтамын деген жұртқа да таптырмас дүние-ау, шамасы...

![Frankenweenie_3](http://kinostan.kz/images/stories/Frankenweenie_3.jpg)

Керек дерек: дәл осындай сюжетпен, дәл осы **Тим Бертонның** қысқаметражды фильмі дәл осы атаумен сонау **1984 жылы** жарық көріпті. Алайда, **Диснейдің** ақсақал-көксақалы киноны балаларға көрсетуге болмайды деп шешіп, **Бертонның** өзін ақшаны орынсыз шашты деген желеумен жұмыстан қуып шыққан екен. Өмір алма-кезек: **2007 жылы Дисней студиясы** режиссерге «сол фильміңді қайта түсіріп берші» деп «әке-көкелесе» керек. Қызық негізі...

P.S. **Спаркиден** бір артықшылығы менің Тарзаным күшігінде тірі қалған болатын. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақалды құлағына құйып өскеннен бе, бертінде бір жоққа жоғалып тынды.

P.P.S. Жарғанат-мысық туралы өздеріңіз қарап аларсыздар:)

**

*[Киностан](http://kinostan.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=1237:2012-10-11-15-20-17&catid=35:2011-04-06-05-23-48&Itemid=14)*

*Дінмұхамед Зиядин*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ayta-tirilgen-k-shik-zhar-anat-mysy-zh-ne-kishkentay-alym-pysy-295677](https://yvision.kz/kk/post/ayta-tirilgen-k-shik-zhar-anat-mysy-zh-ne-kishkentay-alym-pysy-295677)