---
title: "Attention! Әлеуметтік желілер!"
description: "Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, бірақ кейбіреулеріміздің таңы «Мой мирмен» атады, ал күні «Faceboo..."
author: "Arsik"
published: "2009-07-24T12:02:38+00:00"
modified: "2009-07-24T12:02:38+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/attention-leumettik-zheliler-14748"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/attention-leumettik-zheliler-14748/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Attention! Әлеуметтік желілер!

> Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, бірақ кейбіреулеріміздің таңы «Мой мирмен» атады, ал күні «Faceboo...

![Attention! Әлеуметтік желілер!](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/dFEUzfZv7SCyiv1Qw1Dh1lKa7T5722.jpg)

Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, бірақ кейбіреулеріміздің таңы «Мой мирмен» атады, ал күні «Facebook» сындылармен бататыны өтірік емес. Соңғысы (мүмкін, біріншісі де) маркетинг құралына айналғаны да осыдан шығар. Әлеуметтік желілердің арқасында/кесірінен өмірімізде түрлі қызықтар болып жатады, оның ішінде күлдіртетіні де, жылататыны да бар. Мысалы, осыдан бірнеше ай бұрын фитнестегі екі қыздың арасындағы әңгіме әлі есімде (әдейі тыңдағаным жоқ, дәл қасымда тұрып сөйлесіп тұрғасын... :)). Біреуі екіншісіне жігітінің «Вконтактедегі» парақшасына кіріп, басқа қыздың оған жазған неше түрлі хабарламаларын оқығаны туралы жылаааап тұрып айтқан сцена. Сүйіктісін қызғанды ғой деймін, әйтеуір аяп кеттім бишараны. Енді ол қарапайым тұрмыстық жағдай, ал интернетті кезіп жүріп, одан да шытырман сюжеттерге куә болғандар бар.

Facebook-пен байланысты мынадай оқиға (кей жерлері өтірік сияқты, бірақ The daily telegraph жалған сөйлей ме?): 2008 жылы қыркүйекте жол полиция инспекторы 96 км/сағ шектеуі бар жолмен сағатына 135 километр жылдамдықпен мотоциклда келе жатқан екі адамды ұстап алған еді. Полиция қызметкері жүргізушілердің біреуіне айыппұл қағазын жазып тұрғанда, екіншісі кері жаққа бұрылып, жоқ болып кетті. Кейін инспектор видеокамера жазбасы арқылы мотоциклдің нөмірін анықтап алады. Мотоцикл иесі Дэвид Кокс болып шығады. Алайда, Дэвидтің айтуынша, мотоциклды жүргізген өзі емес, АҚШта тұратын танысы екен. Инспектор Марк Мюллинс американдық полиция қызметкерлеріне бұл хабарды жеткізгеннен кейін Кокстың танысы табылды, бірақ қылмысқа еш қатысы жоқ екенін дәлелдеді. Қалай? Ол Дэвид Кокстың Facebook-та жол жүру ережесін бұзған күні мотоциклмен түскен фотосын көрсетті. Нәтижесінде сот шешімімен Кокс жалған сөйлегені үшін 3 айға қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан бір жылға айырылды.

![Attention! Әлеуметтік желілер!](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/HZe15K1UWZ3a8D8Cal2bm49LFGkQS1.jpg)

Осы сервиске байланысты тағы бір оқиға Ұлыбританияның Жасырын тергеу қызмет басшысының отбасымен байланысты. Джон Соерстың әйелі Шелли өз профилінде отбасы жайында ақпарат жариялап, барлау басшысы болып қызмет атқарып жүрген күйеуінің фотоларын да жүктеген. Осы ақпаратқа еш шектеу қойылмады, яғни кез келген адам осы мәліметтерді көре алды.

Ал YouTube көмегімен Оксфорд соты 28 жастағы мотоциклист Сандор Ференчиді жауапқа тартты. Мотоциклисттің досы 210 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан видеоны жариялап, ойда жоқта сотқа дәлелдеме жасап берді. Ақыры, Сандор 12 аптаға қамауға алынды.

![Attention! Әлеуметтік желілер!](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/q55EHIQ8w18QAq4n0S134t2MKvoIeH.jpg)

Францияның автожүргізушілері де YouTube арқылы көзге түсті. Лоик атты жүргізуші сервиске барлық мәліметтерін жариялады (сірә, полиция қиналмас үшін): атын, автомобильдің маркасын, 225 км/сағ жылдамдықпен жүріп келе жатқандығын да. Сонымен қатар, видеода жүргізушінің қай трассамен келе жатқаны да анық көрінді.

Осыған ұқсастау жағдай: бір таныс бала «Вконтакте» фотоальбомына 200 км/сағ-тан асып бара жатқан жылдамдықты көрсеткен спидометрдің суретін жариялап (мақтанамын дегені ғой), кейін жолполицияда жұмыс істейтін әкесі осы фотоны көріп, ... Айта берсең көп қой, сіз де осындай жағдайларды білетін шығарсыздар. Жастық, ақымақтық қой... Дегенмен де, әлеуметтік желілерге фотоларды, не басқа ақпаратты енгізген кезде абай болу керек екенін тағы есте сақтау керек!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/attention-leumettik-zheliler-14748](https://yvision.kz/kk/post/attention-leumettik-zheliler-14748)