---
title: "Аязға қалған жолаушыларға полицейлер көмекке келді"
description: "Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты, СҚО ІІД басшылығы жол-патрульдік полициясына қала..."
author: "dvd_sko"
published: "2014-01-06T04:49:12+00:00"
modified: "2014-01-06T04:49:12+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ayaz-a-al-an-zholaushylar-a-policeyler-k-mekke-keldi-394403"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ayaz-a-al-an-zholaushylar-a-policeyler-k-mekke-keldi-394403/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Аязға қалған жолаушыларға полицейлер көмекке келді

> Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты, СҚО ІІД басшылығы жол-патрульдік полициясына қала...

![Аязға қалған жолаушыларға полицейлер көмекке келді](https://storage.yvision.kz/images/user/dvd_sko/UqptlItvhfDaOyb2hwMKbA83H1Vh4N.jpg)

**Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты, СҚО ІІД басшылығы жол-патрульдік полициясына қала сыртындағы жолдарды бақылауды тапсырған еді. Нәтижесінде, өткен жексенбіде әмбебап полицейлердің ТЖД қызметкерлерімен бірлескен жұмыстары арқасында, Ақ қайың ауданының «Астана-Петропавл» тас жолында аяз салдарынан істен шыққан, қала аралық автобус жүргізушілері құтқарылды.**

«Петропавл-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар көлігі Рублевка селосы маңында, республикалық трассаның 414 шақырымында 5 қаңтарда кешкі уақыттарда істен шыққан болатын. 45 жолаушының арасында кәмелеттік жасқа толмағандар және екі автобус жүргізушісі болды. Жүргізушілердің айтуынша, ажырату механизмі ақау танытқан сыңайлы. Сондықтан жолаушыларды құтқару үшін Петропавлдан екінші автобус дереу шақырылды.

Істен шыққан автобус белгіленген трассаның учаскесін патрульдеп жүрген жол-патрульдік полиция экипажының көзіне түседі. Оқиғаның мән-жайын анықтаған тәртіп сақшылары тез арада ыстық тамақ ұйымдастырып, түні бойы жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

![Аязға қалған жолаушыларға полицейлер көмекке келді](https://storage.yvision.kz/images/user/dvd_sko/1C4blO6OIaxn2QEJwf7AdcdWI9hglV.jpg)

СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының жол-патрульдік полиция инспекторы, полицияның аға сержанты Александр Ушаковтың хабарлауынша, аяздардың түсуімен солтүстік аймақтарда көліктердің істен шығуы, жанармайларының қатуы оқиғалары жиі кездеседі. Орын алған оқиға соның бір көрінісі. Абырой болғанда, барлық жолаушылар құтқарылып, көздеген бағыттары бойынша басқа автобусқа отырғызылды.

Қала сыртындағы облыс жолдарында температураның төмендеуі салдарынан жолаушылар көлігінің істен шығу фактісі, жыл басталғалы алғаш рет тіркелді. Әмбебап полицейлер болса, тас жолдарды бақылауларын жалғастыруда.

**Жан Айтмағанбетов,**

**СҚО ІІД баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ayaz-a-al-an-zholaushylar-a-policeyler-k-mekke-keldi-394403](https://yvision.kz/kk/post/ayaz-a-al-an-zholaushylar-a-policeyler-k-mekke-keldi-394403)